Премьер-министр Ли Кэцян ШЫҰ елдерін өзара саяси сенімділікті арттыруға және прагматикалық ынтымақтастықты тереңдетуге шақырды

(Онлайн Халық Газеті)2021 жыл 26 қараша

26 қараша, онлайн «Халық Газеті» -- Қытай барлық мүше-мемлекеттермен өзара саяси сенімді күшейтіп, прагматикалық ынтымақтастықты тереңдетіп, аймақтық өркендеу мен тұрақтылықты ілгерілету үшін бірге жұмыс істеуге дайын. Мемлекеттік кеңестің премьер-министрі Ли Кэцян 25 қарашада Бейжіңде Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттердің үкімет басшылары (премьер-министрлер) кеңесінің 20-сыншы отырысында жоғарыдағыдай пікірін білдірді.

Ли Кэцян былай деді: «20 жыл бұрын құрылған Шанхай ынтымақтастық ұйымы аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылыққа және мүше елдердің ортақ дамуына тиімді ықпал еткен «Шанхай рухын» қолдап келеді».

Қытай премьер-министрі қазіргі халықаралық және аймақтық жағдайдың күрделі және терең өзгеріске толы екендігін, індеттің әлі де құбылып тұрғанын, әлемдік экономикалық жандану бірқалыпты еместігін және барлық елдің даму көрсеткіштері ауыр сынақпен бетпе-бет келіп отырғандығын, осы ретте Қытай барлық мүше-мемлекеттермен саяси өзара сенімді күшейтіп, прагматикалық ынтымақтастықты тереңдетіп, аймақтық өркендеу мен тұрақтылықты ілгерілету үшін бірге жұмыс істеуге дайын екенін айтты.

Ли Кэцян төмендегідей бес ұсыныс жасады:

Біріншісі – ұзақ мерзімді өңірлік тұрақтылықты сақтау үшін қауіпсіздік тосқауылын бекемдеу. Құқық қорғау және қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықтың негізін нығайтып, «Үш түрлі күшке» қарсы күрестегі бірлескен құқықтық құжаттарды жүзеге асырып, лаңкестік пен есірткіге қарсы шараны және ақпараттық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты күшейту.

Екіншісі – індеттің алдын алу және оны бақылауда бірлесіп жұмыс істеп, денсаулық сақтау саласын басқаруды күшейту. ШЫҰ-ның негізгі жұқпалы аурулар туралы есеп беру жүйесін тиімді пайдаланып, вакциналар мен дәрі-дәрмектерді зерттеу және әзірлеу саласындағы ынтымақтастықты ілгерілету және денсаулық сақтау дағдарыстарына жауап беру деңгейін жақсарту.

Үшіншісі – барлық елдердің экономикасын қалпына келтіруге көмектесу үшін ашықтық пен ортақ нәтижеге жетуді ұстану. Ашықтықты бағыт етіп, сауда-инвестициялық ахуалды үздіксіз жақсартып, сауданың ауқымы мен сапасын арттыру. Энергетикалық саясатты үйлестіруді күшейтіп, өңірлік энергиямен қауіпсіз және тұрақты қамтамасыз ету. Қытай ШЫҰ елдерінен жоғары сапалы ауыл шаруашылығы өнімдерінің импортын кеңейтіп, әр елмен өзара теңгерімді және тұрақты сауданы ұлғайтуға дайын.

Төртіншісі – өзара байланысты ілгерілетіп, өңірлік экономикалық айналымдағы үздіксіз дамуды сақтау. Әрбір мүше-мемлекеттің географиялық артықшылықтарын толық пайдаланып, көлік, энергетика және коммуникация желілері құрылысына ықпал ету. Қолданыстағы «жылдам арна» мен «жасыл арна»-ның рөлін айқындап, аймақтық прагматикалық ынтымақтастықты тұрақты түрде жақсартуға жәрдемдесу.

Бесіншісі – халықтың тіршілігі мен әл-ауқатына назар аударып, жасыл және тұрақты даму әлеуетін күшейту. Эпидемиялық жағдайға сәйкес кадр алмасуды қалпына келтіру. Қоршаған ортаны қорғау, климаттың өзгеруі, төмен көміртекті экономика және басқа салалардағы ынтымақтастықты тереңдетіп, мәдени алмасуларды күшейту.  Қытай тарапы ШЫҰ-ның көпжақты бірлескен жедел ақпарат алмасу жүйесін және еріктілік принципіне негізделген медицина, заң және ауыл шаруашылығы университеттерінің альянсын құруды ұсынады.

Ли Кэцян мен қатысушы мүше мемлекеттердің басшылары бірлескен коммюникеге қол қойып, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының экономикалық және сауда саласындағы ынтымақтастық жөніндегі бірқатар құжаттар мен қарарларды бекітті.

(Редактор:Ыбырай Дүйсен,Deng Jie)

Фото