«Жарық шашатын қыз» - Ху Юэ

(Онлайн Халық Газеті)2022 жыл 31 мамыр

31 мамыр, онлайн «Халық Газеті» -- Соңғы уақытта «жарық шашатын қыз» желі қолданушыларының назарын аударды. Бұл Ху Юэ есімді «жарық шашатын қыз» Вэньчуань жер сілкінісі кезінде алған жарақатына байланысты аяғынан айырылған. Қашан да көңілді жүретін Ху Юэ өзіне жарық шашатын аяқ жобалап, жұртты таңғалдырды.

 

2008 жылы Вэньчуань жер сілкінісі кезінде небәрі 12 жастағы Ху Юэ құтқарылғанда, оның ауыр жарақатына байланысты аяғын кесуге тура келді. Шектеулі жағдайға байланысты Ху Юэ: «Ота жасаған кезде мен ояу болдым және дәрігердің ота жасау барысындағы әрбір қадамын сездім»,- дейді өткенді еске алып.

Аяғы кесілгеннен кейін Ху Юэ айналадағылар өзіне басқаша қарайды-ау деп көңілсіз ойға берілді. 2018 жылы ол алғаш рет қысқа шалбар киді. Ал оның бойындағы үлкен өзгеріс биылғы жылдың наурыз айында, яғни Ху Юэ 2022 жылғы Бейжіңдегі қысқы Паралимпиада ойындарының ашылу салтанатында өнер көрсетуге шақырылған кезде басталды. Ол: «Мен ампутациядан зардап шеккен көптеген жандарды кездестірдім. Соның ішінде Ся Боюй атамыз бар. Қарт адамның аяғынан айырылғаннан кейін де, Джомолунгма(Эверест)шыңына көтерілгені маған үлкен шабыт сыйлады. Менің аяғынан айырылғандардың да көп нәрсені жасай алатынына, өзімнің де көкейімдегі арманымды орындай алатыныма, басқалардың оқшау көзқарасына мән берудің қажеті жоқ екеніне көзім жетті», - дейді.

Ху Юэ өмірде жадырап жүргенді, спортпен шұғылданғанды ұнататын қыз. Скейтборд тебуді, би билеуді және басқа да спорт түрлерімен айналысуды ұнатады. Ол «Мен аяғыммен скейтбордта тұрғанда жел келіп жүзімді өпсе, өзімді өте еркін әрі жайлы сезінемін. Содан тоқтаусыз сырғанап, кез келген жерге жеткім келеді», - дейді.

 

Ху Юэ «Жарақат алсам да, мен үнемі бақытымды спорттан іздедім»,- деп өзгелердің өзіне аяушылықпен қарауын ұнатпайтынын айтты. Жігерлі жанның тағы да армандары бар: болат аяқпен суға жүзу, парашютпен секіру, барша әдемі көріністерді көру.

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото