«Жібек жолы экономикалық белдеуін» бірге құрайық

(Онлайн Халық Газеті)2021 жыл 26 қыркүйек

Си Цзиньпиннің Назарбаев университетінде сөйлеген сөзі.

Осыдан 2100 жыл бұрын, Қытайдың Хань әулеті дәуірінде өмір сүрген Чжан Цянь бейбітшілік және достық борышын арқалап, Орта Азия өңіріне екі рет елші болып барып, Қытайдың Орта Азия елдерімен болған достық барыс-келісінің қақпасын ашып, Шығыс пен Батысты ендей өткен, Еуразия құрлықтарын тұтастыратын Жібек жолын ашқан еді.

Менің ата мекенім Шэньси сол байырғы Жібек жолының басталған жері. Бұл арада тұрып, тарихты еске алсам, сай-саладан жаңғырған керуен қоңырауының үні естілгендей, жапан даладан шұбатыла көтерілген түтінді көргендей боламын. Мұның бәрі маған өте ыстық сезіледі.

Қазақстан даласы – байырғы Жібек жолы басып өтетін жер, кезінде Шығыс пен Батыс өркениетінің тоғысуына, түрлі ұлттың, түрлі мәдениеттің ауыс-түйісіне және ынтымақтастығына келелі үлес қосқан. Шығыс пен Батыс елшілері, сауда керуендері, саяхатшылары, оқымыстылары, шеберлері бұл араға толассыз ағылып келіп отырған, жол бойындағы елдер өзара ауыс-түйіс жасап, бір-бірінен үйреніп, бір-бірін үлгі етіп, адамзат өркениетінің алға басуына ықпал еткен.

Байырғы Жібек жолындағы байырғы қала Алматыда Шянь Шиңхай(Шянь Шиңхай, 1905-1945, атамекені Гуаңдуң өлкесінің Паньюй ауданы - қазіргі Гуаңдуң өлкесінің Гуаңжоу қаласы. Аомэньда туған. Қытайдың осы заманғы музыканты) атында бір даңғыл бар. Ел арасында ауыздан-ауызға таралған мынадай бір әңгіме бар:1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғаннан кейін, Қытайдың әйгілі музыканты Шянь Шиңхай жол-жөнекей Алматыға келеді. Мұнда ешқандай туыс-туғаны жоқ, қалтасы қағылып, науқас меңдеткен оны қазақ музыканты Бақытжан Байқадамов жақын тартып, оған бір жайлы тұрақ дайындап береді.

Алматыда тұрған кезінде Шянь Шиңхай «Ұлт азаттығы», «Қасиетті соғыс», «Өзен тұтас қызарды» сынды әйгілі музыкалық туындыларды өмірге әкеледі. Сондай-ақ қазақ батыры Амангелдінің батырлығын бейнелейтін симфониялық дастан – «Амангелдіні» жазып, халықты фашизмге қарсы соғыс жүргізуге жігерлендіріп, жергілікті халықтың құрметіне бөленді.

Сан ғасырдан бері осы байырғы Жібек жолында әр ел халқы достықтың өшпес дастанын бірге жазды. Екі мың жылдық барыс-келіс тарихы ынтымақты, бір-біріне сенімді, терезесі тең болса, өзара пайда жеткізіп, кеңпейіл болып, бір-бірінен үлгі алып, селбесіп, тең игіліктенетін болса, онда ұлты, сенімі, мәдениет төркіні басқа-басқа елдердің де бейбітшіліктен тең игіліктеніп, бірге дамуына әбден болатынын дәлелдеді. Бұл байырғы Жібек жолы бізге сыйлаған ұлағатты өнеге.

20 жылдан бері Қытайдың Еуразия елдерімен орнатқан қатынасының жедел дамуымен байырғы Жібек жолы барған сайын өзінің тың өміршеңдігін көрсетіп, Қытайдың Еуразия елдерімен жасасқан тиімді ынтымақтастығын ең жаңа формамен жаңа тарихи белеске көтерді.

«Алыстағы туыстан жақындағы көршы артық». Қытай мен Орта Азия елдері – іргелес тату көршілер. Қытай Орта Азия елдерімен орнатқан достық, ынтымақтастық қатынасын дамытуға баса мән береді. Оны дипломатияның басым бағыты етеді.

Қазіргі таңда Қытай мен Орта Азия елдері қатынасының дамуына ілуде бір кездесетін мүмкіндікті үздіксіз арттырып, достықты бекемдеп, ынтымақтастықты күшейтіп, бірге дамып-гүлденуді қолдап, әр ел халқына бақыт жаратуды үміт етеміз.

–Біз достықты ғасырдан-ғасырға жалғастырып, берекелі, тату көрші болуымыз қажет. Қытай бейбіт даму жолына табанды болып, тәуелсіз, өзіне-өзі қожайын болатын бейбіт дипломатиялық саясатын батыл атқарады. Біз әр ел халқының өздері таңдаған даму жолына және ұстанатын ішкі-сыртқы саясатына құрмет етеміз, Орта Азия елдерінің ішкі істеріне килікпейміз. Қытай аумақтық істерді билеуді көздемейді, күш көлемін ұлғайтумен шұғылданбайды. Біз Ресей және Орта Азия елдерімен байланысты және ынтымақтастықты күшейтіп, жарасымды өңір құруға қажымай-талмай бірлікте күш салуды қалаймыз.

–Біз бір-бірімізді батыл қолдап, адал, сенімді дос болуымыз керек. Мемлекеттің егемендігі, территория тұтастығы, қауіпсіздік, тұрақтылық сияқты келелі, өзекті мүдде мәселесінде бір-бірімізді батыл қолдау – Қытайдың Орта Азия елдерімен жасасқан стратегиялық серіктестік қатынасының мәні және маңызды мазмұны. Біз әрқайсы елдермен екі тарапты және Шаңхай Ынтымақтастық Ұйымы (ШЫҰ – Қытай, Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан сынды алты ел 2001 жылы 15 маусымда Шаңхайда жариялап құрған үкіметтер арасындағы халықаралық ұйымды меңзейді. Оның төркіні – «Шаңхай бестігі» кездесу механизмі. ШЫҰ-ның түпкі мақсаты:мүше елдер арасындағы сенімділік пен тату көршілік достықты күшейту, мүше елдермен саяси, экономика, ғылым-техника, мәдениет, білім беру, энергетика, қатынас, қоршаған ортаны қорғау және басқа салаларда ұтымды ынтымақтастық жасау, өңірлердің бейбітшілігін, қауіпсіздігін және тұрақтылығын қорғау, оны қамтамасыз ету, демократиялы, әділ, үйлесімді халықаралық саяси, экономикалық жаңа тәртіп орнатуды қолдау. Ол жылына бір рет мүше елдер басшыларының ресми кездесуін, мерзім бойынша үкімет басшыларының кездесуін өткізеді, кездесулер мүше елдерде кезекпен өткізіледі)аясында өзара сенімділікті арттырып, ынтымақтастықты тереңдетіп, «Үш түрлі күшке»(«Үш түрлі күш» – зорлықты лаңкестік, ұлттық сепаратизм және діни экстремизм күштерін меңзейді), есірткі саудалауға, еларалық ұйымдық қылмыстарға бірлесе соққы беріп, өңірлік экономиканың дамуы мен халықтың алаңсыз тіршілік етуіне тамаша орта жаратуды қалаймыз.

–Біз нақты ынтымақтастықты барынша күшейтіп, өзара тиімділік жасап, тең игілікке кенелетін жақсы серік болуымыз керек, Қытай да, Орта Азия елдері де дамудың шешуші сатысында тұр, бұрын кезікпеген мүмкіндіктер мен сындарға дөп келіп отыр. Бәріміз де өз еліміздің жағдайына үйлесетін орта, ұзақ мерзімдік даму нысанасын ортаға қойып отырмыз. Біздің стратегиялық нысанамыз бір – экономиканың ұзақ уақыт орнықты артуына, елдің гүлденуіне, бай да құдіретті болуына, ұлттың көркеюіне шынайы кепілдік ету. Біз нақты ынтымақтастықты жаппай күшейтіп, саяси қатынас, өңірлік көршілестік абзалдылығымызды, экономикалық жақтан бір-бірімізді толықтау абзалдылығымызды нақты ынтымақтастық абзалдылығына, экономиканың баянды арту абзалдылығына айналдырып, өзара пайда жеткізіп, тең игілікке кенелетін мүдделес ортақ тұлға қалыптастыруымыз керек.

–Біз анағұрлым кең пейілмен, анағұрлым кең көз аямен өңірлік ынтымақтастық өрісін кеңейтіп, тың шұғылалы нәтижені бірге жаратуымыз керек. Қазіргі таңда, әлемдік экономиканың тоғысып дамуы тездеді, өңірлік ынтымақтастық өркендеп келеді. Еуразия өңірінде көптеген өңірлік ынтымақтастық ұйымдар құрылды. Еуразия экономикалық қауымдастығы (ЕАЭҚ) мен ШЫҰ-ға мүше елдер, байқаушы елдер Еуразия, Оңтүстік Азия, Батыс Азия өңірін тұтас қамтыды, ШЫҰ мен ЕАЭҚ-ның ынтымақтастығын күшейту арқылы даму өрісін онан әрі кеңейтуімізге болады.

Еуразия елдерінің экономикалық байланысын анағұрлым нығайту, өзара ынтымақтастығын анағұрлым тереңдету, даму өрісін одан ары кеңейту үшін инновация сынды ынтымақтастық үлгісімен «Жібек жолы экономикалық белдеуін» бірге құруымызға болады. Бұл – Жібек жолының байырғы әр ел халқын бақытқа кенелтетін ұлы іс. Мұндай іске мына жақтардан, яғни бір жердің сәтті тәжірибесі арқылы көп жерге жетекшілік етуден, бір желі арқылы барлық жағын қамтудан, өңірлік зор ынтымақтастықты біртіндеп қалыптастырудан бастап кірісу керек.

Біріншіден, саясат жағынан пікір алмасуды күшейту. Әр елдің экономиканы дамыту стратегиясы мен шаралары жөнінде пікір алмасып, ортақтықтарға ұмтылу, айырмашылықтарды сақтау принципіне сай өңірлік ынтымақтастықты ілгерілетудің жобасы мен тәсілдерін ақылдасып белгілеп, өңірлік экономиканың тоғысуына саясат және заң жағынан «жасыл шам жағуына» болады.

Екіншіден, жолды тұтастыруды күшейту. ШЫҰ қатынасқа қолайлылық жасау келісімі жөнінде ақылдасу үстінде. Осы құжатқа жедел қол қоятын және ол тиянақтандырылатын болса, Тынық мұхиттан Балтық теңізіне дейінгі тасымал жолы ашылады. Осы негізде біз әр жақпен бірге трансшекаралық қатынас инфрақұрылымдарын кемелдендіру жөнінде белсене ізденіс жасап, Шығыс, Батыс және Оңтүстік Азиямен тұтасқан қатынас-тасымал торабын біртіндеп қалыптастырып, әр ел экономикасының дамуына және адамдардың барыс-келісіне қолайлылық жасауды қалаймыз.

Үшіншіден, сауда үздіксіздігін күшейту. «Жібек жолы экономикалық белдеуінде» үш миллиардқа жуық халық бар және бұл аймақтардың нарығы өзгеше. Ондағы елдердің сауда және инвестиция саласындағы ынтымақтастық әлеуеті орасан зор. Түрлі сауда салаларына және инвестицияға қолайлылық жасау мәселесі туралы зерттеуі, сонымен бірге үйлесімді орналастыру жасап, сауда дуалдарын аластап, сауда мен инвестицияның өзіндік құнын төмендетіп, өңірлік экономиканың айналым қарқыны мен сапасын жоғарылатып, өзара пайда жеткізу, тең игіліктену керек.

Төртіншіден, валюта айналымын күшейту. Қытай, Ресей елдері өз ақшасымен есеп жабу жағында тамаша ынтымақтастық жасасып, қуанарлық табыстарға қол жеткізді, сондай-ақ мол тәжірибе топтады. Бұл жақсы әдісті жалпыластыра түсу қажет. Егер әрқайсы елдер үнемілік түрлері мен капиталдық түрлерінде өз ақшасын ауыстыруды және өз ақшасымен есеп жасауды жүзеге асырса, онда айналымның өзіндік құнын едәуір төмендетіп, қаржы қауіп-қатеріне төтеп беру қуатын арттырып, сол өңірдің экономикасының халықаралық бәсекелік қуатын күшейтуге болады.

Бесіншіден, халықтың көңілін тоғыстыру. Ел мен елдің қатынасы халықтың достығынан туады. Жоғарыда айтылған салалардағы ынтымақтастықты күшейту үшін, әр ел халқының қолдауына ие болып, халықтың достық барыс-келісін күшейтіп, өзара түсінісу мен дәстүрлі достықты нығайтып, өңірлік ынтымақтастықты өрістетудің халық тілегіндегі негізі мен қоғамдық негізін бекемдеу керек.

(2013 жыл, 7 қыркүйек) 

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото