Бейжің 2022 қысқы Олимпиада ойындары қазірге дейін жарысқа қатысқан әйелдердің үлесі ең жоғары және қатысқан жарыс түрлері ең мол қысқы олимпиадаға айналды

(Онлайн Халық Газеті)2022 жыл 15 ақпан
Бейжің 2022 қысқы Олимпиада ойындары қазірге дейін жарысқа қатысқан әйелдердің үлесі ең жоғары және қатысқан жарыс түрлері ең мол қысқы олимпиадаға айналды
14 ақпанда Бейжіңдегі қысқы Олимпиаданы ұйымдастыру комитеті спортшылар комитетінің төрағасы Ян Ян баспасөз мәслихатында сөз сөйледі.

15 ақпан, онлайн «Халық Газеті» -- Халықаралық Олимпиада комитеті мен Бейжіңдегі қысқы Олимпиаданы ұйымдастыру комитеті 14-і күнгі кезекті баспасөз мәслихатында: «Бейжің қысқы Олимпиада ойындары қазірге дейін жарысқа қатысқан әйелдердің үлесі ең жоғары және қатысқан жарыс түрлері ең мол қысқы олимпиадаға айналды», - деді.

Халықаралық Олимпиада комитетінің баспасөз хатшысы Марк Адамс Бейжіңдегі қысқы Олимпиада ойындарына қатысқан спортшы әйелдердің үлесі 45,4 пайызға жеткенін, ал барлық 109 жарыстың ішінде әйел спортшылар қатысқан жарыс 53 пайызды құрағанын айтты. Баспасөз хатшысы былай деді: «Әйел спортшыларды көбірек қатысуға ынталандыру - ХОК-нің маңызды стратегиясы. Біз халықаралық спорт ұйымдарымен, ұлттық (өңірлік) Олимпиада комитеттерімен, хабар таратушылармен және Олимпиадалық хабар тарату компанияларымен ынтымақтаса отырып, көптеген мәселелерде гендерлік теңдікті насихаттаймыз. Мысалы, шаңғымен трамплиннен секіруден алғашқы алтын медаль әйелдер арасындағы жарыста берілді».

Бейжіңдегі қысқы Олимпиаданы ұйымдастыру комитетінің өкілі Янь Цзяроң Бейжің қысқы Олимпиадасының жаңа ойындарында әйел спортшылардың тең қатысу мәселесінің толығымен көрініс тапқанын айтты. Жаңа 7 жарыстың ішінде 2-еуі әйелдер арасындағы жеке жарыс, 4-і аралас командалық жарыс, 1-еуі ғана ерлер арасындағы жарыс. Бұл «2020 жылғы Олимпиаданың күн тәртібіндегі» «спорттағы гендерлік теңдікті ілгерілету» концепциясын толық дәлелдейді.

Янь Цзяроң сондай-ақ гендерлік теңдікті одан әрі ілгерілету үшін Бейжің қысқы Олимпиадасын ұйымдастыру комитетінің құрамындағы әйел қызметкерлердің үлесі 40 пайыздан, ерікті әйелдердің үлесі 50 пайыздан кем болмауы керек деді. Ерлер мен әйелдердің жалақысы тең болуы тиіс. Сонымен бірге біз спортшы әйелдер мен Олимпиадаға қатысы бар қызметкерлер үшін қауіпсіз спорттық ортаны қамтамасыз етеміз. Мысалы, үш қысқы Олимпиада ауылындағы жалпы емханаларда әйелдерге арналған консультация және емдеу кабинеттері арнайы құрылып, кәсіби гинекологтармен жабдықталған. Олар олимпиадаға қатысатын әйелдерге арнайы қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, ұл балалар мен қыз балалардың қар-мұз спортына қатысуына тең мүмкіндіктер беру үшін бастауыш және орта мектептерге арналған олимпиадалық білім беру жоспары жүзеге асырылуда.

Баспасөз мәслихатына келген Бейжің қысқы Олимпиадасын ұйымдастыру комитеті спортшылар комитетінің төрағасы Ян Ян Спортшылар комитетінің 19 мүшесінің 14-і әйелдер, 11 іс-шара басқарушыларының 7-і әйелдер екенін айтты. «Қысқы Олимпиада ойындары қазірге дейін сәтті өтіп жатыр, әйел спортшылар жарыс ойындарының нәтижелі өтуінде маңызды рөл атқаруда. Мен оларды мақтаныш тұтамын».

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото