Қазпошта ауыл тұрғындарына жаңа сервис ұсынады

(Онлайн Халық Газеті)2021 жыл 28 маусым
Қазпошта ауыл тұрғындарына жаңа сервис ұсынады
Қазпошта ауыл тұрғындарына жаңа сервис ұсынады

Ұлттық пошта операторы және ірі интернет-провайдер клиенттер үшін жаңа сервистерді дамытады. «Қазпошта» АҚ және «Кселл» АҚ басшылары ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Меморандум аясында қолға алынатын барлық жобалар бірінші кезекте ауылдар мен аудан орталықтарында тұратын қазақстандықтардың қажеттіліктерін өтеуге бағытталған.

Елді мекен тұрғындары Қазпоштаның жергілікті бөлімшелері арқылы смартфондарға тапсырыс беру мүмкіндігіне ие болады. Оларға қажетті гаджеттерді қолма-қол ақшаға және бөліп төлеу арқылы сатып алудың тиімді шарттары ұсынылады.

Сонымен бірге тұрғындар Post.kz сайты немесе мобильдік қосымшасы арқылы Kcell интернет-дүкенінен тауарларға тапсырыс беру мүмкіндігін иеленеді. Оны Қазпошта еліміздегі кез келген өңірге және шалғай ауылдарға жеткізеді. Ұлттық пошта операторы агенттік және пошталық қызмет арқылы ауыл тұрғындарына цифрлық өнімдерге тең қолжетімділікті қамтамасыз етеді.

«Қазпошта цифрлық трансформация аясында қызметтерді жетілдіруге және электрондық сауданың әлеуетін дамытуға басымдық беріп отыр. Оған біздің және әріптесіміздің ресурстар синергиясы де септігін тигізеді. Маркетплейстер, Fullfilment-орталықтар және пошта-логистикалық қызметтер негізінде бірлесе әрекет ету арқасында толық кешенді сервистің экожүйесі қалыптасады. Бұл ретте бірінші кезекте ауыл мен аудан тұрғындарына қолайлы жағдай жасауға назар аударылған. Бүгінде біздің сайтымызда және мобильді қосымшамызда «маркетплейстер витринасын» қалыптастыру бағытында белсенді жұмыстар жүргізілуде. Оның арқасында шалғай ауылдың тұрғындары өздеріне қажетті тауарларды таңдап, олардың жеткізілуіне тапсырыс бере алады», - деп атап өтті «Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасы Қанат Алпысбаев.

«Біз еліміздің барлық тұрғыны үшін бұдан да қолжетімді және ыңғайлы болуға ұмтыламыз. Пандемияның ауыр кезеңінде біз онлайн сатуға ерекше көңіл бөлдік және қателеспедік, өйткені бұл біздің абоненттер үшін өте қажетті әрі ыңғайлы қызмет болып шықты. Егер бұрын онлайн сатып алуды негізінен ірі қалалардың тұрғындары жасаса, қазір бізде ауылдық жерлерден сатып алушылар көбейіп келеді. «Kcell» қатысатын «250 +» жобасының арқасында мобильді кең жолақты интернет 250 адамнан тұратын Қазақстан ауылдарына келеді, енді ауыл тұрғындары онлайн қызметтерді қала тұрғындарымен бірдей пайдалана алады. Ал біздің «Қазпоштамен» ынтымақтастығымыздың арқасында тауарларды еліміздің ең шалғай елді мекендеріне жеткізу барынша қолжетімді, тезірек және сенімді болады. Біз үшін абоненттеріміздің өздерін жайлы сезінуі өте маңызды және біз сервистеріміздің деңгейін көтеру бойынша үнемі жұмыс істеудеміз», - деп атап өтті Kcell CEO Юрий Харламов.

Ұлттық пошта операторы және интернет-провайдер биылғы жылдың соңыңа дейін жаңа қызметті іске қосады. Оның арқасында ұялы телефондағы қаржыны Post.kz арқылы Қазпоштаның кез келген төлем картасына аудару мүмкіндігі ұсынылады.

(Редактор:Shixi,Deng Jie)

Фото