Ван И Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары және Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен телефон арқылы сөйлесті

(Онлайн Халық Газеті)2022 жыл 11 қаңтар

11 қаңтар, онлайн «Халық Газеті» -- 10 қаңтарда Мемлекеттік кеңес мүшесі және Сыртқы істер министрі Ван И Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары және Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен телефон арқылы сөйлесті.

Ван И бүгін сізбен телефон арқылы сөйлесіп Қазақстанның тұрақты жан-жақты стратегиялық серіктесі Қытайдың Қазақстанның болашағы мен тағдырына саясатын қиын сәтте тұрақтылықты сақтауда және зорлық-зомбылықты тоқтатуда, Қазақстанға табанды қолдау көрсетуге дайын екендігін тағы бір мәрте жеткізбекшімін деді. Ол тағы да үш күн бұрын Қытайдың Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстан Президенті Тоқаевқа ауызша хат жолдап, қолдайтынын ашық білдірді, бұл Қытай мен Қазақстан арасындағы тұрақты жан-жақты стратегиялық серіктестіктің жоғары деңгейін толық көрсеткенін және бейнетте де, зейнетте де бірге болатын ұлы достығын тағы бір рет растағанын атап өтті. Қытай тарапы екі мемлекет басшылары қол жеткізген маңызды саяси консенсусты жүзеге асыру үшін Қазақстан тарабымен бірлесіп жұмыс істеуге разы және Қазақстанға қажетті қолдау мен көмек көрсетуге қашанда дайын екенін білдірді.

Мұхтар Тілеуберді Қытайдың Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстан қиын сәтке кездескенде Қазақстан Президенті Тоқаевқа маңызды ауызша хат жолдап, Президент Тоқаев пен Қазақстан халқына қолдау білдіргені үшін шын жүректен алғыс айтты. Бүгін Қазақстанның ұлттық аза тұту күні. Осындай сәтте Қытай Сыртқы істер министрінің телефон шалғаны, Қытайдың Қазақстанға деген қолдауы мен ағайын достық ниетін тағы бір рет көрсетіп бергенін жеткізді.

Мұхтар Тілеуберді Қазақстандағы жағдайдың бүге-шігесін және оның ең жаңа ақпаратын таныстырып, Қазақстан алдын ала жоспарланған лаңкестік әрекеттен зардап шеккенін, ол көптеген жерлерде және бір уақытта кенеттен орын алғанын және лаңкестер мыңдаған құқық қорғау қызметкерлері, әскери полиция және медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағанын айтты. Ол тағы да біз дер кезінде шешуші шаралар қабылдадық, қазіргі жағдай тиімді реттеліп, бейбітшілік пен тыныштық қалпына келтірілуде. Қазақстан шетелдік органдар мен қызметкерлердің, сондай-ақ шетелдік инвестициялардың қауіпсіздігіне толық кепілдік береді және халықаралық міндеттемелер мен келісімдерді орындауды жалғастырады деп айтты.

Ван И Қазақстандағы Ұлттық аза тұту күніне орай Қытай Қазақстандағы зорлық-зомбылық пен лаңкестікке қарсы күресте қаза тапқан алдыңғы шептегі тәртіп сақшыларына құрмет білдіреді, жазықсыз жараланғандардың халын сұрап, жазықсыз қайтыс болғандарға көңіл айтады. Қазіргі уақытта Қытай үкіметі мен халқы Қазақстан үкіметі мен халқы тарапында берік тұратынын айтты. «дауылды жаңбыр өткен соң кемпір қосақ шығады» демекші Қазақстан Президенті Тоқаевтың күшті басшылығымен Қазақстан бейбітшілік пен тұрақтылықты толық қалпына келтіріп, осы жолғы «қара түнекті» жеңіп шығып, бұдан да төзімді әрі әлеуетті болатынына сенімім кәміл деді.

Ван И Қазақстандағы бұл жолғы тәртіпсіздік Орталық Азиядағы жағдайдың әлі де ауыр сынақтардың алдында тұрғанын көрсетіп отырғанын және кейбір сыртқы күштердің бұл өңірде бейбітшілік пен тыныштық орнағанын қаламайтынын тағы бір рет дәлелдеп отыр. Көрші ел ретінде біз Орталық Азияның ұзақ мерзімді тұрақтылықты сақтап, даму мен жандануға қол жеткізуін өзгеден артық тілейміз деді. Ван И Қытайдың Қазақстанмен құқық қорғау және қауіпсіздік бөлімдеріндегі ынтымақтастықты арттыруға, екіжақтың ынтымақтастығына килігуге қарсы тұру тебінін арттыруға, екі елдің саяси жүйелері мен режимдерінің қауіпсіздігін сақтауға, «түсті революция» әрекетінің алдын алуға және оған қарсы тұруға және кез келген сыртқы күштердің араласуына бірлесіп қарсы тұруға дайын екенін айтты. Ірі Қытай-Қазақстан ынтымақтастығы жобаларының қауіпсіздігі мен үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін Қазақстан Қытайдың Қазақстандағы мекемелері мен қызметкерлерінің қауіпсіздігін тиімді қамтамасыз етеді деп сенеміз деді.

Мұхтар Тілеуберді Қытай тарапының ұсынысымен толық келісіп, Қытай тарапымен тығыз байланыста болып, қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты күшейтіп, «үш зұлым күшпен» бірлесіп күресуге дайын екенін білдірді.

Сондай-ақ, тараптар екі ел арасындағы жоғары деңгейдегі алмасулардың келесі кезеңі туралы пікір алмасты. Ван И Қытай Қазақстан Президенті Тоқаевтің Бейжіңдегі қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатына қатысуын құшақ жая қарсы алатынын және Қазақстандық тараптың қысқы Олимпиада ойындары сапарының қауіпсіз, сәтті, табысты өтуін қамтамасыз ететінін айтты. Мұхтар Тілеуберді алдағы Бейжің қысқы Олимпиадасының халықаралық ықпалы мен маңызды нышандық мәні бар дүниежүзілік оқиға екенін, ол әлемдік бейбітшілік пен ынтымақтастықты нығайтып, барлық елдердің халықтары арасындағы өзара түсіністікті арттыратынын айтты. Ол сөз соңында Қазақстан Қытаймен бірге тиісті дайындық жұмыстарын істейтін болады деді. 

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото