ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин ХОК президенті Томас Бахқа жауап хат қайтарды

(Онлайн Халық Газеті)2022 жыл 7 наурыз

7 наурыз, онлайн «Халық Газеті» -- 2 наурыз күні ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин ХОК президенті Томас Бахқа жауап хат қайтарды.

Төраға Си Цзиньпин 2022 жылы Бейжіңдегі қысқы Олимпиада ойындары сәтті аяқталды деп атап көрсетті. Қытай Олимпиада ойындарын өткізу уәделерін толығымен орындап, әлемге қарапайым, қауіпсіз және қызықты Олимпиада ойындарын ұсынып, халықаралық қауымдастықтың жоғары бағасына ие болғанын атап айтты.

Төраға Си Цзиньпин бұл Қытай халқының жеңісі екенін баса айтты. Бейжіңдегі қысқы Олимпиаданы ұйымдастырудағы күшіміздің қайнар көзі – Қытай халқы. Бейжіңдегі қысқы Олимпиада ойындары арқылы Қытайдағы 300 миллионнан астам адам қар-мұз спортына қатысып, салауатты Қытайды құруға және халықтың әл-ауқатын арттыруға жаңа серпін берді, сонымен қатар жаһандық қар-мұз спортының дамуына жарқын болашақ ашты.

Cонымен бірге Төраға Си Цзиньпин бұл әлем халқының жеңісі екенін де атап көрсетті. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген спортшылар «Бес сақиналы» олимпиада туының астына жиналып, бір-бірін құрметтеп, бір-бірін шабыттандырып, өздерінің мүмкіндіктерін толық қолдана отырып, ерік-жігерлерін шыңдап, «Анағұрлым тез, анағұрлым жоғары, анағұрлым қуатты, анағұрлым ынтымақты» деп аталатын Олимпиаданың жаңа ұранын тамаша дәлелдей алды. Спортшылар бүкіл дүние жүзі халқына мейірім мен үміт сыйлап, әлемге бейбітшілік пен достықтың дәнін сеуіп, адамзатты бірлікті нығайтып, қиындықтарды бірге жеңіп, болашаққа бірге қадам басуға шабыттандырды.

Төраға Си Цзиньпин ХОК президенті Томас Бах пен Халықаралық Олимпиада комитетіне Бейжіңдегі қысқы Олимпиада ойындарына ұзақ уақыттан бері қолдау көрсетіп келгені үшін алғыс айтты. Қытай үкіметінің Халықаралық Олимпиада комитетімен тығыз ынтымақтастықты сақтауға, Халықаралық Олимпиада комитетінің жұмысын қолдауға, әрқашан олимпиадалық рухты ұстанып, олимпиадалық спорттың өркендеп дамуын бірлесе атқарып, адамзат тағдырының ортақ қоғамдастығын құрудың жаңа тарауын бірге жазуға дайын екенін жеткізді.

Бірнеше күн бұрын Томас Бах Төраға Си Цзиньпинге хат жолдап, 2022 жылғы Бейжің қысқы Олимпиадасының сәтті аяқталуымен құттықтап, Төраға Си Цзиньпиннің тамаша жетекшілігімен Қытай 300 миллионнан астам адам қар-мұз ойнына қатысқан қысқы спортпен айналысатын елдердің біріне айналғанын айтты. Бұл – жаһандық қысқы спорт түрлерінің жаңа дәуірін ашқан Бейжің қысқы Олимпиадасының жасаған асыл байлығы. Бейжің қысқы Олимпиадасы өзінің салтанатты уәдесін орындап, мақсатына жоғары талаптармен жетіп, барлық қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етті. 

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото