Бейжіңдегі қысқы Олимпиада ойындарының техникалық қызметкері - Ерзат

(Онлайн Халық Газеті)2022 жыл 10 ақпан

10 ақпан, онлайн «Халық Газеті» -- Күн сайын таңғы сағат 6-да Бейжің-2022 қысқы Олимпиада ойындарының Яньцин аумағындағы Ұлттық тау шаңғы орталығында үстеріне қызыл түсті шаңғы костюмін киіп, аяқтарына шаңғы таққан бір топ адам сақадай сай тұрады. Олар 2770 метр биіктіктегі жарыс алаңына барып, алаңның дайындығын тексереді. Бұлар 2022 жылғы Бейжің қысқы Олимпиадасының тау шаңғысы спортына қызмет көрсететін отандық техникалық мамандар. Оның ішінде Шыңжаңның Алтай аймағынан келген Ерзат Мәжитұлы да бар.

Ерзат Мәжитұлы биыл 51 жаста. 21 қаңтардан бастап күн сайын таңғы сағат 4:00-де басқалар шырт ұйқыда жатқанда орнынан тұрып, әрлі-берлі сырғанап, шаңғы алаңын тегістейді. Бұл өте мұқият болуды қажет ететін жұмыс. Өйткені тау шаңғысы жарысына қатысатын спортшылардың қозғалу жылдамдығы сағатына 150 шақырымға дейін жетеді. Жарыс кезінде олар бірнеше рет бұрылып сырғанайды, сондықтан жарыс аса қауіпті саналады. Спортшылардың жарысты сәтті аяқтауы үшін жолдың тегістігі өте маңызды.

Ерзат Мәжитұлы Бейжіңдегі қысқы Олимпиада ойындарына қызмет ету – үлкен жауапкершілік екенін айтты.

Ерзаттың қолфонында газеттің бетінен түсіріп алған бір сурет бар екен. Бұл Ерзаттың 1999 жылы өткен 9-ыншы Ұлттық қысқы ойындарына тау шаңғысының слаломынан ерлер арасында 1:36.40 нәтиже көрсеткішімен чемпион атанған кезі. Осы сарғайған суретті көрген сайын Ерзаттың жүрегін қуаныш пен толқу билейді.

Ерзат 11 жасынан бастап әкесіне ілесіп шаңғы тепкен уақыттан бері табаны күректей 40 жылдың жүзі болыпты. Оның туған жері Алтайда шаңғы тебудің тамаша мүмкіндіктері бар. Ерзат Ұлттық қысқы ойындарға бес рет қатысып, зейнеткерлікке шыққан соң, Алтай өңірінде тау шаңғысының жаттықтырушысы болып жұмыс жасап келеді.

Оның арманы Олимпиадаға қатысу болған екен, алайда бұл тілегі орындалмапты. Ерзат Қытай Бейжің 24-інші қысқы Олимпиада ойындарын өткізуге мүмкіндік алғанда қатты толқыдым дейді. Содан бағын сынай жүріп, 2021 жылдың соңында Бейжіңдегі 2022 қысқы Олимпиада ойындарына тау шаңғысы спортының отандық техникалық қызметкері болып таңдалады. Ерзат өзінің қысқы Олимпиада ойындарына осылайша үлес қосқанын мақтаныш етеді.

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото