Ли Кэцян Қытай-АҚШ қарым-қатынасы туралы: Ынтымақтастық негізгі бағыт болуы керек

(Онлайн Халық Газеті)2022 жыл 11 наурыз

11 наурыз, онлайн «Халық Газеті» -- 11 наурыз күні таңертең Мемлекеттік XIII Халық Құрылтайы жиналысының бесінші сессиясы жабылғаннан кейін Премьер-министр Ли Кэцян баспасөз мәслихатына қатысып, қытайлық және шетелдік журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Премьер-министр Ли Кэцян Қытай-АҚШ қарым-қатынасы туралы айтып, 50 жыл бұрын Қытай мен АҚШ екеуара салқындықты ыдыратқанын еске салды. «Екі ел арасындағы қарым-қатынаста оқтын-оқтын қайшылықтар болса да, өзара байланыс алға жылжып отырды. Біз екі мемлекет басшылары өткен жылы бейне кездесуде қол жеткізген консенсусқа сәйкес, келіспеушіліктерді дұрыс басқарып, бір-біріміздің негізгі мүдделеріміз бен басты алаңдаушылықтарымызды назарда ұстаймыз деп үміттенеміз. Екі тарап есікті айқара ашқан екен, оны жабуға болмайды, бұзуға тіпті болмайды»,-деді Премьер-министр.

Ли Кэцян: «Қытай мен АҚШ-тың әлеуметтік жүйесінде, тарихында, мәдениеті мен даму сатыларында үлкен айырмашылықтар бар. Демек, түсінбеушіліктер болмай қоймайды. Бірақ біз ынтымақтастық негізгі бағыт болу керек деп есептейміз. Себебі әлемдегі бейбітшілік пен даму ынтымақтастыққа сүйенеді. Экономикалық және сауда саласында нарықтық бәсекелестік болса да, ол салауатты және әділ бәсекелестік болуы тиіс», - деді.

Ли Кэцян 2021 жылы екі ел арасындағы сауда көлемінің 750 миллиард АҚШ долларынан асып, алдыңғы жылмен салыстырғанда 30 пайызға артқанын, бұл Қытай-АҚШ ынтымақтастық салаларының кең, әлеуетінің зор екенін дәлелдейтінін атап өтті.

(Редактор:Ыбырай Дүйсен,Deng Jie)

Фото