Халықты бақытты тұрмысқа кенелту – біздің мақсатымыз

(Онлайн Халық Газеті)2021 жыл 16 қыркүйек

Си Цзиньпин ҚКП XVIII кезекті ОК Саяси бюросы тұрақты мүшелерінің қытайлық және шетелдік журналистермен кездескен кездегі сөйлеген сөзінің негізгі бөлімі.

Журналист достар, XVIII құрылтай жөнінде көп хабар таратып, «Қытай үнін» дүниежүзіне тараттыңыздар. Мен құрылтайдың Хатшылар басқармасы атынан сіздерге шын жүректен алғыс айтамын.

Біз жаңа ғана ҚКП ОК XVIII құрылтайының бірінші пленумын шақырып, ОК-ның жаңа кезекті басшылық құрылымын сайладық. Мен ҚКП ОК-ның Бас хатшысы болып тағайындалдым. Мен ОК-ның жаңа басшылық аппаратының атынан партиямыздағы жолдастардың бізге сенім артқанына алғыс айтамын. Бізге жүктелген міндетті абыроймен атқарып, ел үмітін ақтау үшін қолдан келгеннің барлығын жасауға дайынбыз.

Партия мүшелерінің бізге жүктеген ауыр міндеті, сондай-ақ мемлекетіміздегі әр ұлт халқының бізден күткен үміті жұмысымызды аса зор шабытпен әрі келелі жауапкершілікпен орындауға мүмкіндік берді.

Бұл келелі жауапкершілік – ұлт алдындағы жауапкершілік. Ұлтымыз – ұлы ұлт. 5 мың жылдан астам тарихы бар өркениеттік дамуы барысында жұңхуа ұлты (Жұңхуа ұлты – Қытайдағы 56 ұлттың жалпы атауы)адамзат өркениетінің алға басуына өшпес үлес қосты. Таяу заманға қадам басқан соң ұлтымыз ауыр азап арқалап, ең қатерлі сәттерді бастан өткерді. Сол кезден бастап жұңхуа ұлтының ұлы гүлденуін жүзеге асыру үшін қаншама ардагер жан аямай күресті. Бірақ қайта-қайта сәтсіздікке де тап болды. ҚКП құрылғаннан кейін халықты ынтымақтастырып, халыққа басшылық етіп, үздіксіз алға ұмтылды. Қажырлы күрес жүргізді. Кедей әрі мешеу көне Қытайды күн сайын гүлденіп-көркейген, бай да құдіретті жаңа Қытайға айналдырды. Жұңхуа ұлтының ұлы гүлденуі болып көрмеген жарқын болашағын танытты. Біздің міндетіміз – партия мүшелері мен әр ұлт халқын ынтымақтастырып және оларға жетекшілік етіп, тарихи аманатты арқалап, жұңхуа ұлтының ұлы гүлденуін жүзеге асыру үшін үздіксіз құлшына күресіп, жұңхуа ұлтын дүниежүзі ұлттарының қатарында еңсесін анағұрлым биік ұстайтын, адамзатқа зор, жаңа үлес қосатын ету.

Бұл келелі жауапкершілік–халық алдында арқалаған жауапкершілік. Халқымыз – ұлы халық. Тарихтың шалқар көшіне Қытай халқы өзінің еңбексүйгіштігімен, ержүректігімен және парасаттылығымен ұлттары тату-тәтті өмір сүретін көрікті мекен құрып, сан ғасырлық сабақтастығы бар үздіксіз жаңарудағы таңдаулы мәдениетін жаратты. Халқымыз өмірді сүйеді, жақсы білім алуды, орнықты қызмет етуді қалайды, табысының көбірек, әлеуметтік қамтамасыз етудің анағұрлым сенімдірек, медициналық қызметінің сапалырақ, тұрғын үй жағдайының жанға жайлы, қоршаған ортаның неғұрлым көрікті болуын аңсайды. Ұрпақтың сау-саламат өсіп-жетілуін, жақсы қызмет істеп, бақытты тұрмыс кешуін армандайды. Халықты бақытты тұрмысқа кенелту – біздің мақсатымыз. Дүниедегі бақыт атаулының бәрі ерінбей еңбектенуден келеді. Біздің жауапкершілігіміз–партияны, елдегі әр ұлт халқын ынтымақтастырып және оларға жетекшілік етіп, идеяны одан ары азат ету, реформа, ашық есік саясатын ұстануға табанды болу, бұқаралардың өндірісі мен тұрмысындағы қиыншылықтарын шешіп, бірге баюға апаратын жолдан ауытқымай жүру.

Бұл келелі жауапкершілік–партия алдындағы жауапкершілік. Партиямыз – бүкіл ынта-пейілімен халық үшін қызмет ететін саяси партия. Біз партиямыздың халыққа басшылық етіп, күллі әлемді таңғалдырған табыстарға жеткенін мақтаныш етеміз. Бірақ бұған бола дандайсымаймыз, бұрынғы еңбегімізді әсте бұлдамаймыз. Жаңа жағдайда партиямыз көптеген ауыр сындарға дөп келіп отыр, партия ішінде де шешуге тиісті көптеген мәселелер орын алып отыр. Әсіресе коммунист қызметкерлер арасында белең алған сыбайлас жемқорлық, азғындаушылық, бұқарадан алшақтау, формализм, бюрократизм, т.б. мәселелер шұғыл шешуді қажет етіп отыр. Бүкіл партия қырағы болуы керек. Құрышты шыңдаймын десең, қарымды білегің болсын. Біздің міндетіміз – бүкіл партиядағы жолдастармен бірге партия өзін басқаруға, қатаң оңауға табанды болып, өзімізде шынайы орын алып отырған көрнекті мәселелерді шын мәнінде шешу, қызмет стилін шынайы жақсартып, халықпен тығыз байланыс жасап, партиямызды қашан да Қытай үлгісіндегі социализм істерінің құдіретті басшылық ұйытқысына айналдыру.

Халық – тарихты жасаушы, бұқара – нағыз қаһарман. Халық бұқарасы – күш-қуатымыздың қайнары. Бір адамның күші шекті, алайда біз жұдырықтай жұмылсақ, тоғысқан жүректерден алынбас қамал аламыз, сонда ғана қиындық атаулыны шеше аламыз. Бір адамның қызмет уақыты шектеулі, алайда бүкіл ынта-пейілмен халық үшін істеу – шексіз, арқалаған жауапкершілігіміз ауыр, міндетіміз салмақты, жолымыз ұзақ. Біз халықпен тілектес, бейнет-зейнетте бірге болып, ынтымақтаса күрес жасап, көп үшін жалықпай құлшынып, қызметті тыңғылықты істеп, тарих пен халыққа қанағаттанарлықтай жауап беруге ұмтыламыз.

Қытай дүниежүзін көбірек түсінуі, дүниежүзі де Қытайды көбірек түсінуі керек. Журналист достардан алдағы жерде Қытай мен әлем елдерінің өзара түсінісуін жеделдетуіне күш салуын және үлес қосуын үміт етемін. 

(2012 жыл, 15 қараша)

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото