Қытайда Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері таныстырылды

(Онлайн Халық Газеті)2021 жыл 6 желтоқсан
Қытайда Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері таныстырылды

6 желтоқсан, онлайн «Халық Газеті» -- 2021 жылы 3 желтоқсан күні Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Қазақстанның Қытайдағы Елшілігінде онлайн және офлайн түрінде қытайлық және қазақстандық БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз жиналысы салтанатты түрде өтті.

Қазақстанның Қытайдағы уақытша сенімді өкілі Мұрат Мұқышев жиналған журналистерге Қазақстанның Тәуелсіздік алғаннан бергі уақыттағы елдің қалыптасуы мен дамуының негізгі кезеңдерін жүйелеп, таныстырды әрі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанның тәуелсіз ел мәртебесіне жету үшін жасаған еңбектеріне тоқталып, жоғары баға берді.

Ол: «Тәуелсіздік алғаннан бергі 30 жылда Қазақстанның экономикалық өсу көлемі 15 есеге, халықтың кірісі 8 есеге өсті, кедейлік деңгейі 9 есеге жуық төмендеді. Соңғы 30 жылда Қазақстанға 330 миллиард АҚШ долларынан астам тікелей шетелдік инвестиция тартылды», - деді. Бұл көрсеткіштер Қазақстанның жоғары дамыған ашық экономикасы мен тиімді инвестициялық ахуалының дәлелі.

Қытай Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі болып табылады. Қытай кеденінің мәліметі бойынша, Қазақстан мен Қытай арасындағы жылдық сауда көлемі тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында 400 миллион доллар болса, 2020 жылы 21,4 миллиард АҚШ долларына дейін өскен. Мұрат Мұқышев соңғы 30 жылда екі ел тату көршілік, өзара сенім және өзара тиімділік рухындағы ынтымақтастықты дамытып, Қытай-Қазақстан қарым-қатынасы тұрақты әрі жан-жақты стратегиялық әріптестіктің жаңа қарқынды деңгейіне көтерілгенін атап өтті. Ол 2022 жылы 3 қаңтарда Қытай мен Қазақстан қарым-қатынасының орнағанына 30 жыл толатынын, осыған орай екі ел бірқатар іс-шараларды ұйымдастырып жатқанын жеткізді.

Сенімді өкіл Мұрат Мұқышев пандемия кезінде Қытай мен Қазақстан індеттің алдын алу және оған қарсы күрес саласында тиімді ынтымақтастық орнатқанын, екі тараптың белсенді диалогы сауда мен логистиканың бірқалыпты дамуын қамтамасыз етіп, екі елдің инфрақұрылымдық даму бағдарламалары, «Нұрлы жол» мен «Жібек жолының экономикалық белдеу» стратегиясы сәтті жүріп жатқанын айтты. Әрі Қазақстан 2022 жылғы Бейжің қысқы Олимпиадасының сәтті өтуіне тілектес екенін мәлімдеді.

Баспасөз жиналысына «China Daily», «Beijing Ribao», «онлайн Халық Газеті» сынды бірнеше Қытайдың ірі БАҚ өкілдері мен қазақстандық БАҚ өкілдерінен «Хабар» және «ҚазАқпарат» агенттігінің Қытайдағы меншікті тілшілері қатысты. 

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото