Си Цзиньпин тасқыннан қорғау, апаттан құтқару қызметі жөнінде маңызды нұсқау берді

(Онлайн Халық Газеті)2021 жыл 23 шілде

22 шілде, онлайн «Халық Газеті» --Қытай Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Бас хатшысы, Мемлекет төрағасы, Орталық әскери істер комитетінің төрағасы Си Цзиньпин тасқыннан қорғану мен апаттан құтқару қызметі жөнінде маңызды нұсқау берді.

Си Цзиньпин былай деп атап көрсетті: «Таяуда Хэнань өлкесі мен басқа да аймақтарда қатты нөсер жауып, Чжэнчжоу сияқты қалаларда ауыр тасқын жүрді. Кейбір өзендерде су деңгейі шектік сызығынан асып кетті, ішінара су қоймаларында тоспа бұзылды. Кейбір темір жол мен әуежай қызметін уақытша тоқтатуға тура келді. Көптеген өлім-жітім және мал-мүлік шығыны орын алды. Тасқыннан сақтану жағдайы төтенше сынаққа кез болып отыр».

Си Цзиньпин төмендегідей міндеттердің алға қойылғанын жеткізді: тасқыннан сақтану шешуші кезеңге өтті, әр түрлі қызмет саласындағы басшы кадрлар халықтың өмірі мен мал-мүлкінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге кірісті. Ең басты жұмыла атқаратын мәселе: тасқыннан қорғану шараларын күшейту, апаттан құтқаруды жедел ұйымдастырып, апат аймағындағы бұқараны қауіпсіз жерге орналастыру, қосымша апаттардың алдын алып, адам өлімі мен мал-мүлік шығынын мүмкіндігінше азайту. Азаттық армиясы мен қарулы сақшы бөлімдері жергілікті қауіпті аймақтарды тазалап, апаттан құтқару қызметіне белсене көмек көрсетуде. Мемлекеттік тасқыннан қорғау бас қолбасшылық штабы, Шұғыл жағдайға төтеп беруді басқару министрлігі, Су игілігі министрлігі, Қатынас-тасымал министрлігімен бірігіп, апатқа қарсы шараларды күшейтіп, апаттың қатерін қатаң түрде саралап, қауіп-қатерді жоюды, маңызды инфрақұрылымдардың қауіпсіздігін қорғауды, жауын-шашын, тайфун, тау көшкіні, лай тасқыны сияқтылардан алдын-ала сақтандыру шараларын нақтылап, көліктердің бөгетсіз қатынауын, тасқыннан қорғану, апаттан құтқару шараларын қатаң түрде тыңғылықты атқаруды ұйымдастырады.

Си Цзиньпин сонымен бірге мынадай талаптарды мәлімдеді: әр өңірдегі тиісті орындар апаттан қорғануды және құтқаруды жауапкершілікпен орындап, өндіріс пен тұрмыс ахуалын тез арада қалпына келтіріп, апатқа ұшыраған халыққа жәрдем беру және індеттен сақтандыру қызметін мұқият атқарып, апаттан соң халықтың әлеуметтік жағдайының қалыпты болуын назарда ұстап, апат пен індеттің салдарын болдырмауы тиіс.   

(Редактор:Ыбырай Дүйсен,Deng Jie)

Фото