Қазақстанда Қытай-Қазақстан дипломатиялық қарым-қатынасының 30 жылдығына арналған баспа алмасу симпозиумы өтті

(Онлайн Халық Газеті)2022 жыл 29 сәуір

29 сәуір, онлайн «Халық Газеті» -- Сәуірдің 20-сы мен 24-і аралығында Қазақстанның астанасы Нұр-Сұлтан қаласында V Еуразия халықаралық кітап көрмесі өтті. Сәуірдің 22-сі күні «Бір белдеу, бір жолды» бірлесіп құрушы елдердің баспа ынтымақтастығы ұйымы көрме орталығында «Өзара қолдау және ынтымақ арқылы тең ұтысқа жету – Қытай мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастарының 30 жылдығына арналған баспа алмасу симпозиумы» онлайн және офлайн режимде өтті.

Үгіт-насихат министрлігі импорт және экспорт басқармасы директорының орынбасары Чжао Хайюнь интернет арқылы сөйлеген сөзінде Қытай мен Қазақстан арасында осыдан 30 жыл бұрын дипломатиялық қарым-қатынас орнатқаннан бері екі елдің баспа ісі саласындағы ынтымақтастығы молайғанын және жемісті нәтижелерге қол жеткізгенін айтты. «Екі елде «Си Цзиньпин: Ел басқару жөнінде», «Қытай оқулығы», «Шешуші он жыл», «Абай өлеңдері» сияқты қытай және қазақ классикалық кітаптарының топтамасы аударылып, жарық көрді. Екі елдің баспалары қарым-қатынас пен алмасу үшін халықаралық кітап көрмесі алаңын белсенді түрде пайдаланады және жиі бірлесудің арқасында өзара тиімді қарым-қатынас қалыптастырды. Қытай мен Қазақстан арасындағы классикалық шығармаларды өзара аудару туралы меморандумға қол қоюды белсенді түрде ілгерілетуді, екі елдің тамаша туындыларын оқырмандарға көбірек таныстыруды, екі ел халқының бір-бірінің мәдениеті туралы түсінігі мен танымын тереңдетуді, екі өркениет арасындағы алмасу мен өзара білім алуды одан әрі күшейтіп, тағдыры ортақ адамзат қауымдастығын бірлесіп құру үшін гуманистік негіздерді біріктіруді үміт етемін», - деді Чжао Хайюнь.

Жиналыста қазақстандық тарап ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Баспа ісін басқару департаменті директорының орынбасары Жақыповтың сөзін оқыды. Жақыпов өз сөзінде соңғы жылдары қазақ синологтары қытай тіліндегі көптеген тамаша кітаптарды аударғанын, қазақ оқырмандары да Қытайдың заманауи экономикалық және әлеуметтік жағдайларын баяндайтын, Қытайдың шынайы өмірімен таныстыратын еңбектерді көбірек көргісі келетінін жеткізді. «Екі тарап мәдениетінің тең алмасуы мен өркениеттердің өзара білім-ғылым саласындағы сабақтастыққа қол жеткізуі үшін аударма және баспа саласындағы ынтымақтастық алдағы уақытта одан әрі нығая түседі деген сенім бар».

«Бір белдеу, бір жолды» бірлесіп құрушы елдердің баспа ынтымақтастығы ұйымының төрағасы және Қытайдың Жэньмин (Халық) университеті баспасының президенті Ли Юнцян «Бір белдеу, бір жолды» бірлесіп құрушы елдердің баспа ынтымақтастығы ұйымын дамыту, ұлттық баспа ісін өркендету мәселелеріне және Жэньмин (Халық) университеті баспасы мен Қазақстан баспа мекемелерінің гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар бойынша академиялық еңбектерді халықаралық деңгейде басып шығарудағы жетістіктеріне тоқталды. Сондай-ақ, қытайлық және қазақстандық ғалымдар, аудармашылар мен баспагерлер өзара бірігіп, кітап аясында Қытай мен Қазақстан арасындағы достық көпірін салып, екі елдің мәдени алмасуына көбірек үлес қосуды үміт ететінін білдірді.

Азия классикасын өзара аудару бағдарламасының арнайы жұмыс кеңсесі хатшылығының үйлестірушісі және Бейжің тіл және мәдениет университетінің «Бір белдеу, бір жол» ғылыми-зерттеу институтының деканы Сюй Баофэн Азия классикасының өзара аудару жоспарына тоқталды. Ол жобаның Оңтүстік Корея, Иран, Пәкістан, Армения, Әзірбайжан және басқа да Азия елдерінде жақсы нәтижелерге қол жеткізгенін айтып, Қытай мен Қазақстан арасындағы классикалық шығармалардың өзара аудармасы қиындықсыз жүзеге асатынына сенім білдірді.

Қытай ұлттар тіл-жазуы аударма орталығының профессоры Берікнұр Құрманжанұлы «Қытай жолы әлемге не сыйлайды» кітабын қазақ тіліне аударушы. Ол Қытай мен Қазақстан арасындағы өзара аударма саласындағы маңызды мәселелермен таныстырып, аударма сапасын арттырудың әдістерін талқылады.

Қазақстандағы Еуразия ұлттық университеті қытай филологиясы кафедрасының меңгерушісі Ақбархан Дәулетәлінің пайымдауынша, дипломатиялық қарым-қатынас орнағаннан бергі 30 жыл ішінде Қытай мен Қазақстан арасындағы кітаптардың өзара аудармасы осыған дейінгі тіл және мәдени кітаптардан қазіргі экономикалық, құқықтық, әлеуметтік, философиялық және басқа да салаларға дейін кеңейді. Бұл оқырмандарға екі жақтың дамуын перцептивті тұрғыда түсінуден бір-бірін жан-жақты және ұтымды көзқарас тұрғысынан танудың биігіне көтерді. Алдағы уақытта екі елдің баспалары тамаша кітаптар мен өзара аударма туындыларын оқырмандарға көптеп жеткізетін болады.

Қазақстандық баспа мекемелерінің өкілі Адай Сәкенұлы Қытай баспаларымен бірлесе кітап басып шығарудағы көп жылғы тәжірибесімен бөлісіп, Қазақстанда жарық көріп жатқан қытай тақырыбындағы кітаптардың академиялық және нарықтық құнымен таныстырды.

Симпозиумда сондай-ақ ҚКП ОК партия мектебі парткомының бұрынғы мүшесі, бірінші дәрежелі профессор Хань Цинсянның «Қытай жолы әлемге не сыйлайды» кітабының қазақша нұсқасы таратылды. Сондай-ақ Жэньмин (Халық) университеті баспасы Қазақстаннан шығарған 60-тан астам орыс және қазақ тіліндегі кітаптар көрсетілімі болды.

(Редактор:Ыбырай Дүйсен,Deng Jie)

Фото