Уақыт көшіне ілесіп, дүниежүзінің бейбіт дамуын қолдайық

(Онлайн Халық Газеті)2021 жыл 26 қыркүйек

Си Цзиньпиннің Мәскеу халықаралық қатынастар институтында оқыған дәрісі.

Құрметті институт директоры А.Торкунов, құрметті премьер-министр орынбасары О.Голодец, ұстаздар және студенттер!

Бүгін сәті түсіп, Мәскеу халықаралық қатынастар институтына келіп, ұстаздармен, студенттермен кезігіп отырғаныма аса қуаныштымын.

Мәскеу халықаралық қатынастар институты – әйгілі ұстаздар топталған, небір дарындылар шыққан, әлем таныған әйгілі білім ордасы. Мен институттарыңызды әр салада қол жеткізген кесек табыстарымен қызу құттықтаймын!

Ресей – Қытайдың тату көршісі. Бұл Ресейдегі сапарым – Қытайдың төрағасы болғаннан кейінгі тұңғыш сапарым. Осыдан үш жылдың алдында сіздердің көрікті де ырысты елдеріңізде сапарда болған едім. Міне бүгін тағы да келіп отырмын. Кеше Президент В.Путинмен аса табысты кеңес өткіздім, сонымен бірге Ресейдегі Қытай саяхат жылының тұсаукесерінде бірге болдық.

Наурыз айы тіршілік атаулы оянатын маусымның жеткенін, тұқым сіңіретін салиқалы сәттің келгенін білдіреді. «Жыл есебі – көктемде» деген аталы сөз бар. Қытай мен Ресей көктем басындағы осы тамаша мезгілді қолдан бермей, екі ел қатынасын және дүниежүзінің бейбітшілігі мен дамуын қолдау жолында қажырлы еңбек ететін болса, тың табыстарға қол жеткізіп, екі ел халқы мен әр ел халқын игілікке бөлейтіні даусыз.

Ұстаздар, студенттер!

Халықаралық қатынастар институты – халықаралық мәселелерді арнаулы зерттеумен және оқытумен шұғылданатын, білім беретін орда. Мен сіздерді халықаралық жағдайға анағұрлым назар аударады, халықаралық қауымдастықтың соңғы ондаған жылдардағы ұлы бетбұрыстары мен орасан зор өзгерістерін анағұрлым терең түсінеді деп сенемін. Біз аумалы-төкпелі заманда, күн сайын жаңаланып отырған дүниеде өмір сүріп отырмыз.

– Бұл дүниеде бейбітшілік, даму, ынтымақтастық, тең игіліктену дәуірдің ағымына айналып отыр, ескі отарлық жүйенің іргесі сөгілді, қырғиқабақтық кезіндегі топтардың текетіресі келмеске кетті, кез келген ел немесе елдер тобы дүниежүзіндегі істерді ендігәрі жеке-дара билей алмайтын болды.

–Бұл дүниеде гүлденіп келе жатқан көптеген нарықтық елдермен дамушы елдер тез даму жолына түсті, миллиардтаған адам модернизациялауға қарай үдере тартып барады, көптеген даму орталығы дүниежүзінің жер-жерінде қалыптасып келеді, халықаралық күштер дүниежүзінің бейбітшілігі мен дамуына тиімді бағытпен дамып келеді.

–Бұл дүниеде елдердің өзара байланыс жасап, бір-біріне сүйеніш болуы бұрын болмаған дәрежеде күшейді, адамзат жершары сынды ортақ мекенде, тарих пен шындық тоғысқан ұқсас бір заманда өмір сүріп, бір-бірін жатсынбайтын тағдырлас ортақ тұлғаға айналуда.

–Бұл дүниеде адамзат әлі де көптеген қиын тақырыптар мен сындарға дөп келіп отыр, халықаралық қаржы дағдарысының ықпалы үздіксіз көріне бастады, қорғанымпаздықтың алуан түрі ашық шыға бастады, өңірлік өзекті мәселелер толассыз жарыққа шығып, гегемония, өктемдік саясаты және жаңа килігушілік асқынып келеді, әскери әзірлік бәсекесі, лаңкестік, интернет қауіпсіздігі сияқты дәстүрлі қауіпсіздік қауіп-қатері мен дәстүрлі емес қауіпсіздік қауіп-қатері бір-біріне қабаттасты, дүниежүзінің бейбітшілігін қорғаудың, бірге дамуды қолдаудың міндеті әлі де ауыр, жолы әлі де ұзақ.

Біз дүниежүзі көрікті бола түссе екен дейміз, әрі дүниенің көрікті бола түсетініне сенуге де хақылымыз. Сонымен бірге, болашағымыздың нұрлы, жолымыздың бұраң екенін де анық білеміз. Н.Г. Чернышевский кезінде: «Тарих жолы Нева даңғылындағы жаяулар жолы емес, ол кейде шаң-тозаңды жарып өтетін, кейде белуардан құй кешетін, кейде сазды даладан ендей өтетін, ну орманды кесіп өтетін дала жолы»,-деген болатын. Адамзат қоғамының даму тарихы мейлі қандай бұраңдықтарға кездессе де, тарихтың қашан да өз заңдылығы бойынша алға дамитынын, тарихтың алға басу тегершігін ешқандай күштің бөгей алмайтынын дәлелдеді.

Дүниежүзінің ағымы – бөгеу бермес жойқын көш, ілескендер өседі, қарсы келгендер өшеді. Дүниежүзінің дамуына ілесу үшін XXI ғасырға аяқ басқан уақытта ой-санамыздың бұрынғыда, отаршылдық асқынған көне заманда, қырғиқабақтық ой желісінде, мүлде отаспайтын көне сүрлеуде қалып қоюына болмайды.

Халықаралық жағдайда туындаған үлкен өзгерістер мен дүниежүзіндегі елдер бейнетте де, зейнетте де бірге болатын обьективті талап алдында әр ел ынтымақтастық жасасып, тең игілікке кенелуді өзек еткен жаңаша халықаралық қатынас орнатуды бірге ілгерілетуді, әр ел халқы дүниежүзінің бейбітшілігін бірге қорғап, бірге дамуды қолдауы тиіс.

Әр елдің және әр ел халқының мәртебесінің тең болуын құптаймыз. Мемлекет мейлі үлкен-кіші, күшті-әлсіз, бай-кедей болсын, түгелдей терезесі тең болуға табанды болу, әр ел халқының даму жолын өзі таңдау құқығына құрмет ету, өзге елдің ішкі ісіне килігуге қарсы тұру, халықаралық әділдік пен әділеттілікті қорғау керек. «Аяқкиімнің аяғына дәл келген-келмегенін киген адам ғана біледі». Бір елдің даму жолының өзіне лайықты болған-болмағанын тұрақтандыруда сол ел халқының айтқаны есеп.

Біз әрқайсы елдер мен әр ел халқының дамудың жетістіктерінен тең игіліктенуін қуаттаймыз. Әр ел өзін дамытуға құлшынумен бірге, басқа елдердің бірге дамуын белсене қолдауы керек. Дүниежүзінің баянды дамуы бір топ елдің барған сайын байып, енді бір топ елдің ұзақ уақыт кедейлік жайлап, мешеу қалуы негізінде орындалмайды. Барлық ел бірге дамығанда ғана, дүниежүзі анағұрлым ойдағыдай дамиды. Көршісін сорлатып, пәле-қазаны басқаға аудару, басқаны зарлатып, өзіне пайда түсіру жолсыздық, ол ұзаққа бармайды.

Біз барлық мемлекет пен халықтың қауіпсіздік кепілдігінен тең игіліктенуін қуаттаймыз. Барлық ел түрлі мәселелер мен сындарға бір ниетпен бірлесіп, үйлесімді төтеп беруі керек. Сындар қанша әлемдік сипат алған сайын, селбесуді соғұрлым күшейте түсу, қысымды қозғаушы күшке, дағдарысты өміршеңдікке айналдыру керек. Күрделі де қым-қуыт халықаралық қауіпсіздік қатеріне жалғыз төтеп беру мүмкін емес, қара дүрсін қарулы күшке сүйенуге тіпті де болмайды, қауіпсіздік жағында ынтымақтасу, ұжымдық атсалысу, бірге күш салу – мәселені шешудің дұрыс жолы.

Дүниежүзінің көп үйектенуінің, экономиканың жаһандануының қарқынды дамуына және мәдениеттің түрленуіне, қоғамның ақпараттануының ілгерлеуіне байланысты қазір адамзат бейбітшілікке және даму нысанасына қарай ілгерілеуге бұрынғы кездегіден де абзал жағдайға ие болып отыр, бірлесу арқылы тең игіліктену – осы нысанаға жетудің ұтымды жолы.

Дүниежүзінің тағдырын әр ел халқы тең меңгеруі тиіс. Әр елдің егемендігі көлеміндегі істеріне сол елдің үкіметі мен халқы ғана ие, дүниежүзіндегі істерді тек әр ел үкіметі мен халқы ғана кеңесіп шешеді. Бұл – халықаралық істерді біржақты етудің демократиялық принципі, бұған халықаралық қауымдастық тең бойсұну керек.

Құрметті ұстаздар, студенттер!

Былтыр қараша айында ҚКП-ның мемлекеттік XVIII құрылтайы ашылды, онда Қытайдың бұдан былайғы бір мезгілдегі даму жобасы айқындалды, ЖІӨ мен қала-ауыл тұрғындарының кісі басына шаққандағы орташа кірісін 2020 жылға қарай 2010 жылғы негізде екі еселеу, ҚКП құрылғанының 100 жылдығына дейін жаппай дөңгелек дәулетті қоғам орнату, жаңа Қытай құрылғанының 100 жылдығына дейін елімізді бай да құдіретті, демократиялы, өркениетті, жарасымды социалистік модернизацияланған ел етіп құру ортаға қойылды. Сонымен бірге біз 1,3 млрд халық саны бар дамушы ірі ел – Қытайдың даму жолында әлі де ауыр да қиын қауіп-қатерлер мен сындарға дөп келетінін, белгіленген күрес нысанасына жету үшін әлі де үздіксіз құлшыныс қажет екенін де айқын танып жетуіміз керек.

Жұңхуа ұлтының ұлы гүлденуін жүзеге асыру – Қытай халқының таяу заманнан бергі ең ұлы арманы, біз оны «Қытай арманы» деп атадық, оның негізгі мазмұны – елді бай да құдіретті елге айналдыру, ұлтты көркейту, халықты бақытқа кенелту. Жұңхуа ұлты ежелден бейбітшілікті жақтайды. Таяу заманнан бері, Қытай халқы шетелдің шапқыншылығы мен ішкі соғыстың ғасырлық азабын тартты, бейбітшіліктің қадірін әбден біледі, бейбіт ортада елді көркейтіп, халық тұрмысын жақсарта түсуді аңсайды. Қытай бейбіт даму жолынан ауықтымай, ашық есік саясаты, селбесу, тең игіліктену арқылы дамуды қолдауға күш салады, сонымен бірге, әр елді бейбіт даму жолымен жүруге үндейді. Қытай қорғаныстық бағыттағы саясатын ұстанып келеді, әскери қауіп төндірмейді. Қытайдың дамуы мен әлеуеттенуі дүниежүзіне қауіп төндірмейді, қайта анағұрлым көп мүмкіндік тудырады. Біз жүзеге асырмақ болып отырған Қытай арманы Қытай халқына ғана емес, әр ел халқына да бақыт әкеледі.

Біз Қытай мен Ресей сынды екі ірі көрші елдің елді дамыту жобасы жағынан көп істе өзара үндестік тауып отырғанын көріп қуанып отырмыз. Ресей 2020 жылға дейін кісі басына шаққандағы ЖІӨ құны дамыған елдердің деңгейіне таяу немесе жеткізу нысанасын ортаға қойды, қазір елді құдіреттендіріп, халықты байыту жолымен үдере алға тартып барады. Біз Ресейдің өзінің күрес нысанасына ертерек жетуіне шын жүректен тілектеспіз. Көркейген, қуатты Ресей Қытайдың мүддесіне сай келеді, АТА мен дүниежүзінің бейбітшілігіне, тұрақтылығына да тиімді.

Қытай мен Ресейдің қатынасы – дүниежүзіндегі ең маңызды екі тараптылы қатынас, сондай-ақ тамаша ірі елдік қатынас. Қытай мен Ресейдің жоғары деңгейдегі, берік қатынасы – Қытай мен Ресейдің мүддесіне тиімді болумен бірге, халықаралық стратегиялық теңдік пен дүниежүзінің бейбітшілігін, тұрақтылығын қорғаудың да маңызды кепілі. Екі ел 20 жылдай құлшыныс арқылы стратегиялық ынтымақтастық, серіктестік қатынасын орнатты, бұл қатынаста қарсы жақтың мүддесі мен көңіл бөлетін істері толық ескеріліп, екі ел халқы одан шынайы игіліктеніп отыр. Екі ел тарихтан келе жатқан шекара мәселесін түбегейлі шешті, «Қытай-Ресей тату көршілік, достық, ынтымақтастық шартына» қол қойып, екі ел қатынасының болашақтағы дамуына берік негіз қалады.

Қазіргі таңда Қытай мен Ресей ұлттың гүлденуі сынды маңызды кезеңде тұр, екі елдің қатынасы бір-біріне маңызды даму орайын жаратып беретін, бір-бірін алдымен басты серіктес етіп таңдайтын жаңа сатыға қадам басты. Қытай мен Ресейдің жаңа жағдайдағы қатынасының дамуы жөнінде мен мына жақтардан көбірек күш салу керек деп қараймын:

Біріншіден, болашақтық қатынасты дамытудан ауытқымау. Қытай мен Ресейдің ғасырлар бойы тату болып өтуі, мәңгі жауласпауы – екі ел халқының ортақ тілегі. Біз екі ел қатынасын биік деңгейде, болашақты көзде ұстай отырып дамытуымыз, біртұтас жоспарлауымыз керек. Президент Путин:«Ресей гүлденген, орнықты Қытайға, Қытай да құдіретті, табысқа жеткен Ресейге мұқтаж» деген болатын. Мен оның бұл көзқарасын толық құптаймын. Екі елдің бірге дамуы Қытай мен Ресейдің стратегиялық ынтымақтастық, серіктестік қатынасының даму деңгейін кеңейтеді, халықаралық тәртіп пен халықаралық жүйенің әлі де үйлесімді бағытқа қарай дамуына белсенді күш қосады. Біз екі ел мәңгі тату көрші, жақсы дос, тамаша серік болып, енді бір жақтың өз елінің өзекті мүддесін қорғауын, дамуы мен гүлденуін, өз елінің жағдайына үйлесетін даму жолымен жүруін, өз істерін ойдағыдай істеуін іс жүзіндегі әрекетімізбен батыл қолдауымыз керек.

Екіншіден, екі елдің ынтымақтасу, тең игіліктену қатынасын дамытудан ауытқымау. Қытай мен Ресейдің мемлекет жағдайы, жалпы жағдайы да бір-біріне ұқсамайды, өзара тығыз бірлесіп, бірінің кемшілігін бірінің артықшылығымен толықтырып отырғанда, еселеген табыстарға жетуге болады. Өткен жылы Қытай мен Ресейдің сауда көлемі 88 миллиард 200 миллион АҚШ долларына, өзара барыс-келіс жасаушылардың саны 3 миллион 300 мың адамға жетті, бұл сандар Қытай мен Ресей қатынасының орасан зор даму әлеуеті мен кең даму болашағын толық көрсетеді. Қыттай мен Ресейдің энергетика жағындағы ынтымақтастығы тереңдеп келеді. XVII ғасырдағы «Шай жолынан»(«Шай жолы» Миң әулетінің соңғы кезі, 1368-1644 мен Чиң әулетінің алғашқы кездерінде, 1616-1911 шаньсилік саудагерлері ашқан, Қытайдың Фуцзянь өлкесінен басталып, Ресейдің Кияхта өңіріне дейін баратын, одан Ресейдегі Санкт-Петербургқа дейін жалғасатын шай сауда жолын меңзейді, ол жол бойы үлкенді-кішілі 200 қаланы басып өтеді, жалпы ұзындығы 13 мың километр, «Жібек жолымен» қатар аталатын маңызды халықаралық сауда жолы)кейін, Қытай мен Ресейдің мұнай-газ құбыры екі елді тұтастырған жаңа «ғасырлық күретамырға» айналды.

Қазір екі ел өз елінің және өңірлік даму стратегиясының бір-бірімен тұтасуын белсене қолдап, мүдделерінің тоғысу түйіндері мен ынтымақтастықты күшейту түйіндерін үздіксіз арттыруда. Біз екі ел ынтымақтастығының энергетика ресурстарынан инновация, инфрақұрылымдар құрылысы, жоғары технология, қаржы, т.б. салаларға кеңеюін, тауар импорт-экспортын бірлесіп зерттеуге, өндіруге ықпал етуін ілгерілетіп, екі елдің нақты ынтымақтастығының дәрежесі мен деңгейін үздіксіз жоғарылатуымыз керек.

Үшіншіден, екі ел халқының достық қатынасын дамытудан ауытқымау. Ел мен елдің қатынасы халықтың достығынан бастау алады. Халық достығы – елдер қатынасы дамуының күш қайнары. Осы арада мен екі ел халқының бір-бірін қолдап, өзара көмектескені жөнінде бірнеше мысал келтірейін. Жапон шапқыншыларына қарсы соғыс кезінде Кеңес Одағының ұшқыштары эскадрилья командирі Г.Кравченко Қытайға келіп, Қытай халқымен тізе қоса отырып шайқасты, ол жаны қинала:«Мен Қытайдағы еңбекші халықтың тартып отырған азабын өз отанымның азабындай сезініп отырмын»,- деген екен. Ол Қытайда ерлікпен құрбан болды. Қытай халқы бұл қаһарманды есінен шығарған жоқ, қытайлық бір ана мен бала оның қабірін жарты ғасырдан астам уақыт күзетіп келген. 2004 жылы Ресейде Беслан терактісі(«Беслан терактісі» 2004 жылы 1 қыркүйекте Ресейдің оңтүстігіндегі солтүстік Осетия Республикасының Беслан қаласындағы №1 орта мектепте орын алған лаңкестік шабуылдау оқиғасын меңзейді, онда барымталанғандардан 300 адам қаза тапқан болатын)орын алғаннан кейін, Қытай жараланған біраз баланы Қытайға келіп сауығуға, емделуге ұсыныс етті. Қытайда ден қоя күтімделген бұл балаларды ертіп келген ресейлік дәрігер Алан:«Дәрігерлеріңіздің аса мейірімді көмегін балаларымыз мәңгі ұмытпайды»,-деді. 2008 жылы Қытайдың Вэньчуан ауданында жойқын жер сілкінісінен(Вэньчуаньдағы жойқын жер сілкінісі 2008 жылы 12 мамыр сағат 14-тен 28 минут 4-секунд өткенде Қытайдың Сычуань өлкесінің Вэньчуань ауданында орын алған 8,0 балл жер сілкінісін меңзейді. Сілкініс ошағы Вэньчуань ауданы Йыңшю қалашығының оңтүстік-батысынан 38°бағыттағы 11 километр жерде. Сілкіністе өлім-жітім көп болды, 2008 жылы 25 қыркүйекке дейін 69 мың 227 адам қаза тауып, 374 мың 643 адам жараланды, 17 мың 923 адам дерексіз кетті. Сілкініс апаты өте ауыр болып, өңірлердің тікелей экономикалық зияны халық ақшасы бойынша 845 миллиард 100 миллион юаньға жетті)кейін Ресей бәрінен бұрын Қытайға көмек қолын созды және ондағы балаларды Ресейдің Қиыр Шығыс өңіріне келіп емделуге ұсыныс етті. Үш жыл бұрын мен Владивостоктағы «Теңіз-мұхит» Ресей мемлекеттік балалар орталығында ресейлік оқытушылардың қытайлық балаларды ден қоя күтіп, оларға мейіріммен қамқор болып отырғандығын өз көзіммен көрдім. Қытайлық балалар Ресей халқының мейірімі мен қамқорлығына бөленді, бұл қытайлықтар үнемі айтатын «мейірімділік кісі талғамайды» деген сөзді растады. Адамды әсерлендіретін мұндай істер өте көп, олар екі ел халқының достық бәйтерегіне нәр беріп келеді.

Қытай да, Ресей де ұзақ тарихқа, шұғылалы мәдениетке ие ел, гуманитарлық ауыс-түйістің екі ел халқының достығын күшейтудегі рөлі өзгеше. Қытайдың Конфуций, Лаоцзы сынды ертедегі ойшылдары Ресей халқына әбден таныс. Қытайдың аға буын төңкерісшілері орыс мәдениетінен нәр алған, осы ұрпақ – біздер де орыс әдебиетінің классикалық туындыларының көбімен таныспыз. Мен жас кезімде А.Пушкин, М.Лермонтов, И.Тургенев, Ф.Достоевский, Л.Толстой, А.Чехов, т.б.әдебиет алыптарының шығармаларын оқып, орыс әдебиетінің құдіретін терең сезіндім. Демек, Қытай мен Ресейдің мәдениет ауыс-түйісінің негізі мығым.

Жастар – елдің болашағы, дүниенің болашағы, сондай-ақ Қытай мен Ресейдің достығының болашағы. Осы жолы Ресейге сапарлай келгенімде, Президент В.Путин екеуміз екі ел 2014 және 2015 жылы өзара Қытай-Ресей жастарының достық ауыс-түйіс жылы қимылын өткізетінін жарияладық. Қытай тағы да Мәскеу халықаралық қатынастар институтының студенттерін қамтыған Ресей студенттерінің делегациясын Қытайда сапарда болуға ұсыныс етеді. Осындағы студенттер – ресейлік жастардың өкілдері Қытай-Ресей достығын жалғастырып, екі ел халқының достық істеріне белсене атсалысады деп үміттенемін.

Құрметті ұстаздар, студенттер!

Орыста «Алып кеме алысқа тартады» деген сөз бар, Қытайдың бұрынғы заман өлеңдерінде:«Күндердің бір күнінде дауыл тұрып, толқынды бұқтырамын соған мініп, өтемін ақша бұлтты желкен етіп, тулаған көк теңізді жыра тіліп»(Ли Бай:«Қиын-ақ сапар жолы жүрген жанға1»)деп айтылған. Мен екі ел үкіметі мен халқының бірге күш салуында Қытай мен Ресей қатынасының үздіксіз толқын жара алға ілгерілеп, болашаққа үдере тартып, екі ел халқын мол бақытқа кенелтіп, дүниежүзінің бейбітшілігі мен дамуын жебей түсетініне сенемін!

Көпшілікке рақмет!

(2013 жыл, 23 наурыз) 

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото