Қазақстанда балық өсіру жылына 270 мың тоннаға дейін ұлғайтылмақ

(Онлайн Халық Газеті)2021 жыл 29 маусым
Қазақстанда балық өсіру жылына 270 мың тоннаға дейін ұлғайтылмақ
Қазақстанда балық өсіру жылына 270 мың тоннаға дейін ұлғайтылмақ

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Нариман Жүнісов тиісті бағдарлама аясында балық өсіру қандай деңгейде ұлғайтылатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы 2020 жылғы қыркүйектегі жолдауында балық шаруашылығына ерекше мән беру керектігін атап өтті. Осыған орай балық шаруашылығын дамыту мәселелері Үкіметтік деңгейде бірнеше рет қаралды. Нәтижесінде, балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы бекітілді. Бағдарламада қолда бар әлеуетті ескере отырып, 2030 жылға қарай өсірілген балық көлемін жылына 270 мың тоннаға дейін ұлғайту міндеті қойылған. Өсіру көлемін ұлғайту балық өсіруге жарамды су айдындарын пайдалану, сондай-ақ жаңа инвестициялық индустриялық балық өсіру жобаларын іске асыру және жұмыс істеп тұрған шаруашылықтарды жобалық қуатына дейін жеткізу есебінен жоспарланып отыр», - деді Н. Жүнісов Орталық коммуникациялар қызметінде.

Оның айтуынша, 2030 жылға дейін 1283 жаңа балық өсіру шаруашылығы құрылады және жұмыс істеп тұрған 288 шаруашылықтағы өсіру көлемі ұлғайтылады. Жобалар әр өңірдің ерекшеліктеріне қарай бөлінді және жергілікті атқарушы органдар бекіткен балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламаларында көрсетілді.

«Қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін 10 жыл ішінде 340 млрд теңге жеке инвестициялар тарту және мемлекеттік бюджеттен шамамен 200 млрд теңге бөлу көзделіп отыр. 2021 жылы жұмыс істеп тұрған балық өсіру шаруашылықтары есебінен 12,8 мың тонна балық өсіру жоспарланған. Жыл басынан бері 7,6 мың тонна тауарлы балық өсірілді», - деді комитет басшысы.

(Редактор:Shixi,Deng Jie)

Фото