Шетелдік азаматтың Шыңжаңға сапары:Гуманистік шекара, алуан түрлі тұрмыс

(Онлайн Халық Газеті)2021 жыл 21 шілде

Шыңжаң Қашқар аймағы Яркен ауданының төл музыкасы «он екі мұқамның» сахналық көрінісі.

21 шілде, онлайн «Халық Газеті» -- Мен мәдениеттің адамға беретін әсерінің орасан молдығына, күшінің шексіздігіне бұрыннан шүбәсіз сенемін. Кез келген адам мәдениет арқылы қандай да бір жерді жақсы көріп кетеді. Мәдениет адам санасындағы таяз көзқарасты да өзгерте алады екен.

Мен Қытайда болған күндерімде үш рет Қытай мәдениетінің шексіз сиқырлы күшін және дара ерекшелігін байқадым. Бірінші рет Хынаньның Суңшанда «Шаолин Дзен атындағы музыкалық ғұрып» қойылымын көрген кезде байқадым. Екінші рет Сианьға барып Терракоталық жауынгерлер мұражайын тамашалап, «Мәңгілік өкініш әні» операсын көрген кезімде сезіндім. Үшіншісі - менің осы жолғы Шыңжаңға сапарым.

Шыңжаң - көркемөнердің мекені. Оның көркемөнері мұражай, көрме немесе театр қойылымдарында ғана сақталып қалған жоқ, ол жанды көркемөнер. Бұл көркемөнер бүгінге дейін жергілікті халықтың тұрмыс дағдысына әсер етіп келеді. Шыңжаңның базарларын аралап, көшелерінде қыдырып, дәмханалары мен үйлерінде отырып-ақ жергілікті көркемөнердің іздерін сезіне аласыз.

Музыка - Шыңжаңның ең байырғы әрі кең таралған өнері. Шыңжаңдықтар музыканы аса жақсы көреді. Олардың бойында тума музыкалық дарын бар. Шыңжаңның үлкенді-кішілі базарларынан, дүкендерінен, тіпті отбасыларынан дәстүрлі музыка аспаптарын кездестіруге болады. Музыканы Шыңжаң мәдениетінің рухы десе де болады.

Ұйғыр ұлтының дәстүрлі музыка аспаптарында ойнаған музыканттар

Шыңжаңның Үлкен дәмханаларында музыканы жүйелі үйреніп көрмеген адамның өзі әдемі бір мұқамды ойнай алады. Яркен ауданы адам саны аз, орташа даму деңгейіндегі шағын қала болса да, мұнда үлкен «он екі мұқам» тақырыптық театры бар. Мен онда халықаралық атақты театрлардағы шығармалардан кем соқпайтын қойылым көрдім. Ол қарапайым қойылым ғана емес, адам қиялын ертедегі Жібек жолы дүниесіне жетелейтін тамаша туынды.

Хотан (оңтүстік Шыңжаңның бір аймағы)құрылысы

Шыңжаңның құрылыс ғимараттары да менің жүрегімді жаулап алды. Құрылыстардың түсі негізінен сары топырақты екен. Перделер мен ағаш оюлар үй ішіне сән беретін маңызды безендірулер іспетті. Мен Қашқар мен Хотаннан аса салтанатты ғимараттарды кездестірдім. Оларды құрылыс нысандары емес, көркемөнер туындысы деп атасақ та болатындай.

Хотанның шайханасындағы аспа шырақтармен әшекейленіп ағашпен ойылған үйдің төбесі

Шыңжаң халқының күнделікті тұрмысы да маған терең әсер қалдырды. Үлкен қалалардың қарбаласымен салыстырғанда бұл жердегілердің тұрмысы еркін әрі тыныш. Мысалы Бейжің сынды үлкен қалалардан көре алмайтын бейғам тірлікті осы жерден көруге болады.

Яркен ауданы қыстақ тұрғыны үйіндегі төрт бұрышты диван

Шыңжаңдықтар үнемі көңілді, ақжарқын күйде жүреді. Мысалы олар ән мен күйге аса әуес. Кез келген ортада кәрі-жас демей бұрала би билей жөнеледі. Халық музыкаларындағы ойнақы әуендердің молдығы - осының жанды айғағы.

Дәстүрлі киімдегі ұйғыр бойжеткені

Шыңжаңның дәстүрлі киімі, әсіресе әйелдердің киімі қызыл, сары, көк, жасыл сынды ашық реңдерден тігіледі. Қара түстілері аз кездеседі. Меніңше бұл киім түстерінің өзі кездейсоқ емес. Бұл түстер адамдардың шат көңіл-күйлері мен жайлы тұрмыстарын көрсетіп тұр.

Шыңжаңдықтар ауласына ағаш отырғызғанды ұнатады екен. Ауыл тұрғындарының көбі есік алдына жүзім мен тұт ағаштарын отырғызыпты.

 Бейжіңдағы бір әріптесім маған «біздің Бейжіңдегі кірісіміз бұл жердегілерден жоғары болғанымен, Шыңжаңдықтар өмірдің мәнін терең сезініп, әр күндерін көңілді өткізіп жатқандай», -деді.

Менің Қытайға келгеніме табаны күректей 13 жыл болыпты. Алайда бұл менің Шыңжаңға бірінші сапарым екен. Біраз жылдан бері Шыңжаң туралы қате көзқарастар мен қауесеттер мені алаңдатқан еді. Бұл жолғы сапарымда мен Шыңжаңның көріктілігін сезіндім. Бұл жердің тұрмысынан мәдениет пен көркемөнердің иісі аңқып тұр. Мен бүгінде Шыңжаңнан кетіп қалсам да, осындай әдемі өңірге қайта оралатын күн болса ғой деп армандаймын. (Авторы онлайн «Халық Газеті» араб тілі бөлімнің шетелдік маманы Walid Abdallah) 

 

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото