Қытай ауыл шаруашылық саласының болжамы: Еліміздің өзін-өзі азық-түлікпен қамтамасыз ету деңгейі 2031 жылы 88,1%-ға жетеді

(Онлайн Халық Газеті)2022 жыл 22 сәуір

22 сәуір, онлайн «Халық Газеті» -- 20 сәуір күні таңертең Ауыл шаруашылығы және ауыл істері министрлігінің Нарықты алдын-ала сараптау комитеті, Қытай ауылшаруашылық ғылымдар академиясы және басқа да бөлімшелер бірлесіп «Қытайдың ауыл шаруашылығы болжамы туралы есепті (2022-2031)» жариялады. Есепте 2021 жылы күріш, бидай және соя сияқты 18 негізгі ауыл шаруашылығы өнімдерінің нарықтағы жағдайы таныстырылып, 2022 және алдағы 10 жыл кезеңіндегі негізгі ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі, тұтынуы, саудасы және баға тенденциялары болжанған.

Алдағы 10 жылда еліміздің астық өндірісі қарқынды дамып, астық өндірудің жан-жақты қуаттылығы одан әрі жақсара бермек.

Есептегі талдауға қарағанда, 2021 жылы Қытайдың астық өндірісі рекордтық көрсеткішті орындап, өткен жылмен салыстырғанда 2,0 пайызға артып, 683 миллион тоннаға жеткен.

Ағымдағы жылы «Астық рационын орнықтыру, жүгеріні тұрақтандыру, соя және майлы дақылдарды кеңейту» ұлттық саясаты аясында ауыл шаруашылығының кешенді өндірістік қуаты тұрақты түрде жақсарған. Астық пен маңызды ауыл шаруашылығы өнімдерін қамтамасыз етудің кепілді мүмкіндіктері айтарлықтай артқан.

Ауыл шаруашылығы және ауылдық істер министрлігі Нарықты алдын-ала сараптау комитетінің бас хатшысы Сю Шивэй: «Биылғы азық-түлік сұранысы мен ұсынысы жалпы алғанда теңгерім жағдайында. Біздің талдауымыз бойынша, астық өндірудің жалпы көлемі 688 миллион тонна деңгейіне жетеді, ал егу алқабы биылғы жылы 117,3 миллион гектардан астам болып тұрақталады. Астықты тұрақты өндіру мен жеткізу еліміздің экономикасының салауатты жұмыс істеуі мен қауіпсіз дамуына берік негіз болып табылады»,-деді.

Есептегі талдауға қарағанда, алдағы 10 жылда еліміздің астық өндіру саласының жан-жақты мүмкіндігі одан әрі жақсарып, егіс көлемі ұлғайып, өнім бірлігі көрсеткіші жылдам өседі. Астық өнімі қарқын алып, 2031 жылы еліміздің өзін-өзі астықпен қамтамасыз ету деңгейі 88,1%-ға дейін артады деп күтілуде.

(Редактор:Ыбырай Дүйсен,Deng Jie)

Фото