Коронавирус: Қазақстанда 5 қаңтардан бастап карантин шаралары күшейтілмек

(Онлайн Халық Газеті)2021 жыл 30 желтоқсан

29 желтоқсанда ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен Қазақстан аумағында коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның осы жылғы қорытынды отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаевтың Facebook парақшасындағы жазбаға қарағанда отырыс барысында Қазақстанның Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов баяндама жасап, республикадағы эпидемиологиялық ахуал жайында есеп берген.

«Отырыс барысында елдегі эпидемиологиялық ахуалдың тұрақты екендігі аталып өтілді. Бірақ, «омикрон» штамы қазірдің өзінде әлемнің 110 елінде анықталып отыр. ДДСҰ мәліметіне қарағанда оның таралуы «дельта» нұсқасынан 5 есе жоғары. Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігінің қосымша іс-шаралар қабылдау туралы ұсынысы мақұлданды. Атап айтқанда, 5 қаңтардан бастап сауда ойын-сауық орталықтарына, сауда үйлері мен караокелерге «жасыл» мәртебесі бар адамдардың ғана кіруіне рұқсат беріледі»,- деді ол.

Оның атап өтуінше, Қазақстанның аумағында «омикрон» штамы анықталған және эпидемиологиялық ахуал нашарлаған жағдайда мұндай шектеулер банктер, Қазпошта бөлімшелері сынды басқа да нысандарға қолданылатын болады.

Жиын барысында Ералы Тоғжанов Қазақстандағы эпидемиологиялық ахуал халық вакцинациямен және ревакцинациямен қамтуға тікелей байланысты екендігін атап өткен. Осыған орай вице-премьер кейбір өңірлердегі ревакцинация көрсеткішінің төмендігін ескере отырып, бұл бағыттағы жұмысты жандандыруды тапсырған.

(Редактор:Ыбырай Дүйсен,Deng Jie)

Фото