АҚШ өзін «адам құқықтарының шамшырағы» және «адам құқықтарын қорғаушы» етіп көрсетерліктей негіз жоқ

(Онлайн Халық Газеті)2022 жыл 16 наурыз

16 наурыз, онлайн «Халық Газеті» -- ҚХР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Чжао Лицзянь 15-інші наурызда: «Белгілі айғақтар Америка Құрама Штаттарының өзін <адам құқықтарының шамшырағы> және <адам құқықтарын қорғаушы> деп атауға құқығы жоқ екенін толық дәлелдейді. Қытай БҰҰ-ның Адам құқықтары кеңесі мен азаптау жөніндегі арнайы баяндамашыны АҚШ-ты адам құқықтарын өрескел бұзуына көбірек назар аударуға шақырып, Америка Құрама Штаттарынан мәселені шешу үшін нақты шаралар қабылдауды талап етеді»,-деді.

Хабарларға қарағанда, Қытай өкілі жақында Біріккен Ұлттар Ұйымы Адам құқықтары кеңесінің 49-ыншы сессиясында азаптау жөніндегі арнайы баяндамашымен пікірлескенде, АҚШ-тағы ауыр полиция зорлық-зомбылығы мен азаптауларға алаңдаушылық білдірген. Чжао Лицзянь 15-інші наурыз күні кезекті баспасөз мәслихатында қойылған сұрақтарға жауап беру үстінде АҚШ полициясының зорлық-зомбылық пен құқық қорғау шаралары кезінде кісі өлімін тудырған оқиғалар бірінен соң бірінің орын алғанын айтты. 2021 жылы Америка Құрама Штаттарында полиция зорлық-зомбылығынан 1124-тен астам адам қаза тапқан. Олардың көпшілігі зорлық-зомбылықтан, тіпті ешқандай қылмыс жасамай-ақ полиция тарапынан өлтірілді. «Лансет» есебі 1980 және 2018 жылдар аралығында Америка Құрама Штаттарында полицияның зорлық-зомбылығы салдарынан шамамен 30 800 адам қаза болғанын, оның ішінде афроамерикалықтардың ақ нәсілділерге қарағанда полиция зорлық-зомбылығынан 3,5 есе көп көз жұматынын көрсетеді.

Чжао Лицзяньның айтуынша, БАҚ Америка Құрама Штаттарындағы әртүрлі қамау орындарында, соның ішінде жеке түрмелерде азаптау, қорлау және зорлық-зомбылық сияқтыларды жиі әшкерелейді. Мәселен, Гуантанамо түрмесі осындай адам құқықтарын сақтамай, жүйелі азаптаулар жүргізуімен танымал. ЦРУ «Террорға қарсы соғыс» деп аталатын шараны желеу етіп, көптеген елдерде «қара түрмелер» құрып, лаңкестікке қатысы бар деген күдіктілерді жасырын әрі негізсіз қамауға алып, кінәсін мойындату үшін азаптауда. Қытай Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы және тиісті БАҚ өкілдері бірнеше рет таныстырған АҚШ-тың 17 әскери кемесінен тұратын «теңіз түрмесі», Литва мен басқа елдерде құрылған «қара түрме желісі» - американдық түрме жүйесінің заң үстемдігін қасақана бұзып, адам құқықтарын аяққа таптаудың басты дәлелі.

«Фактілер Америка Құрама Штаттарының адам құқықтары атын жамылып басқа елдердің адам құқықтарына жауапсыз ескертулер жасау былай тұрсын, «адам құқықтарының шамшырағы» және «адам құқықтарын қорғаушы» деп атауға құқығы жоқ екенін толық көрсетеді. Қытай БҰҰ-ның Адам құқығы кеңесі мен азаптау жөніндегі арнайы баяндамашыны АҚШ-тан адам құқықтарының өрескел бұзылуына ерекше көңіл бөліп, тиісті мәселелерді шешу үшін іс жүзінде нақты шара қолдануын талап етеді», - деді Чжао Лицзянь. 

(Редактор:Ыбырай Дүйсен,Deng Jie)

Фото