Қысқы Олимпиада: Қазақстан қай спорт түрлерінен лицензиялар алды

(Онлайн Халық Газеті)2022 жыл 26 қаңтар
Қысқы Олимпиада: Қазақстан қай спорт түрлерінен лицензиялар алды

«Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің Бас хатшысы Андрей Крюков ақпан айында өтетін XXIV Қысқы Олимпиада ойындарына қанша лицензия берілгенін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Олимпиада ойындары 4 ақпан күні басталады. Алдын ала мәліметтер бойынша, бұл ойындарға әлемнің 95 елінен 4 мыңнан астам спортшы қатысады. Онда 109 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Бейжіңдегі олимпиадалық команда құрамында 34 спортшымыз өнер көрсетеді. Бұл көрсеткіш алдыңғы олимпиадаларға қарағанда аз. Ал спорт түрлеріне келсек, айтарлықтай өзгеріс жоқ – 87 лицензиямыз бар. Осы аптада басқа спорт түрлері бойынша нақтыланады. Лицензиялардың басым бөлігін шаңғышылар (35), конькимен жүгірушілер (12) және биатлоншылар (12) жеңіп алды», - деді Андрей Крюков Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Шорт-трек бойынша – 9, фристайл-акробатикадан – 4, фристайл-могулдан – 6, трамплиннен шаңғымен секіруден – 4, тау шаңғысы спортынан – 3 және шаңғы үшсайысы бойынша – 3 лицензия бар.

Мәліметтерге сәйкес, қазақстандық делегация құрамында 34 спортшы, 20 жаттықтырушы, 7 көмекші, 7 ҰОК қызметкері және 10 медицина қызметкері бар.

Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитеті хабарлағандай, қазіргі таңда қазақстандық атлеттер жабық карантин аймақтарында орналасқан. 2022 жылғы Қытай астанасы Бейжің қаласында өтетін XXIV Қысқы Олимпиада ойындарына Қазақстан құрамасы ертең, яғни 27 қаңтар күні жолға шығады. Команданың негізгі бөлігі Нұр-Сұлтан мен Алматы арқылы чартерлік рейспен Қытайға ұшып келеді. Ал шетелдерде оқу-жаттығу жиында жүрген спортшылар жеке график бойынша Бейжіңге сол өздері тұрған елден төте келеді.

 

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото