Си Цзиньпин АҚШ Президенті Байденмен бейнекөрсетілім арқылы сөйлесті

(Онлайн Халық Газеті)2022 жыл 21 наурыз

21 наурыз, онлайн «Халық Газеті» -- ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин 18 наурыз күні кешке АҚШ Президенті Байденмен бейнекөрсетілім арқылы сөйлесті. Екі мемлекет басшылары Қытай-АҚШ қарым-қатынасы, Украинадағы жағдай сияқты ортақ мәселелер бойынша ашық әрі терең пікір алмасты.

Байден 50 жыл бұрын АҚШ пен Қытайдың маңызды таңдау жасап, «Шанхай коммюникесін» жариялағанын айтты. «50 жыл өткен соң, АҚШ-Қытай қарым-қатынасы тағы да сындарлы кезеңге дөп келіп отыр. АҚШ-Қытай қарым-қатынасының дамуы XXI ғасырдағы әлемдік үлгіні қалыптастырады. Қайталап айтқым келеді: Америка Құрама Штаттары Қытаймен «жаңа қырғи-қабақ соғыс» жүргізуге ұмтылмайды, Қытай жүйесін өзгертуге де мүдделі емес. Одақтастықты нығайту арқылы Қытайға қарсы тұруды көздемейді. «Тайвань тәуелсіздігін» қолдамайды әрі Қытаймен қақтығысуға ниеті жоқ. АҚШ тарапы Қытаймен шынайы диалогқа түсіп, ынтымақтастықты күшейтіп, бір мүддедегі Қытай саясатын ұстанып, бәсекелестік пен келіспеушіліктерді тиімді басқарып, АҚШ пен Қытай қарым-қатынасының тұрақты дамуына ықпал етуге дайын. Мен АҚШ-Қытай қарым-қатынасын реттеу үшін Төраға Си Цзиньпинмен тығыз байланыста болуға пейілдімін»,-деді АҚШ Президенті.

Си Цзиньпин былай деп атап көрсетті: «Өткен қарашадағы алғашқы бейне кездесуден бері халықаралық жағдай жаңа әрі үлкен өзгерістерге ұшырады. Бейбітшілік пен даму дәуірі ауыр сынақтарға тап болып, әлем бейбіт те, тыныш та болмады. Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшесі және әлемнің екі ірі экономикалық тұлғасы ретінде біз Қытай мен АҚШ қарым-қатынасының дұрыс жолға түсуіне жетекшілік етіп қана қоймай, сонымен бірге өзімізге тиісті халықаралық жауапкершіліктерімізді атқарып, әлем бейбітшілігі мен тыныштығы үшін күш салуымыз керек».

Си Цзиньпин былай деп баса айтты: «Мен де, Президент мырза да, Қытай мен Америка бір-бірін құрметтеп, бейбіт қатар өмір сүріп, текетіреске жол бермей, екі тарап барлық деңгейде және әртүрлі салаларда байланыс пен диалогты күшейту керек деп есептейміз. Президент мырза жаңа ғана Америка Құрама Штаттарының «жаңа қырғи-қабақ соғысқа», Қытай жүйесін өзгертуге ұмтылмайтынын, одақтас қатынастарды нығайту арқылы Қытайға қарсы тұруға мүдделі еместігін, «Тайвань тәуелсіздігін» қолдамайтынын, Қытаймен қақтығысуға ниеті жоқ екенін қайталап айтты. Мен сіздің бұл пікіріңізді байыппен қабылдаймын».

Си Цзиньпин мынаны айтты: «Қазіргі уақытта Қытай-АҚШ қарым-қатынастары АҚШ-тың бұрынғы әкімшілігі тудырған қайшылықтардан шығып үлгермей, керісінше, барған сайын көбірек қиындықтар тудыруда. Атап айтқанда, АҚШ-тағы кейбір адамдар «Тайвань тәуелсіздігі» күштеріне қатысты қате дабылдауда, бұл өте қауіпті. Егер Тайвань мәселесі дұрыс шешілмесе, бұл екі ел арасындағы қарым-қатынасқа кері әсер етеді. Бұған АҚШ тарапы жеткілікті көңіл бөледі деп үміттенемін. Қытай-АҚШ қарым-қатынасындағы қазіргі жағдай АҚШ-тағы кейбір адамдардың екі тараптың қол жеткізген маңызды консенсусын қабылдамағанына, Президент мырзаның оң пікірлерін жүзеге асырмағанына тікелей байланысты. АҚШ Қытайдың стратегиялық ниетін қате түсінді және қате бағалады».

Си Цзиньпин Қытай мен АҚШ-та бұрын да, бүгін де қайшылықтардың бар екенін және болашақта да болатынын баса айтты. «Ең бастысы – қайшылықтарды дұрыс шешу. Қытай-АҚШ қарым-қатынасын тұрақты дамыту екі жаққа да тиімді»,-деді Төраға.

Сонымен бірге тараптар Украинадағы қазіргі жағдай туралы пікір алмасты.

Байден АҚШ тарапының ұстанымын таныстырып, орын алған мәселенің шиеленісуіне жол бермеу үшін Қытай тарапымен байланыс орнатуға дайын екенін білдірді.

Си Цзиньпин Украинадағы жағдайдың мұндай қадамға жеткенін Қытайдың қаламайтынын атап айтты. «Қытайдың әрқашан бейбітшілікті жақтап, соғысты қолдамауы елдің тарихи және мәдени дәстүрі болып табылады. Біз әрқашан мәселенің жөн-жосығын салмақтап, тәуелсіз шешімдер қабылдап, халықаралық құқық пен халықаралық қатынастардың жалпыға ортақ негізгі нормаларын қолдауды жақтадық, БҰҰ Жарғысын ұстандық және жан-жақты, ынтымақты және тұрақты қауіпсіздік тұжырымдамасын қолдадық. Бұл ірі қағидаттар Қытайдың Украина дағдарысын шешуде сүйенетін тірегі болып табылады. Қытай Украинадағы гуманитарлық жағдай туралы алты тармақтан тұратын бастама көтерді және Украина мен зардап шеккен басқа елдерге одан әрі гуманитарлық көмек көрсетуге дайын. Барлық тараптар Ресей-Украина диалогы мен келіссөздерін бірге қолдауы тиіс, келіссөздердің нақты нәтижесі болып, бейбітшілікті орнықтыру қажет. АҚШ пен НАТО Украина дағдарысының түйінін және Ресей мен Украинаның қауіпсіздік мәселелерін шешу үшін Ресеймен диалог жүргізуі керек».

Си Цзиньпин мынаны атап көрсетті: «Қазіргі уақытта әлем елдері пневмония індетімен күресуде ғана емес, сонымен қатар экономика мен халықтың қалыпты әлеуметтік ахуалын тұрақтандыру мәселесінде қиындыққа ұшырап отыр. Ірі елдердің көшбасшылары ретінде біз жаһандық мәселелерді дұрыс шешуіміз, одан да маңыздысы жаһандық тұрақтылық пен миллиардтаған адамдардың өндірісі мен өмірін сақтауды алдымен ойластыруымыз керек. Жан-жақты және себепсіз санкцияларды қолданудан қарапайым халық зардап шегеді. Егер ол жалғаса берсе, жаһандық экономикада, саудада, қаржыда, энергетикада, азық-түлікте, өнеркәсіптік жүйеде және тасымалдауда күрделі дағдарыстарды тудырады. Бұл онсыз да қиын әлемдік экономиканы одан сайын нашарлатып, орны толмас шығындарға әкеледі. Жағдай неғұрлым күрделі болса, соғұрлым сабырлы және сергек болу керек. Біз кез келген жағдайда саяси батылдық танытып, бейбітшілік үшін кеңістік жасап, саяси реттеуге жол қалдыруымыз керек. Қытайда бұрыннан келе жатқан мынадай екі нақыл сөз бар: біріншісі «Жалғыз қолмен шапалақ соғылмайды», екіншісі «Күрмеуді байлаған адам оңай шешеді». Ең бастысы, мүдделі тараптар саяси ерік-жігер танытып, бүгінге назар аударып, болашаққа бағыт түзеп, дұрыс шешім табуымыз керек. Ал басқалар осы үшін жағдай жасауға ұмтылуы тиіс. Қазіргі кездегі басты басымдық – диалог пен келіссөздерді жалғастыру, бейбіт тұрғындардың құрбан болуына жол бермеу, гуманитарлық дағдарыстардың алдын алу және ұрысты ертерек тоқтату. Ғұмырлы шешім ірі державалар арасындағы өзара құрметте, «қырғи-қабақ соғыс» менталитетінен бас тартуда, одақтасып, қарсыласпай және бірте-бірте теңестірілген, тиімді әрі тұрақты жаһандық қауіпсіздік кеңістігін құруда жатыр. Қытай бейбітшілік үшін қолдан келгеннің бәрін жасап келеді және сындарлы рөл атқара береді.

Екі мемлекет басшылары бейнебайланысты аса маңызды болды деп есептеп, екі елдің жұмыс тобына дер кезінде нақты іс-қимылдар жасап, Қытай-АҚШ қарым-қатынасының тұрақты даму жолына қайта оралуын қолдап, Украина дағдарысын дұрыс шешуге күш салуды тапсырды.

Жоғарыда аталған іс-шараларға Дин Сюэсян, Лю Хэ, Ван И және т.б. қатысты. 

(Редактор:Ыбырай Дүйсен,Deng Jie)

Фото