Қазақстан Президенті VI Шығыс экономикалық форумының пленарлық мәжілісіне қатысты

(Онлайн Халық Газеті)2021 жыл 6 қыркүйек
Қазақстан Президенті VI Шығыс экономикалық форумының пленарлық мәжілісіне қатысты

Қасым-Жомарт Тоқаев VI Шығыс экономикалық форумының пленарлық мәжілісіне бейнебайланыс режимінде қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Қазақстан Президенті өзара ықпалдастықты күшейту үшін бірқатар бағытқа егжей-тегжейлі тоқталды. Қазақстан Президенті тиімді көлік инфрақұрылымын қалыптастырудың маңыздылығына баса мән берді. Сондай-ақ транзиттік тораптарды дамытуда Қазақстанның әлеуеті мен мүмкіндіктері жөнінде, соның ішінде, осы саладағы ұлттық жоспарларды Еуразиялық экономикалық одақтың қызметімен және Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» жаһандық бастамасымен ұштастыру туралы кеңінен айтты.

 – Қазақстан транзиті өзінің экономикалық тұрғыдан тартымдылығы мен сенімділігін дәлелдеді. Сондықтан инфрақұрылымды жетілдіру ісін жалғастыра береміз. Атап айтқанда ҚХР-мен арадағы транзиттік қатынастарды кеңейту үшін «Достық – Мойынты» жаңа темір жол бағытының құрылысын бастаймыз. Инвестицияның жалпы көлемі 2 миллиард доллардан асады, – деді Қазақстан Президенті.

Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР мен Оңтүстік Корея арасындағы ықпалдастыққа бағытталған осыған ұқсас бірлескен жобалар жайында мәлімет берді.

– Жалпы, шетел инвестициясын тарту – Қазақстанның экономикалық саясатының сөзсіз басымдығы. Қазақстанға 365 миллиард доллардан астам шетелден тікелей инвестиция тартылды. Тіпті былтырғы дағдарыстың өзінде Қазақстанға тартылған инвестицияның көлемі 35 пайызға артты, – деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Азия Тынық Мұхит аймағы елдерімен іскерлік байланыстарды нығайтудың перспективаларына тоқталды. Мемлекет басшысы Қазақстанның бұл өңірмен арадағы тауар айналымы былтыр 43 миллиард доллардан асқанын атап өтті. Соның 94 пайызы Ресей, Қытай және Корея елдеріне тиесілі.

Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін ҚХР-ға экспорттау үшін номенклатураны кеңейту мәселелері бойынша Қытаймен жұмыс істеп жатыр. Азық-түлік тасымалдау саласындағы ұзақмерзімді ынтымақтастық көлік-транзит саласы сияқты өңірлік кооперацияны дамытудың тиімді үлгілерінің бірі бола алады, – деді Қазақстан Президенті. 

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото