Паралимпиада-2022: Қазақстандық парабиатлонист «қола» алды

(Онлайн Халық Газеті)2022 жыл 8 наурыз
Паралимпиада-2022: Қазақстандық парабиатлонист «қола» алды

Бейжің 2022 жылғы XIII қысқы Паралимпиада ойындарында пара биатлоннан түрегеп сырғанауда Қазақстан спортшысы Александр Герлиц қола жүлдегер атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық спортшы парабиатлоннан 10 шақырымға түрегеп сырғанауда жарыс жолына шықты. Ол Қазақстанның атынан аталған сайыста бақ сынаған жалғыз спортшы болатын. Александр Герлиц мәре сызығын үшінші болып қиды. Ол жарыс жеңімпазы атанған канадалық Марк Арендзден 1:25.6-ке қалып қойды. Күміс жүлдені украиналық Григорий Вовчинский алды.

Айта кетсек, бұл медаль - биылғы қысқы Паралимпиадада қазақстандық спортшылардың алғашқы жүлдесі.

Сондай-ақ, бүгін пара биатлоннан отырып сырғанауда Сергей Усольцев 14, Ербол Хамитов 16-орын алды.

Еске салсақ, XIII қысқы Паралимпиада ойындарында Қазақстан атынан Сергей Усольцев пен Александр Герлицтен өзге Ербол Хамитов, Денис Петренко мен Юрий Березин қатысады.

 Енді қазақстандық спортшылар 11, 12, 13 наурыз күндері айтулы аламанда бақ сынайды.

Қазақстан спортшылары Паралимпиада ойындарына 1994 жылдан бері тұрақты түрде қатысып келеді.

Бүгінгі күнге дейін Қазақстанның қоржынына 1 алтын, 1 күміс медаль түсті. 1994 жылы 10 шақырымға классикалық мәнерде шаңғы жарысында қазақстандық Любовь Воробьева «күміс» алса, 2018 жылы шаңғымен жарыста Александр Колядин 1,5 шақырымға классикалық мәнерде спринт жарысында чемпион атанды.

Қысқы Паралимпиада 4 және 13 наурыз аралығында өткізіледі. Онда әлемнің 50 мемлекетінен келген 700-ге тарта спортшы бақ сынауда. Қазақстан атынан келген 5 параспортшы спорттың екі түрінен жарысқа қатысуда.

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото