Си Цзиньпин Қытай мен Орталық Азиядағы бес ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар орнағанының 30 жылдығына арналған бейне саммитке төрағалық етіп, «Тағдыры ортақ Қытай - Орталық Азия қауымдастығын» бірлесіп құруды атап өтті

(Онлайн Халық Газеті)2022 жыл 26 қаңтар

26 қаңтар, онлайн «Халық Газеті» -- ҚХР төрағасы Си Цзиньпин 25 қаңтар күні түстен кейін Бейжіңде Қытай мен Орталық Азияның бес мемлекеті арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына арналған бейне саммитке төрағалық етті. Саммитке Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғызстан Президенті Садыр Запаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түркіменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзияёев қатысты.

Си Цзиньпин мен бес елдің мемлекет басшылары Қытай-Орталық Азия қарым-қатынасының дамуындағы тарихи сәт бейнеролигін тамашалап, жылы, салтанатты және достық пейілмен тәжірибелерді қорытындылап, болашаққа көз тастады. Си Цзиньпин «Қолдасып ортақ тағдыр жаратып, болашаққа бірге аттанайық» атты маңызды баяндама жасады.

Си Цзиньпин бұдан 30 жыл бұрын Қытай Орталық Азия елдерімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатуда жетекшілік етіп, екіжақты алмасулар мен ынтымақтастыққа жол ашқанын атап көрсетті. Соңғы 30 жылда екі жақ тенденцияны қатар ұстанып, сенім мен келісімді сақтап, тарихтан қалған шекара мәселесін өзара түсіністік пен келісім негізінде түбегейлі шешіп, тату достық пен ынтымақтастықтың тең ұтысына жететін көршіліктің жаңа жолын ашты, халықаралық қатынастардың жаңа түрін құрудың үлгісі болды. Тараптар қолдасып алға ілгерілеп, ортақ дамуға ұмтылды және «Бір белдеу, бір жол» бірлескен құрылысы Орталық Азияда жемісін берді. Екі жақ шаттық пен қайғыны ортақ бөлісіп, тыныштық пен қауіпті бірге көтеріп, ортақ қауіпсіздік мүдделерін, өңірлік бейбітшілік пен тұрақтылықты тиімді қорғады. Екі жақ бірін-бірі танып, бір-бірімен етене болып, бір-бірімен араласып, Қытай мен Орталық Азия халықтары арасындағы жүректер тоғысының әсерлі симфониясын жазды. Екі жақ бір-біріне көмектесіп, әділеттілікті жақтап, тараптардың заңды құқықтары мен стратегиялық мүдделерін қорғай отырып, тиісті мәселелерде бір-бірін нық қолдады.

Си Цзиньпин Қытайдың Орталық Азияның бес елімен 30 жылдық табысты ынтымақтастығының сыры - өзара сыйластық, тату көршілік пен достық, қиындықты бірге көтеру және ынтымақпен тең дамуға жетуде екенін баса айтты. Бұл төрт қағидат ынтымақтастықта жинақталған құнды тәжірибе мен ортақ байлық, Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы қарым-қатынастардың тұрақты әрі ұзақ мерзімді дамуының саяси кепілі және Қытай-Орталық Азия елдері арасындағы достық алмасулардың күш-қуатының қайнар көзі болып табылады. Халықаралық жағдай қалай өзгерсе де, Қытай болашақта қаншалықты дамыса да, Қытай әрқашан Орталық Азия елдерінің сенімді және адал, тату көршісі, жақтас серіктесі, жақсы досы және жақсы бауырласы болып қала береді. Қытай Орталық Азия елдерінің ұлттық жағдайларына сай даму жолын ұстануын, егемендігін, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын қорғауын, ұлттық жаңғыруы мен бірлік арқылы өзін-өзі жетілдіруге ұмтылуын, халықаралық аренада үлкен рөл атқаруын табанды түрде қолдайды. Қытай Орталық Азия елдерімен бірлесе анағұрлым жақынырақ «Тағдыры ортақ Қытай - Орталық Азия қауымдастығын» құруға дайын.

Орталық Азиядағы бес елдің мемлекет басшылары Қытайға осы тарихи бейне саммитті өткізуге бастамашы болғаны және өткізгені үшін алғыс айтты. Қытайдың даму жетістіктерін жоғары бағалап, оның аймақтық және әлемдік бейбітшілік пен дамуға қосқан маңызды үлесін жоғары бағалады. Сондай-ақ Орталық Азия елдері мен Қытай арасындағы 30 жылдық тарихқа ие қарым-қатынастың жемісті нәтижелері тараптардың дамуы мен өркендеуіне ықпал етіп қана қоймай, сонымен қатар аймақтық бейбітшілік пен тұрақтылықты тиімді қолдап, халықаралық қатынастардың өзара сыйластыққа, әділеттілікке және ынтымақтастықпен тең ұтысқа жетуге ие жаңа үлгісін қалыптастырғаны жайлы оң көзқарас білдірді. Әр елдің шекаралары енді басы ашылмас даулы мәселе емес, керісінше бір-бірінің халықтары арасындағы тату көршілік пен достықтың көпірі мен дәнекеріне айналды. Қытайдың бес елге ұзақ мерзімді және құнды қолдау көрсетуі, сондай-ақ бес елге індетпен күресуде берілген вакциналар мен эпидемияға қарсы көмек материалдары Орталық Азия елдері мен Қытай арасындағы мызғымас достықтың куәсі болып табылады.

Бес мемлекет басшысы Си Цзиньпиннің Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы болашақ қарым-қатынастар туралы ұсынысымен толық келісетіндерін және екі тарап арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар орнағанының 30 жылдығын жаңа бастама ретінде қабылдап, бай мазмұнды, жемісті нәтижелер мен мызғымас достыққа ие стратегиялық серіктестікке бірлесіп, «Тағдыры ортақ Орталық Азия – Қытай қауымдастығын» құратынын және «адамзат тағдырының ортақ қауымдастығын» құруға жәрдемдесуге дайын екендіктерін білдірді. Барлық елдер бір-бірінің таңдаған даму жолын, тәуелсіздік, егемендік және аумақтық тұтастықты қорғауын табанды түрде қолдап, басқа елдердің ішкі істеріне кез келген себеппен араласуға қарсы болып, алты елдің негізгі қауіпсіздігі мен стратегиялық мүдделерін бірлесіп қорғайды. «Бір белдеу, бір жол» құрылысының өңірдегі экономикалық даму, халықтың әл-ауқаты, тату көршілік пен өзара сенімді ілгерілету үшін стратегиялық маңызы зор. Барлық тараптар кездесудің маңызды консенсустары мен нәтижелерін шынайы жүзеге асырып, жоғары деңгейдегі тұрақты алмасуларды күшейтіп, «Бір белдеу, бір жол» құрылысын жан-жақты ілгерілетеді, аймақтық байланыс пен экономика-сауда, энергетика, жоғары технологиялар мен қауіпсіздік және басқа салалардағы тәжірибелік ынтымақтастықты тереңдетеді, жаһандық даму бастамаларын белсенді түрде жүзеге асырады, аймақтық және халықаралық істерде тығыз байланысып, үйлестіруді оңтайландырады. Орталық Азия елдері мен Қытай арасындағы қарым-қатынастардың жаңа дамуына жәрдемдесіп, ортақ сын-қатерлерге бірге қарсы тұрады және өңірлік бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауға жаңа үлестер қосады.

Бес елдің мемлекет басшылары келесі аптада Қытайда өтетін Бейжің қысқы Олимпиадасының ашылу салтанатына қатысуды асыға күтетіндерін жеткізді. Қытай індеттің қиындықтарын еңсеріп, Бейжіңдегі қысқы Олимпиада ойындарын жоспарланғандай сәтті өткізіп, бүкіл әлемге сенімділік пен үміт сыйлайтынына сенетіндерін білдірді. Бейжіңдегі қысқы Олимпиада ойындары сәтті өтуіне және Қытай халқының көктем мерекесіне ақ тілегін жолдады.

Саммитте Қытай мен Орталық Азияның бес мемлекеті басшылары арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнатылғанына 30 жыл толуына байланысты Бірлескен мәлімдеме қабылданып, жарияланды.

Саммитке Дин Сюэсян, Ян Цзечи, Ван И, Хэ Лифэн және т.б. басшылар қатысты. 

(Редактор:Ыбырай Дүйсен,Deng Jie)

Фото