ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Абзал Әжіғалиевке қолдау жеделхатын жолдады

(Онлайн Халық Газеті)2022 жыл 16 ақпан

ҚР Президенті «Бейжің-2022» XXIV қысқы Олимпиада ойындарының қатысушысы Абзал Әжіғалиевті қолдап, жеделхат жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәлидің Фейсбуктегі парақшасына сілтеме жасап.

«Қазақстандықтар өзіңнің «Бейжің-2022» XXIV қысқы Олимпиада ойындарында көрсеткен өнеріңді асқан қызығушылықпен тамашалады.

Олимпиаданың ашылу салтанатында көк туды желбіретіп алып шықтың. Өз жанкүйерлеріңнің сенімін ақтап, шорт-тректен 500 метрге жүгіруде финалдық бәсекеге дейін жетіп, нәтижесінде 4-орын иелендің. Бұл осы спорт саласы бойынша жоғары көрсеткіш екені анық» делінген ҚР Мемлекет басшысының жеделхатында.

Қасым-Жомарт Тоқаев спортшыға дүбірлі додада нағыз ерік-жігер көрсеткені және жеңіске деген ұмтылысы үшін алғыс айтты. Сондай-ақ оның алдағы уақытта үлкен жетістіктерге жетіп, Қазақстан халқын қуанта беретініне сенім білдірді.

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото