Бейжіңдегі қысқы Олимпиада және Паралимпиада ойындарының ашылу және жабылу салтанатының бас режиссері -- Чжан Имоу

(Онлайн Халық Газеті)2022 жыл 17 қаңтар

17 қаңтар, онлайн «Халық Газеті» -- Бұрын 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының ашылу және жабылу салтанатының бас режиссері болған Чжан Имоу 2022 жылғы Бейжің қысқы Олимпиадасы мен қысқы Паралимпиада ойындарының ашылу және жабылу салтанатының да бас режиссерлік қызметін атқарады. Осылайша Чжан Имоу Жазғы Олимпиада мен Қысқы Олимпиада ойындарының ашылу және жабылу салтанатына жетекшілік еткен әлемдегі алғашқы «Қос Олимпиаданың» бас режиссері болды.

Бұқаралық ақпарат құралдары хабарлаған дизайн концепциясына сүйенсек, режиссер Чжан Имоу бұл жолы «көктемді» негізгі элемент ретінде алып, бір жағынан ұмтылғыш, оптимистік рухты көрсетсе, енді бір жағынан қысқы Олимпиаданың «болашаққа бірге барайық» атты ұранымен үндестірген. Технологиялық инновация, төмен көміртекті қоршаған ортаны қорғау және спорттық денсаулық ұғымдарын біріктіре отырып, бұл кезекті Қысқы Олимпиада әлемге романтикалық, көркем әрі махаббатқа толы мазмұнды айқындайтын шара болуға ұмтылады.

Бейжің қысқы Олимпиадасын ұйымдастыру комитетінің баспасөз хатшысы Чжао Вэйдун былай деді: «Қазір Бейжің қысқы Олимпиадасының ашылу және жабылу салтанатына дайындық жүріп жатыр. Дайындық жұмыстары жүйелі әрі тәртіппен өтуде. Ауа райы мен індет себептерін ойласа отырып, бұл кезекті қысқы Олимпиаданың ашылу салтанатының уақыты мен құрылымы жағында өзгеріс болады. Ашылу салтанаты 100 минуттық уақытқа сыйғызылады. Ал құрылымдық жағынан театрландырылған қойылымдар мен рәсімдер біріктіріледі, актерлердің саны жалпы 3000-ға жетеді.

Режиссердың айтуынша, алау тұтату бөлігі 2022 жылғы Қысқы Олимпиада ойындары ашылу салтанатының ең маңызды оқиғасы болады деп күтілуде. Чжан Имоу: «Жарықтандыру тәсілі, тіпті алау тұғыры 100 жылдық Олимпиада ойындарының тарихында ешқашан болмаған біздің ең батыл дизайнымыз бен жаңалығымыз», - деді.

72 жастағы Чжан Имоу өзінің шығармашылық өмірін үздіксіз байытып келеді. Ол халықаралық деңгейдегі танымал режиссер және оның «Қызыл гаолян» сияқты фильмдері әлемге әйгілі. Ол 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасы мен Паралимпиада ойындарының ашылу және жабылу салтанатының бас режиссері болып қалмастан, 2004 жылы Афины Олимпиадасының жабылу салтанаты мен 2018 жылғы Пхенчхан қысқы Олимпиадасының жабылу салтанатындағы туды қабылдау рәсімінің Бейжіңдегі 8 минуттық қойылымының режиссері болған. 

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото