ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Хайнаньда «Пандаман» атанған қазақ жігітімен кездесті

(Онлайн Халық Газеті)2022 жыл 20 сәуір

20 сәуір, онлайн «Халық Газеті» -- ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин жақында Хайнаньдағы Янпу экономикалық даму аймағында болды. Осы кезеңде Си Цзиньпин сол жерде жұмыс істейтін қазақстандық Руслан Төленовпен кездесті. Кездесуден кейін Руслан тілшіге: «Си төраға менімен сөйлеседі деп күткен жоқпын. Мен үшін бұл - үлкен құрмет», - деді қуанышын жасыра алмай.

ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин 2013 жылы Қазақстанға ресми сапарындағы Назарбаев университетінде сөйлеген сөзінде Руслан жайлы сөз қозғап, оның оқиғасын қазақ-қытай достығының символына айналдырды.

2009 жылы 17 жасында Қытайға жоғары білім алуға келген Руслан жылына екі рет қан тапсыруды әдетке айналдырған. 2013 жылға дейін ол Қытайда өткізген 4 жылында жалпы 5 литр көлемінде қан тапсырып үлгерген. Ал қаны теріс резус-факторлы (Rh) қытайлықтардың саны - небәрі 1-3% ғана. Руслан осындай сирек кездесетін қан доноры болғандықтан кез келген уақытта көмек беретінін айтып, әлеуметтік желілерде және қан орталықтарына телефон нөмірін қалдырып отырған.

Қытай төрағасының назарында болу Русланға үлкен танымалдық әкелді. Көптеген қытайлықтар Русланды «Пандаман» деп атап кетті. Себебі оның қан тобы - Қытайдың ұлттық қазынасы панда сияқты сирек әрі бағалы.

Руслан Қытайдағы оқуын аяқтағаннан кейін Хайнаньда қалып, жұмыс істеуді жөн көрді. Бірнеше шет тілдерін меңгерген Руслан 2019 жылы Хайнань халықаралық экономикалық даму бюросының жаһандық баспасөз қызметкері болды.

2020 жылы Хайнаньда коронавирустың салдарынан қан тапсыру көлемі айтарлықтай қысқарды. Сирек кездесетін қан тобына мұқтаж жандарға көмектесу үшін Руслан сол жылы тағы да 400 мл тегін қан тапсырған. «Хайнань - қазір менің екінші мекенім, мен Хайнаньның дамуына үлес қосамын деп үміттенемін», - деді ол Синьхуа агенттігіне берген сұхбатында. 

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото