Қысқы Олимпиада ойындарының еріктісі Чжан Юньди: Шетелдік достармен қазақ тілінде сөйлестім

(Онлайн Халық Газеті)2022 жыл 21 ақпан

21 ақпан, онлайн «Халық Газеті» -- Менің атым Чжан Юньди, Бейжің шетел тілдері университетінің орыс тілі институтынан келдім. Осы жолғы қысқы Олимпиада ойындарында Олимпиада отбасының (OFA, Olympic Family Assistant) көмекші еріктісі болып жұмыс жасадым. Басты қызметім - Қазақстан Олимпиада комитетінің президенті Тимур Құлыбаев мырзаны күтіп алу және алып жүру.

2016 жылы университетке түскеннен бері қысқы Олимпиаданың еріктісі болуды армандап жүруші едім. Сәті түсіп Бейжіңдегі 2022 жылғы қысқы Олимпиада ойындарына ерікті ретінде таңдалғанымда толқығанымды айтып жеткізе алмаймын.

2021 жылдың қыркүйегінен бастап Бейжің қысқы Олимпиаданы ұйымдастыру комитетінің ұстаздары біз үшін көптеген жаттығулар өткізді. Олар қысқы Олимпиаданың ережелері, еріктілердің міндеттері, жарыс кезіндегі көліктердің орналасуы, орындарды анықтау сынды жаттығуларды қамтиды. Сонымен қатар олар біз үшін ауызша ағылшын тілі курстарын да ұйымдастырды. Жабық басқаруға кіріспес бұрын мен курстастарыммен қысқы Олимпиада ойындарына және эпидемияның алдын алуға арналған орыс тіліндегі сөздердің жинағын дайындадым.

Бейжіңдегі қысқы Олимпиада ойындары Қытайдың дәстүрлі көктем мерекесімен тұспа-тұс келді. Сондықтан ерікті болып жүрген маған үйге барып қайтуға, отбасыммен қауышуға мүмкіндік болмады. Бірақ жабық басқару аймағында көптеген университеттердің ұстаздары мен студенттері бірігіп көктем мерекесін ойдағыдай тойладық. Осында бізге жауапты ұстаз университет дайындаған сыйақы таратып, жанымызға жылу сыйлады. Бұл бір естен кетпейтін көктем мерекесі болды десем қателеспеймін. Ата-анам қысқы Олимпиадада ерікті болуыма үлкен қолдау көрсетті. Мерекеде үйге қайтпасам да, екінің біріне бұйыра бермейтін ұлттық деңгейдегі іс-шараларға қатысу ата - анамды да марқайтып тастады. Олар мені мақтаныш тұтады.

Қазақстан Олимпиада комитетінің президенті бұл сапарда небәрі 2 күн болды. Маған қиын болғаны 2 күндік қысқа сапарда Бейжің жарыс аймағы мен Чжанцзякоу жарыс аймағы арасындағы қатынасты қалай үйлестіру керек деген мәселе болды. Тасымалдау, делегация еріктілері және басқа да тараптармен кеңескеннен кейін, төраға мырзаның көлігін екі жарыс аймағында пайдалану мәселесін алдын-ала шештім.

Сапардың бірінші күні біз төраға мырзамен бірге қысқы Олимпиада ауылындағы спортшылар орналасқан жерге бардық. Содан кейін жүрдек пойызбен Чжанцзякоу жарыс аймағындағы Юньдин шаңғы саябағына келіп, Қазақстандық спортшылар қатысқан фристайл - шаңғымен сырғанау шеберлігі ойындарын тамашаладық.

Алғаш кездескенде мен төраға мырзаға университетімнің шетелдік достарға арнап дайындаған сыртына көп елдің тілінде «сәлем» деген жазу жазылған мойын орағыш пен өзім арнайы әзірлеген қытайдың кәдесыйларын – бес кішкентай жолбарыс бейнелерін тарту еттім. Соынмен бірге төраға мырзаға Қытайдың дәстүрлі әдет-ғұрыптарын таныстырдым.

Көлікте келе жатып әңгімелескенімізде төраға менің мамандығыма қатты қызыққанын білдірді. Мен өзімнің бұрын Қазақстанның әсем қаласы Алматыда бір жыл ұтқырлық бағдарламасымен білім алғанымды, Қазақстандағы үлкен білім ордасы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қазақ және орыс тілдерін оқығанымды айттым. Біз қазақ тілінде еркін әңгімелестік. Мен індет аяқталғаннан кейін төраға мырзаны Қытайға келіп саяхаттауға шақырдым.

Бірнеше күндік қабылдау және ілесу қызметінен кейін мен қысқы Олимпиададағы еріктілердің жұмысын тіпті де терең түсінгендей болдым. Қысқы Олимпиаданың әр түрлі жұмыстарының сәтті өтуін қамтамасыз ету үшін түрлі бөлімдердің еріктілері бірге қол ұстасып, өзара байланыста болып, бір-біріне жәрдемдесу арқылы ғана Қытайға келген шетелдік достарға естен кетпейтін Олимпиада сапарын сыйлай алады.

Біз еріктілер формасын киіп, шын пейілімізбен, жайдары жүзімізбен Қысқы олимпиадаға қызмет етіп, айтулы доданың мерейін асырдық. 

Суреттерді автор түсірген.

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото