CIIE Қазақстанға Қытай нарығына шығуға тамаша мүмкіндік береді

(Онлайн Халық Газеті)2021 жыл 3 қараша

3 қараша, онлайн «Халық Газеті» -- CIIE Қазақстанға Қытай нарығына шығудың тамаша мүмкіндігін береді - Қазақстанның сауда саясатын дамыту орталығы директорының орынбасары Нұралы Бөкейхановпен сұхбат

Қазақстанның сауда саясатын дамыту орталығы директорының орынбасары Нұралы Бөкейханов Нұр-Сұлтанда Синьхуа ақпарат агенттігінің тілшілеріне берген эксклюзивті сұхбатында жыл сайынғы CIIE қазақстандық өндірушілерге өз өнімдерін көрсету және Қытай нарығына шығу мүмкіндігін беретінін жеткізді. Алғашқы CIIE өткізілгеннен бері оған 100-ден астам қазақстандық кәсіпорын қатысып, көптеген келісімшарттар мен экспорттық келісімдерге қол қойылды.

Н.Бөкейханов Қазақстанның сауда саясатын дамыту орталығы Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігіне қарасты толық акционерлік қоғам болып табылатынын және қазақстандық кәсіпорындардың ағымдағы CIIE-ге қатысуын ұйымдастыруға жауапты екенін жеткізді. Бұл ұйым қазақстандық өндірушілерге сыртқы нарыққа шығуға, өнім сертификаттарын алуға және логистикалық бағыттарды құруға көмектеседі. Қытай нарығы мен CIIE ұйым жұмысының маңызды бөлігі болып табылады.

Н.Бөкейхановтың айтуынша, CIIE Қазақстан үшін аса оңтайлы, жыл сайын көрмеге 20-30 қазақстандық компания қатысады. Көрме өткізілгеннен бері қазақстандық өндірушілер қытайлық әріптестерімен 500 миллион АҚШ долларына жуық келісім-шарттар мен экспорттық келісімдерге қол қойды. Биылғы жылы көрмеге Қазақстаннан 27 компания қатысып, олар негізінен ет, ұн, сусындар, май және сүт өнімдері сияқты азық-түлік және ауылшаруашылық өнімдерін көрсетеді. «Біз осы CIIE-де 150 миллион АҚШ долларынан астам экспорттық келісімге қол жеткізуге үміттенеміз».

Н.Бөкейханов CIIE-де қол жеткізілген барлық сауда келісімдері Қытайдың сауда департаментінде тіркеліп, Қытай тарапынан көмек көрсетілетінін, оларға тексеру, карантиндік шектеу және кедендік ресімдеу кезінде тиісті қолайлылық пен басымдық берілетінін мәлімдеді.

Нұралы Бөкейханов індеттің салдарынан биылғы CIIE онлайн және офлайн әдістерінің үйлесімімен өтетінін айтты. Қазақстандық өндірушілер 5 қарашаға дейін көрмеге қойылған барлық өнімдердің үлгілерін жеткізеді. Кәсіпорынның жауапты тұлғасы қытайлық серіктестермен жедел хабар алмасу бағдарламалық құрал арқылы онлайн байланысты жалғастырады және B2B келіссөздерін жүргізеді. Сонымен бірге Қытайдағы қазақстандық кәсіпорындардың өкілдері қазақстандық өнімді қытайлық серіктестерге көрме алаңында таныстырып отырады. Ұлттық павильонда қазақстандық көрме залына келушілерге Қазақстанның ұлттық келбетін және инвестициялық әлеуетін неғұрлым жақсы бағалауға мүмкіндік беру үшін 3D VR технологиясын да пайдаланады.

Н.Бөкейханов Қытайдың орасан зор экономикалық және мәдени мұрасы бар ел екенін, ал Қазақстан «Бір белдеу, бір жол» бастамасының алдыңғы қатарында тұратынын және «Бір белдеу, бір жол»-ды бірлесіп құруды қолдайтынын айтты. Қазақстан мен Қытай арасындағы жоғары технологиялық, логистика және көлік саласындағы ынтымақтастық Қазақстанға көп пайда әкелді.

«Бәріміз білетіндей, Қазақстан – теңіз порты жоқ ел, ал біздің «мұхитымыз» – Қытай. Біз үшін Қытай – мұхит тәрізді үлкен сауда нарығы», - деді Н.Бөкейханов.

(Редактор:Ыбырай Дүйсен,Deng Jie)

Фото