Қасым-Жомарт Тоқаев лаңкестікке қарсы штабтың отырысын өткізді

(Онлайн Халық Газеті)2022 жыл 7 қаңтар

Қазақстанның Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев лаңкестікке қарсы штабтың отырысын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін таңғы сағат 7:00-де Қасым-Жомарт Тоқаев Ақорда резиденциясында Президент Әкімшілігінің, Қауіпсіздік Кеңесінің және күштік құрылымдар басшыларының қатысуымен кеңес өткізді.

Жиын барысында Қазақстандағы  қазіргі ахуал, сондай-ақ лаңкестікке қарсы іс-қимылдардың барысы мен өңірлердегі жағдай қарастырылды.

– Антитеррор операциясы басталды. Күштік құрылымдар қауырт жұмыс атқарып жатыр. Негізінен бүкіл өңірде конституциялық тәртіп қалпына келтірілді. Жергілікті органдар жағдайды бақылауда ұстап отыр. Алайда лаңкестер қару қолданып, азматтардың жеке мүлкіне залал келтіруде. Сондықтан лаңкестікке қарсы іс-қимылдар содырларды толық жойғанша жалғаса береді, – Қасым-Жомарт Тоқаев.

Құрылымдық күштер басшыларының хабарлауынша, жалпы тәртіпті реттеуге атсалысу үшін Қазақстанға ҰҚШҰ-ның біріккен бітімгерлік әскери күштері келе бастады. Олар стратегиялық нысандардың қорғалуын қамтамасыз ету үшін белгілі бір шектеулі мерзімге ғана келді.

Жиында Қазақстанның Ішкі істер, Қорғаныс министрлерінің міндетін атқарушы тұлғалар және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы есеп берді.

Қазақстанның Мемлекет басшысы Қазақстандағы жағдайды одан әрі тұрақтандыру жөнінде бірқатар нұсқау берді. 

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото