Қазақстан Ұлттық банкі ҚР Тұңғыш Президентінің портреті бар мерейтойлық банкнотты айналысқа шығарады

(Онлайн Халық Газеті)2021 жыл 3 желтоқсан
Қазақстан Ұлттық банкі ҚР Тұңғыш Президентінің портреті бар мерейтойлық банкнотты айналысқа шығарады

Қазақстан Ұлттық Банкі Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған номиналы 20 000 теңгелік мерейтойлық банкнотты айналысқа шығарады, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Ұлттық Банкінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ұлттық банктің баспасөз қызметі хабарлағандай, мерейтойлық банкноттың дизайны бірегей технология бойынша дайындалды: банкноттың тігінен орналасқан және номиналдың голографикалық бейнесін, Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған логотипті және Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың факсимилесін қамтыған металсыздандырылған жолақ әлемде алғаш рет қолданылды.  

Мерейтойлық банкноттың 27 қорғаныш элементі бар. Банкноттың дизайны айналыстағы ақша белгілерімен бірыңғай стильде жасалған: бет жағы негізінен тік бейнелерді, сыртқы жағы көлденең бейнелерді қамтиды. Банкнот басым түс – сұр түсте орындалған. Банкнот көлемі 155х79 мм", - деп атап өтті ведомствода.

Бет жағындағы негізгі бейнелер – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев портретінің голографиялық бейнесі, Қазақстанның тәуелсіздігі мен мемлекеттілігінің нышаны ретінде "Қазақ Елі" монументі, "Мәңгілік Ел" салтанат қақпасы, қазақтардың дәстүрлі тұрғын үйі "Киіз үйді" безендіру желісі бойынша "Басқұр" – таспасындағы қазақтың ұлттық өрнегінің фрагменті.

Сыртқы бетіндегі негізгі бейнелер – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың портреті, Нұр-Сұлтан қаласының және Ақорда Президент резиденциясының панорамалық көрінісі, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекеуге арналған логотип бейнесі.

Номиналы 20 000 теңгелік мерейтойлық банкнот Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында төлемдердің барлық түрі бойынша нақты құны бойынша қабылдауға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының барлық банктерінде банктік шоттарда аударуға, ұсақтауға және айырбастауға міндетті", - деп хабарлады баспасөз қызметі.

Ұлттық Банкте еске салғандай, Қазақстан Елбасының портреті бар номиналы 10 000 теңгелік алғашқы мерейтойлық банкнот 2016 жылы шығарылған және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орайластырылған.

Қазіргі кезде Қазақстанда номиналы 200, 500, 1 000, 2 000, 5 000, 10 000 және 20 000 теңгелік банкноттар айналыста қолданылып жүр.

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото