Президент тапсырмасы: Биыл Нұр-Сұлтанда 10 мың әлеуметтік пәтер салынады

(Онлайн Халық Газеті)2021 жыл 1 шілде
Президент тапсырмасы: Биыл Нұр-Сұлтанда 10 мың әлеуметтік пәтер салынады
Биыл Нұр-Сұлтанда 10 мың әлеуметтік пәтер салынады

Биыл Нұр-Сұлтанда жеңілдікпен берілетін 10 мың әлеуметтік пәтер тұрғызылады. Тек соңғы үш жылдың ішінде қолжетімді тұрғын үй саны 5,5 еседен астамға ұлғайды.

Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қала тұрғындарының маңызды және өзекті мәселелерінің бірі – тұрғын үй. Президент тапсырмасымен жеңілдікті қолжетімді тұрғын үй құрылысын арттыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізудеміз. Мысалы, 2018 жылы 1800 әлеуметтік пәтер, 2019 жылы – 2 900 әлеуметтік пәтер салынса, 2020 жылы –7 000-нан астам пәтер салынып, пайдалануға берілді. Биыл бұл көрсеткішті 10 мыңға жеткізуді жоспарлап отырмыз», - деді А. Көлгінов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, жақында кезекте тұрған әлеуметтік осал топтағы 400-ге жуық тұрғынға пәтер кілттері беріледі. Қолжетімді баспана барлық аудандарда салынып жатыр.

«Одан бөлек, тұрғын үй сертификаттарының сомасы 1 млн теңгеден 1,5 млн теңгеге дейін ұлғайтылды, қазақстандық тұрғын үй компаниясының (ҚИК) бағдарламасында қатысушылар санаты кеңейтілді: медицина қызметкерлері, педагогтар, әлеуметтік қызметкерлер, өрт сөндірушілер, тәртіп сақшылары, мәдениет және спорт қайраткерлері қатыса алады. Сондай-ақ, Елбасының бастамасымен қолға алынған «Жұмыс істейтін жастарға арналған жалға берілетін баспана» бағдарламасы биыл да жалғасады. Осы бағдарлама аясында жыл соңына дейін тағы мыңнан астам жастар баспаналы болады. Осы мың пәтерден бөлек, биыл жыл басында 350 жасқа пәтер кілті тапсырылған болатын. Сол сияқты 2021 жылы жастар үшін арнайы тұрғын үй бағдарламасы іске қосылады», - дейді А. Көлгінов.

(Редактор:Shixi,Deng Jie)

Фото