Бейжіңдегі қысқы Олимпиада ойындарында көмірқышқыл газын неге мұз жасауға қолданады?

(Онлайн Халық Газеті)2022 жыл 26 қаңтар
Бейжіңдегі қысқы Олимпиада ойындарында көмірқышқыл газын неге мұз жасауға қолданады?

26 қаңтар, онлайн «Халық Газеті» -- Бейжіңдегі қысқы Олимпиада ойындары мұз жасау технологиясы қоршаған ортаны қорғау деңгейін айтарлықтай жақсартты. Бейжіңдегі 2022 жылғы қысқы Олимпиада және Паралимпиада ойындары үшін жалпы 9 мұз айдыны мен 7 мұз алаңын жаңадан жасады және жөндеді. Оның ішінде 5 мұз айдыны көмірқышқыл газын транскритикалық тікелей салқындату жүйесін пайдаланды, бұл тәсіл қысқы олимпиада тарихында тұңғыш рет қолданылды. Олай болса көмір қышқыл газынан мұз жасау нені білдіреді?

Көмірқышқыл газынан мұз жасау қазіргі кездегі қоршаған ортаны қорғаудың ең озық әдістерінің бірі. Ол ортаны қорғау, температураны дәл ұстау, жасаған мұз беті сапалы болып, мұз жасаудың тиімділігін арттыру сынды артықшылықтарға ие.

24 қаңтар күні өткен баспасөз мәслихатында Халықаралық Олимпиада комитетінің мұз жасау инженериясының кеңесшісі А.Дж.Сазерленд көмірқышқыл газынан мұз жасаудың қоршаған ортаны қорғаудағы артықшылықтарын диаграмма түрінде түсіндірді: көмірқышқыл газының салқындатқышы озон қабатының әлеуетін 0-ге түсіріп, жаһандық жылыну потенциалдық мәнін 1-ге теңестіреді. Ұқсас көлемдегі мұзды жасағанда дәстүрлі салқындатқыштардың бөліп шығаратын көміртегі шығарындылары көмірқышқыл газынан мұз жасаудан шығатын қалдықтардан 3800 есе көп.

«Мұз жасаушыларды барынша қанағаттандыратын тағы бір артықшылық, көмірқышқыл газы бүкіл мұз айдыны температурасының аса біркелкі болуын қамтамасыз ете алады. Ал бұны дәстүрлі салқындатқыштар атқара алмайтындықтан, шебер температураны баптауды меңгеруі керек. Бұдан сырт осы техникамен жасалған мұз бетінде спортшылар қанша рет айналса да, сапасына нұқсан келмейді. Бұл жарыстың әділдігіне кепілдік етеді», - деді Сазерленд.

Мұз жасау – қысқы Олимпиада ойындары өтетін орындардың техникалық әлеуетін жан-жақты көрсету. Сазерленд өзінің Ұлттық коньки тебу стадионына тәнті болғанын жеткізді. Өйткені бұл әлемдегі көмірқышқыл газымен мұз жасау технологиясын қолданған алғашқы қысқы Олимпиада алаңы еді. Сөз соңында Сазерленд «Бейжіңдегі қысқы Олимпиада ойындарындағы көмірқышқыл газынан мұз жасау технологиясымен бүкіл әлем танысу керек деп санаймын», - деді. 

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото