БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Карачи университеті Конфуций институтының автобусына жасалған лаңкестікті айыптады

(Онлайн Халық Газеті)2022 жыл 29 сәуір
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Карачи университеті Конфуций институтының автобусына жасалған лаңкестікті айыптады

29 сәуір, онлайн «Халық Газеті» -- БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі 28 сәуір күні Президенттік баспасөз мәлімдемесін жариялап, 26 сәуір күні Пәкістанның Карачи университеті Конфуций институтының автобусына жасалған лаңкестік әрекетті қатаң айыптады.

Президенттік баспасөз мәлімдемесінде Қауіпсіздік кеңесі мүшелерінің Карачи университетіндегі лаңкестік әрекетті қатаң түрде айыптағаны, шабуылда 3 қытайлық, 1 пәкістандық азаматтың қаза тауып, көптеген адамның жараланғаны атап көрсетілді. Лаңкестік әрекетінің жауапкершілігін Белуджистан азат ету армиясының Маджид бригадасы өз мойнына алды.

Кеңес мүшелері қаза болғандардың туыстарына, Пәкістан мен Қытай үкіметтеріне қайғыға ортақтығын білдіріп, көңіл айтты. Терроризмнің кез келген нысаны мен көрінісі халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке елеулі қатер екенін және қылмыскерлерді, ұйымдастырушылар мен қаржыландырушыларды лаңкестік әрекеттері үшін жауапқа тарту керектігі айтылды. Кеңес мүшелері барлық елдерді халықаралық құқық пен Қауіпсіздік кеңесінің қарары бойынша өз міндеттемелеріне сәйкес Пәкістан мен Қытай үкіметтерімен және осыған байланысты барлық басқа құзырлы ұйымдармен белсенді ынтымақтастыққа шақырды.

Президенттік баспасөз мәлімдемесінде кез келген лаңкестік актісі, оның мақсатына, қашан, қай жерде және кім жасағанына қарамастан, қылмыстық әрекет деп танылып, оның кешірілмейтіні атап өтілді. Әр мемлекет БҰҰ Жарғысына және халықаралық құқық міндеттемелерге сәйкес халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке төнетін терроризм әрекетімен күресу үшін барлық шараларды қабылдауы тиіс.

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото