Бірінші тоқсанда 2,85 миллион жаңа жұмыс орны ашылды
Жылдық жоспар 26%-ға орындалды

(Онлайн Халық Газеті)2022 жыл 28 сәуір

28 сәуір, онлайн «Халық Газеті» -- 27 сәуірде Адам ресурстары және әлеуметтік қамсыздандыру министрлігі бірінші тоқсанның баспасөз мәслихатын өткізіп, баспасөз хатшысы Лу Айхун: «Үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында жұмыспен қамту жағдайы негізінен тұрақты болып, қалаларда 2 миллион 850 мың жаңа жұмыс орны ашылды. жылдық меженің 26 пайызы орындалды»,- деп мәлімдеді.

Лу Айхун осы жылдың қаңтар-наурыз айларында қалалық сауалнамадағы жұмыссыздықтың орташа деңгейі 5,5 пайызды құрағанын айтты. Келесі бірінші қадам – кәсіпорындар мен жұмыс орындарын тұрақтандыру сияқты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету саясатын одан әрі жалғастыру, екіншісі – негізгі топтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, үшіншісі – жұмысшылардың біліктілігін арттыруды күшейту, төртіншісі – кәсіпкерлікті қолдап, жұмыспен қамтуды ынталандыру, бесіншісі – халықты жұмыспен қамту қызметінің деңгейін көтеру сияқты шаралар жүзеге асырылады.

Адам ресурстары және әлеуметтік қамсыздандыру министрлігі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу департаменті директорының орынбасары Чэнь Юнцзя жұмыспен қамту жағдайының жалпы тұрақты болуы үшін әлі де көптеген қолайлы жағдайлардың қажеттігін айтты. Биылғы жылы жоғары оқу орындарын аяқтаған түлектердің саны 10,76 миллионға жетіп, тарихтағы ең жоғары деңгейді құрады. Түлектерді жұмысқа орналастыру қызмет сапасын одан әрі арттыру мақсатында Адам ресурстары және әлеуметтік қамтамасыз ету министрлігі биыл жыл басынан бастап «Мемлекеттік жұмыспен қамту қызметі - мектепте» іс-шарасын ұйымдастырған болатын. Статистика көрсеткендей, соңғы бір айға жуық уақыт ішінде әр өңірде 10 мыңнан астам түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, 5 миллионға жуық жұмыс орны туралы ақпарат берілген, 6 миллионға жуық түлектерге қызмет көрсетілген.

Лу Айхун Қытай Коммунистік партиясының 18-інші мемлекеттік құрылтайынан бері Қытайдың әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінің құрылысы жылдам жолға қойылып, бірқатар маңызды реформалық шаралар іске асып, Қытайдың әлеуметтік қамсыздандыру ісін дамыту тарихи жетістіктерге қол жеткізгенін айтты.

Әлеуметтік қамсыздандыру қызмет арнасы кеңеюде. Үстіміздегі жылдың наурыз айының соңындағы жағдай бойынша негізгі зейнеткерлік сақтандыруға, жұмыссыздық сақтандыруына және өндірістік жарақаттан сақтандыруға қатысатын адамдардың саны сәйкесінше 1,03 миллиард, 230 миллион және 280 миллион болды.

Әлеуметтік қамсыздандыру деңгейі ұдайы жақсарып, қамсыздандыру әлеуеті үздіксіз ұлғайып отыр. Наурыз айының соңындағы жағдай бойынша, базалық зейнетақы, жұмыссыздық және өндірісте зардап шеккен үш әлеуметтік сақтандыру қорында 7,18 триллион юань жиналып, қорлар тұтастай бір қалыпты жұмыс істеп тұр.

Қала мен ауылдық елді мекендерді үйлестіретін бес деңгейлі әлеуметтік қамсыздандыруды басқару қызметінің желісі негізінен құрылып болды. Осыған сәйкес әлеуметтік қамсыздандыру мәселелерін жақын жерде, онлайн және жылдам бітіру ыңғайлы әрі тиімді бола түсті. Әлеуметтік сақтандыру карталарын ұстаушылар саны 1,355 миллиардқа жетті, ал электрондық әлеуметтік сақтандыру карталарының саны 536 миллионнан асты. «Барлығы бір картаны» қолдану аясы жалғасын тауып келеді. 

(Редактор:Ыбырай Дүйсен,Deng Jie)

Фото