180-нен астам демалыс орны бар Алакөл жағалауында туристік полиция қызмет етеді

(Онлайн Халық Газеті)2021 жыл 7 шілде
180-нен астам демалыс орны бар Алакөл жағалауында туристік полиция қызмет етеді

Шығыс Қазақстан облысында туристік полиция қызметкерлері 200-ден астам әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, өңірде жергілікті полиция қызметі құрамында туристік полиция құрылған. Ондағы тәртіп сақшыларының негізгі міндеті - қиын жағдайға тап болған туристерге жәрдем көрсету. Сондай-ақ олар туристік маусым кезеңінде (15 маусымнан 30 тамызға дейін) Алакөлдің жағалауында туристік объектілердің аумағын патрульдеп, туристердің өмірін, мүлкін қорғайды.

Бүгінде Алакөл жағалауында 180-нен астам демалыс орны мен 65 қызмет көрсету және сауда объектісі орналасқан. «Қазіргі күні туристік полиция материалдық-техникалық тұрғыда толықтай қамтылған.

Оның ішінде байланыс және құқық бұзушылықтарды тіркеудің техникалық құралдары, қызметтік автокөліктер және суда қозғалу құралдары бар. Полиция департаменті Алакөл көлі жағалауында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге жыл сайын қосымша 50 қызметкерді және 5 автокөлікті тартады», - делінген хабарламада.

Азаматтарды қабылдау және жеткізу үшін 5 стационарлық бекет жұмыс істейді. Туристік кезең басынан бері 200-ден астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталған.

(Редактор:Shixi,Deng Jie)

Фото