Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған салтанатты жиынға қатысты

(Онлайн Халық Газеті)2021 жыл 16 желтоқсан
Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған салтанатты жиынға қатысты

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған салтанатты жиынға қатысып, маңызды сөз сөйледі деп хабарлайды ҚазАқпарат сайты.

«Құрметті отандастар! Ардақты ағайын!

Баршаңызды қастерлі Тәуелсіздігіміздің мерейлі белесімен шын жүректен құттықтаймын!»-, деп Қасым-Жомарт Тоқаев бүкіл Қазақстандықтарды мерекемен құттықтады.

«Бүгінгі мерейлі мемлекетіміз – Елбасымыздың ерен еңбегінің жемісі, көзсіз ерлігінің жеңісі! Ол Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаған тұлға ретінде әлем тарихынан мәңгі орын алады. Тұңғыш Президентіміз жаһан жұртының алдында ұлт мүддесін қорғай білген көреген саясаткер. Қиыннан қиыстырып, тосын шешімдер қабылдай алатын жасампаз реформатор. Осындай бірегей қасиеттің бәрі бойына тоғысқан біртуар тұлғасы бар қазақ – бақытты халық»-, деп ол ҚР Тұңғыш Президентінің еңбегін жоғары бағалады.

«Тарихи уақыт өлшемімен қарағанда отыз жыл деген – қас-қағым сәт. Ал, өткен оқиғалар тұрғысынан бағаласақ, ғасырларға татитын мерзім. Қазақстан халқы үшін бұл – азаттық жылнамасының тұтас дәуірі. Жарқын болашағымызға жол салған ұлы жетістіктер кезеңі. Енді Тәуелсіздіктің төртінші онжылдығына қадам басқалы тұрмыз. Бұл кезең бізге жаңа міндеттер жүктейді. Мемлекеттігімізді одан әрі нығайтып, халқымыздың әл-ауқатын арттыра түсуіміз керек. Сондықтан, барлық саладағы реформаны міндетті түрде жалғастыра береміз. Ең бастысы, бейбіт өмірді, тыныштық пен тұрақтылықты сақтай білуіміз қажет. Сонда азаматтарымыз Тәуелсіздіктің игілігін әрдайым сезінетін болады. Біздің мақсатымыз – осы»-, деп Қазақстанның даму мақсатын да атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөз соңында «Жолдарыңыз кедір-бұдырсыз болмайды, сондықтан, көп білім алып, рухани жағынан байып, нағыз азамат ретінде қалыптасу керек. Уақыт тынысын дөп басып, заман талабына бейімделе білген жұрт ешқашан ұтылмайды. Кез-келген сынаққа дайын тұрады. Біз күш-қуаты мен қарым-қабілеті сай кемел халық болуымыз керек. Күнде өзгеріп жатқан құбылмалы кезеңде бұл мақсатқа жету күрделі екені анық. Қазір әлемге тұрақсыздық факторлары әсер етуде. Оның үстіне, пандемияға байланысты жаңа сын-қатерлер пайда болды. Бірақ, жұртымыз қиындықтың бәрін еңсере алатынына сеніміміз зор»-, деп Қазақстанның даму жолындағы қиындықтар мен оны жеңетін сенімін білдірді.

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото