Ішкі-сыртқы жалпы жағдайды біртұтас жоспарлап, бейбіт даму жолының негізін бекемдейік

(Онлайн Халық Газеті)2021 жыл 26 қыркүйек

Си Цзиньпиннің ҚКП XVIII кезекті ОК Саяси бюросының үшінші ұжымдық үйренуін басқарғанда сөйлеген сөзінің маңызды түйіні.

Бейбіт даму жолымен жүру – партиямыздың дәуірдің даму ағымы мен еліміздің негізгі мүддесіне негізделе отырып жасаған стратегиялық талғамы. Біз Дэн Сяопин теориясын, «үшке өкілдік ету» маңызды идеясын, дамуға ғылыми көзқарасты басшылыққа алып, стратегиялық ойды күшейтіп, стратегиялық ұстамдылықты арттырып, ішкі-сыртқы жалпы жағдайды анағұрлым ойдағыдай біртұтас ескеріп, ашық дамудан, селбесе дамудан, тең игіліктене дамудан жазбай, бейбіт халықаралық ортаға қол жеткізу арқылы өзімізді дамытып, әрі өзімізді дамыту арқылы дүниенің бейбітшілігін қорғап және қолдап, еліміздің жалпылық қуатын үздіксіз арттырып, халық бұқарасын бейбіт дамудан үздіксіз игіліктендіріп, бейбіт даму жолымен жүрудің материалдық негізі мен қоғамдық негізін бекемдей түсуіміз керек.

Жұңхуа ұлты – бейбітшілікті сүйетін ұлт. Соғыстан арылу, бейбітшілікті жүзеге асыру – таяу заманнан бері Қытай халқының ең көкейтесті, ең үлкен үміті. Бейбіт даму жолымен жүру – жұңхуа ұлтының таңдаулы мәдениет дәстүрінің жалғасы және дамуы, сондай-ақ Қытай халқының таяу заманнан бергі тартқан тауқыметті күйзелісінен шығарған табиғи қорытындысы. Бастан кешкен соғыс зардабын есіне берік сақтаған Қытай халқы бейбітшілікке талықпай талпынып, бейбіт, алаңсыз тұрмысын барынша қастерлеп келеді. Қытай халқының алаңдайтыны – аласапырандық, тілейтіні – тұрақтылық, көксейтіні – әлемнің тыныштығы.

Біздің бейбіт даму жолымыз оңай келмеген, ол жаңа Қытай құрылғанынан бері, әсіресе реформа, ашық есік саясатын ұстанғалы бері, партиямыздың күрделі ізденісі және үздіксіз тәжірибеден өткізуі барысында біртіндеп қалыптасқан. Партиямыз бейбітшілік туын биік көтеріп, одан ешқашан ауытқыған емес. Ұзақ уақыт тәжірибе барысында біз бейбіт қатар тұрудың бес принципін алға қойып және оған табанды болып, дербес, өзіне-өзі қожайын болу сынды бейбіт дипломатиялық саясатты белгілеп және атқарып, дүниежүзіне мәңгі үстемшіл болмаймыз, мәңгі ірге кеңейтпейміз деген асқақ уәдемізді беріп, Қытайдың дүниежүзінің бейбітшілігін қорғайтын мызғымас күш екенін дәріптеп келдік. Бұған біз табанды боламыз, одан мәңгі ауықтымаймыз.

Партияның XVIII құрылтайында «Қос жүз жылдық» күрес нысанасы айқын алға қойылды. Біз жұңхуа ұлтының ұлы гүлденуі сынды Қытай арманын жүзеге асыру сынды күрес нысанасын айқын алға қойдық. Оны жүзеге асыру үшін халықаралық бейбіт орта болуы керек. Бейбітшілік болмаса, Қытайдың да, дүниежүзінің де сәтті дамуы мүмкін емес;даму болмаса, Қытайда да, дүниежүзінде де баянды бейбітшілік болмайды. Біз орайды игеріп, зейін-зердемізді шоғырландыра отырып, елімізді онан әрі байыпты және құдіреттендіріп, халықты онан әрі байытып, толысқан күш-құдіретімізге үздіксіз арқа сүйей отырып, бейбіт даму жолымен анағұрлым ойдағыдай алға баса беруге тиіспіз.

Дүниенің ағымы бөгеу бермес жойқын күш, оған ілескендер өседі, қарсы келгендер өшеді. Дүние тарихына көз жіберсек, қарулы күшке сүйеніп, басқа елге шапқыншылық жасап ірге кеңейткендер қашан да жеңіліске ұшырап отырған. Міне, бұл – тарихи заңдылық. Дүниежүзінің гүлденуі, орнықтылығы Қытай үшін мүмкіндік, Қытайдың дамуы да дүниежүзі үшін мүмкіндік. Бейбіт даму жолымен жүре алу-алмауымыз көбінесе біздің дүниежүзінің орайын Қытайдың орайына, Қытайдың орайын дүниежүзінің орайына айналдырып, Қытай мен дүниежүзі елдерінің тиімді ықпалдастығы, өзара пайда жеткізіп, тең игіліктенуі барысында өріс аша ілгерілей алатын-алмайтынымызға байланысты. Біз еліміздің іс жүзіндегі жағдайын негіз етіп, өз жолымыздан ауытқымауымыз, сонымен қатар дүниежүзіне назар аударып, ішкі дамуды ашық есік саясатымен, Қытайдың дамуын дүниежүзінің дамуымен, Қытай халқының мүддесін әр ел халқының мүддесімен анағұрлым ойдағыдай ұштастырып, әр елмен тиімді ынтымақтастық арнасын үздіксіз кеңейтіп, халықаралық істерге тіпті де белсене атсалысып, әлемдік сындарға бірлесе төтеп беріп, бүкіл дүниежүзінің дамуына құлшына үлес қосуымыз керек.

Біз бейбіт даму жолымен жүруден жазбауымыз, бірақ орынды құқық-мүддемізден әсте айырылмауымыз, мемлекеттің өзекті мүддесін әсте құрбан етпеуіміз керек. Кез келген ел бізден өзінің өзекті мүддесін саудалайды, еліміздің егемендігін, қауіпсіздігін, даму мүддесін құрбанға шалады деп дәмеленбесін. Қытай бейбіт даму жолымен жүреді, басқа елдер де бейбіт даму жолымен жүруі керек, әр ел бейбіт даму жолымен жүргенде ғана, бірлесе дамуға қол жеткізе алады, өзара бейбіт қатар тұра алады. Біз еліміздің бейбіт даму жолымен жүруден айнымау сынды стратегиялық идеясын жан-жақты үгіттеу арқылы, халықаралық қауымдастықты еліміздің дамуын дұрыс тануға және оған дұрыс мәміле жасауға мүмкіншілік беруіміз керек, Қытайдың дамуы әсте басқа елдің мүддесін құрбандыққа шалмайды, біз өзгелерді зияндап, өзімізге пайда әкелетін, көршіге залал келтіретін істі әсте істемейміз, біз бейбіт дамудың орындаушысы, бірге дамудың қолдаушысы, көп жақты сауда жүйесінің қорғаушысы, әлем экономикасын тәртіпке салудың қатысушысы бола береміз.

(2013 жыл, 28 қаңтар)

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото