Сауда министрлігі: АҚШ Қытайға салынатын барлық тарифтерді мүмкіндігінше тезірек жояды деп үміттенеміз

(Онлайн Халық Газеті)2022 жыл 25 наурыз

25 наурыз, онлайн «Халық Газеті» -- АҚШ-тың Қытайдың кейбір тауарларын қосымша тарифтерден босатуын жалғастыруына жауап ретінде Қытай Сауда министрлігінің баспасөз хатшысы Шу Цзюэтин 24 наурыз күні, АҚШ тарапы Қытайға қатысты барлық қосымша тарифтерді мүмкіндігінше тез арада алып тастайды деп үміттенетінін айтты.

Америка Құрама Штаттарының Сауда өкілі кеңсесі жергілікті уақыт бойынша 23 науряз күні, АҚШ-қа экспортталатын, Трамп әкімшілігі кезінде қосымша тарифтерден босатылған, бірақ жеңілдіктер мерзімі аяқталған 352 Қытай өнімдеріне қатысты босату саясатын жүзеге асыруды жалғастыратынын хабарлады. Бұл өнімдерге сорғылар мен қозғалтқыштар сияқты өнеркәсіптік құрамдас бөліктер, кейбір автокөлік бөлшектері мен химиялық заттар, сондай-ақ сөмкелер, велосипедтер және шаңсорғыштар сияқты тұтынушылық өнімдер кіреді.

Осыған байланысты Шу Цзюэтин сол күні өткен баспасөз мәслихатында АҚШ-тың бұл қадамы тиісті өнімдердің қалыпты саудасына көмектесетінін айтты.

Оның айтуынша, АҚШ-тың біржақты тарифтер енгізуі Қытай, Америка Құрама Штаттары және әлем үшін пайдасыз болып табылады. «Инфляцияның өсуі жалғасып жатқан және жаһандық экономиканы қалпына келтіру қиындықтарға тап болған қазіргі жағдайда, АҚШ тарапы Қытай мен АҚШ-тағы тұтынушылар мен өндірушілердің негізгі мүдделерін негізге алып, Қытайға қатысты барлық қосымша тарифтерді мүмкіндігінше тезірек алып тастап, екіжақты экономикалық және сауда қатынастарын мүмкіндігінше тезірек қалыпты жолға оралғанын күтеміз»,-деді ол.

АҚШ-тың бұрынғы президенті Трамптың әкімшілігі кезінде «301-бап» деп аталатын, яғни 1974 жылғы АҚШ Сауда заңының 301-тармағына сәйкес жыл сайын жүздеген миллиард долларды құрайтын қытайлық өнімдерге жоғары баж салығы енгізілді. Көп уақыт өтпей, жеткізілім тізбегіндегі жағдайды және корпоративтік тұтынушыларға түсетін ауыртпалылықты ескере отырып, Трамп әкімшілігі кейбір өнімдерге қосымша тарифтерден босатуды бекіткен болатын.

(Редактор:Ыбырай Дүйсен,Deng Jie)

Фото