Си Цзиньпин Азия-Тынық мұхит экономикалық ынтымақтастық ұйымы басшыларының бейресми мәжілісіне қатысып, сөз сөйледі

(Онлайн Халық Газеті)2021 жыл 26 шілде

26 шілде, онлайн «Халық Газеті» --Мемлекет төрағасы Си Цзиньпин 16 шілденің кешінде Бейжиңде Азия-Тынық мұхит экономикалық ынтымақтастық ұйымы басшыларының бейресми мәжілісіне видео арқылы қатысып, сөз сөйледі.

Си Цзиньпин былай деді: «Қазіргі кезде коронавирус індеті бірде бәсеңсіп, бірде күшейіп, індетті ауыздықтау, одан қорғану күрделі жағдайда тұр. Сонымен бірге, елдің бейбітшілігі мен дамуы бүгінгі күннің негізгі мәселесі ретінде көпжақты ынтымақтастықты, өзара қарым-қатынасты тереңдетіп, алдымызда тұрған сын-сайысқа бірге төтеп беруді қажет етеді. Біз өткен жылы Азия-Тынық мұхит экономикалық ынтымақтастық ұйымының 2040 жылға дейінгі стратегиялық жобасын мақұлдадық. Азия-Тынық мұхит ортақ нысанасына ерекше назар салдық. Азия-Тынық мұхит өңірі – әлем экономикасының ілгерілеуіндегі маңызды қозғалтқыш. Індетті ертерек жеңіп, экономиканың артуын жүзеге асыру арқылы дүние жүзі экономикасының қайта жандануына қол жеткізу − Азия-Тынық мұхит өңіріндегі ұйымға мүше елдердің ең маңызды міндеті.

Біріншіден, індетке қарсы күресте халықаралық ынтымақтастықты күшейту керек. Қытай тарабы дамушы елдерді 500 миллионнан астам вакцинамен қамтамасыз етті. Алдағы 3 жылда тағы 3 миллиард доллар шамасында халықаралық көмек көрсетеді. Қытай мемлекеті вакцинамен қамтамасыз ету жүйесінің орнықтылығына, негізгі заттық материал айналымына жәрдемдесу сияқты жұмыстарға белсене ат салысып, тиімді шаралар жасау арқылы адамдардың денсаулығына, қауіпсіздігіне, барыс-келіс жасаудың реттілігіне шынайы кепілдік етуді қолдайды. Қытай тарабы Азия-Тынық мұхит экономикалық ынтымақтастық ұйымына қаржы бөліп, «Індетке төтеп беру және экономиканы қайта жандандыру» қосымша қорын құрды.

Екіншіден, өңірлік экономиканың біртұтастығын тереңдету керек. Сауда және қаржы айналымының еркін, қолайлы болуын ілгерілетіп, дүние жүзілік сауда ұйымының көп жақты сауда түзілісі жүйесін қорғау керек. Елдер арасына тосқауыл қоймай, оқшауланбай, бір-бірімізден алшақтамай, керісінше ашық алаңда бірлесуге тиіспіз. Макроэкономикалық саясаттың ортақ сипатын күшейтіп, ұнамсыз, кері әсерін тежеп, цифрлы байланысты, өңірлік экономиканы ілгерілетіп, жоғары деңгейдегі Азия-Тынық мұхит еркін сауда алаңын ертерек құруымыз керек. Қытай тарабы өңірлік экономикалық серіктестік қатынас келісімін жан-жақты тексеріп, бекіту қызметін алдын ала орындады. Енді келісімнің жақын арада ресми күшіне енуін күтеді.

Үшіншіден, өзара сыйласымды, баянды даму жолында табанды болу абзал. Халықтың әлеуметтік жағдайының жоғарылауын негізгі бағдарда ұстап, жасыл аймақтың дамуын жүзеге асыру керек. Қытай тарабы климат өзгерісіне қатысты шараларға айрықша мән беріп, 2030 жылға дейін көмір қышқыл газы таралуының артуын тізгіндеп, 2060 жылы көмір қышқыл газын бейтараптандыруды жүзеге асыруға күш салады. Қытай жақ Азия-Тынық мұхит экономикалық ынтымақтастық ұйымының баянды дамуына, экономикалық және технологиялық тұрғыда өркендеуіне қолдау көрсетіп, энергияның жоғары, таза өнімінің негізді дамуын ілгерілетіп, инклюзивті сауда-қаржы айналымын қолдап, шағын және орта кәсіпорындардың дамуына жәрдемдеспек. Әйелдерге және басқа мүмкнідегі шектеуді жандарға берілетін көмекті арттырып, алдағы жоспар бойынша 2030 жылға дейінгі үйлесімді дамуды жүзеге асыруға дайын.

Төртіншіден, ғылым мен техника саласындағы инновацияны игеру керек. Дүние жүзілік цифрлы экономика − ашық әрі тығыз байланысты қамтамасыз ететін кешенді бағдарлама арқылы біртұтас әрі тиімді жұмыс жүргізу − бірден-бір дұрыс жол. Ал, басқалардан саяқтанып, өзара байланысқа тосқауыл жасау бәрімізді тығырыққа тірейді. Цифрлы инфрақұрылымның дамуын күшейтіп, ашық, әділ, тең құқылы бизнес серіктестігін құруға ұмтылу керек. Қытай тарабы цифр қуатының құрылымы семинарын өткізіп, цифрлы технологияның көмегімен туризмді қайта жандандыру секілді бірлескен бастамаларымен бөлісуге әзір.

Си Цзиньпин өз сөзін былайша жалғастырды: «Қытай социалистік заманауи мемлекетті толық құрудың жаңа кезеңін бастады. Болашақта бұдан да кемелденген ашық экономиканың жаңа конституциясын, зор қуатқа ие бизнес орталығын құрып, «Бір белдеу, бір жол» жобасын жоғары деңгейде атқарып, дүние жүзімен және Азия-Тынық мұхит өңіріндегі барлық елдермен бірге өзара тиімді және ортақ жеңіске қол жеткізеді».

Сөз соңында: «Жаңа Зеландиядағы мауриларда «Бетіңе күн сәулесі түссе, көлеңке жоғалады» дейтін мақал бар. Біз адамзаттың бірлесіп індетті жеңетініне толық сенімдеміз. Дүние жүзі экономикасының қайта жандану болашағына үлкен үмітпен қараймыз. Адамзатқа ортақ тамаша болашақтың жүзеге асатынына аса сенімдіміз. Қиыншылықтарға қол ұстаса қарсы тұрып, өзара жәрдем көрсетіп, індетке қарсы ынтымақтастық пен экономиканы бірлесе ілгерілетіп, Азия-Тынық мұхит өңірінің көркейіп-гүлденген тамаша болашағына бірге жетіп, ел игілігіне бірге кенелейік!

Еске сала кетейік, бұл мәжіліс биыл Азия-Тынық мұхит экономикалық ынтымақтастық ұйымына Төрағалық еткен ел -Жаңа Зеландияның басқаруымен видео тәсілімен ашылды. Негізгі тақырыбы: «Індет жағдайында Азия-Тынық мұхит өңірі елдерінің адамзаттың денсаулық дағдарысына, экономиканың қайта жандануына бірлесе күш жұмсап, болашақтағы дамуына берік негіз қалау».   

(Редактор:Ыбырай Дүйсен,Deng Jie)

Фото