Қасым-Жомарт Тоқаев Президент сайлаудың пропорционалды-мажоритарлық моделі туралы мәлімдеді

(Онлайн Халық Газеті)2022 жыл 17 наурыз

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 16 наурыздағы Қазақстан халқына Жолдауында сайлаудың пропорционалды-мажоритарлық моделі туралы мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Пропорционалды-мажоритарлы үлгіде сайлаушылардың мүддесі ұлттық және өңірлік деңгейде толық көрініс табады. Мәжілістің депутаттық корпусының 70 пайызы пропорционалдық, 30 пайызы мажоритарлық тәсілмен жасақталатын болады. Сонымен бірге аралас сайлау үлгісі облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихаттар сайлауына да енгізіледі. Сайлаудың осы тәсіліне оралу біз үшін өте маңызды. Бұл қадам – партиялардың Мәжіліс пен мәслихатқа өту шегін төмендету үшін осыған дейін қабылданған шешімнің заңды жалғасы», - деді Президент. Мемлекет басшысының айтуынша, бұдан былай мажоритарлық жүйе бойынша әрбір аймақ Парламенттің төменгі палатасына өзінің кемінде бір депутатын сайлай алады. Жаңа үлгі көзқарасы әртүрлі азаматтардың Мәжіліске келуіне мүмкіндік береді. «Сондай-ақ, аудандар мен қалалардағы сайлауды толығымен мажоритарлық жүйеге көшіруді ұсынамын. Бұл жүйе жергілікті жерде бәсекелі саяси орта қалыптастырады. Оған қоса, елдің алдында беделі бар жаңа тұлғалардың саясатқа келуіне жол ашады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

(Редактор:Ыбырай Дүйсен,Deng Jie)

Фото