Қытайдағы сел апатынан соң «отандық өнімді қолдау» жоғарылай түсті

(Онлайн Халық Газеті)2021 жыл 29 шілде

29 шілде, онлайн «Халық Газеті» --Қазіргі кезде Қытайда интернеттен тікелей эфир арқылы заттарды сату-сатып алу қызметі халықтың күнлделікті тұрмыс әдетіне айналған. Бірнеше күннен бері тікелей эфирдегі әрбір зат сатушы минут сайын интернет тұтынушыларына «орынсыз ала бермеңіздер» деп ескертетін жағдайға жетті. Мұны түсіндіру үшін әңгімені жақында Қытайдың Хэнань өлкесінде болған сел апатынан бастауға тура келеді.

21 шілдеде Қытайдың ERKE маркалы спорт киімдері компаниясы апатқа ұшыраған өңірге 50 миллион юань көмек жасады. Іле-шала, интернетте, «Бұлар былтыр 220 миллион юань зиян шегіп еді ғой? Тағы мұншама көп қаржы атағаны қалай?», «Біраз уақыттан бері ERKE көп қиыншылықтарға кездескені белгілі. Сөйтсе де мұндай күрделі сәтте қалыс қалмай, алға шығуы адамға ерекше әсер етеді», «Елдің бағына туған деп осындайларды айтады» деген сияқты жазбалар көбейді. Осыдан соң «Сен елім десең, елің де сені жерге қаратпайды» деп ұрандаған отандастар, ERKE компаниясының эфирде зат сату қызметін пайдалануға асықты. Әдетте 10 мыңнан аспайтын эфирдегі сауда көрілімі 23 шілдеден бастап 8 миллионға дейін көтерілді. Күнделікті зат сату мөлшері 52 есеге артты. Сатушылар сатуға үлгере алмай, керекті заттармен қамтамасыз ету, оларды жедел жеткізу секілді қызмет түрі қаншама шапшаң атқарылса да, олар тұтынушылардың көптігінен әбігерленіп жатты. Мұндайды күтпеген ERKE компаниясының директоры түнделетіп тікелей эфирге шығып, интернеттегі халыққа «ықыластарыңызға рахмет, ел аман болсын, індетті ертерек жеңейік. Алайда, аса қажет болмаса, орынсыз зат алмауларыңызды сұраймын», - деген бір ауыз лебізін жеткізді. Мұндай кішіпейілділікке тіптен риза болған халық, «жоқ, біз бүгін орынсыз болса да аламыз» деп, ERKE-ден зат алу науқанын одан сайын үдете түсті. Нәтижесінде тапсырыс берілген заттарды зауыт шығарып үлгере алмаса, жедел жеткізушілер тасып үлгере алмай жатты. Тек интернеттегі дүкен ғана емес, көше бойындағы ERKE дүкендерінің заттарын да халық жапа-тармағай сатып алуда.

24 шілдедегі мәліметке қарағанда, 23, 24 шілдедегі отандық маркадағы спорт киімдерінің сатылымы бұрынғыдан 280 % ға артқан. Әсіресе спорттық аяқ киімдер, шалбарлар, жейделер ең көп сатылымда болды. Сатылымның жоғарылауы тек ERKE ғана емес, ANTA, 361°, PEAK сияқты отандық спорт киімдері саласынан да байқалды.

Біраздан бергі індет, одан кейінгі су апаты халықты біршама дағдарысқа душар етті. Дегенмен, қазіргі таңда жұртшылықтың өзара ұйымшылдығы, отаншылдығы, төл мәдениетіне деген сенімі бұрын болмаған деңгейде жоғарылаған. Халықтың қолдауына ие болған осындай сәт - отандық маркалардың экономикасын көтеріп, отандық өнімнің түрлері мен сапасын арттыра түсуге аса орайлы кез болды.

Отандық өнімнің дамуы тек тұтынушылардың отаншылдық сезіміне сүйеніп қалмай, өнімнің сапасын жоғарылатып, жаңа жобалар әзірлеп, инновациялық технологияны іске қосу керек. Сол сияқты халыққа қызмет көрсетуді жоғары деңгейде ұйымдастырып, тұтынушылардың сұранысын интернет арқылы жедел орындап отыру қажет.

Отандық өнімнің сапа белгісін төмендетпей, халық сұранысына орай тиімді жұмыс атқарғанда ғана, әлемдік деңгейге көтеріле аламыз. 

(Редактор:Ыбырай Дүйсен,Deng Jie)

Фото