Хох Силдегі Тибет бөкендері жыл сайынғы көші-қондарын бастады

(Онлайн Халық Газеті)2022 жыл 9 мамыр

9 мамыр, онлайн «Халық Газеті» -- Тілші Саньцзянъюань ұлттық саябағы басқармасының Хох Сил бөлімшесінен хабарлауынша, жақында Хох Силдегі тибет бөкендерінің жыл сайынғы ауқымды қоныс аударуы басталды.

Статистикаға сүйенсек, мамырдың 5-інде 137 буаз тибет бөкенінің алғашқы тобы Цинхай-Тибет темір жолы мен Цинхай-Тибет тас жолының хайуанаттар өткелінен өтіп, төлдейтін жері - Хох Силге бет алды. Бұл тибет бөкендерінің жыл сайынғы қоныс аударуы мен төлдеуінің басталғанын көрсетеді.

Тибет бөкендерінің қоныс аударуы әлемдегі тұяқты жануарлардың ең үлкен әрі керемет қоныс аударуының бірі болып табылады. Жыл сайын қараша мен желтоқсанда үйірге қосылғаннан кейін ұрғашы тибет бөкендері келесі жылдың мамыр айында Хох Силдегі екі көлге келіп төлдей бастайды. Ал төлдегеннен кейін шілдеден тамызға дейін мекендеріне қайтып үлгеріп, үйіріне қосылады.

Құзырлы орын өкілі «Қазір Хох Сил басқармасы желі бойынша басқару мен қорғауды күшейтіп, тибет бөкендерін үркітіп алмау үшін уақытша қозғалысты азайтып, ысқыруға тыйым салды. Сонымен бірге патрульдік және құтқару сияқты қорғаныс станцияларын ұйымдастырды», - деп таныстырды.

Хо Силдің жалпы ауданы 45 000 шаршы шақырымды құрайды және теңіз деңгейінен орташа биіктігі 4600 метрден асады. Қытайдағы адам тұрмайтын ең үлкен аймақ болғандықтан, бұл жер жабайы жануарлар мен өсімдіктер ресурстарына бай.

«Үстірт рухы» тибет бөкені ұлттық бірінші дәрежелі қорғалатын жануар. Ол негізінен Цинхайдағы Хох Сил, Тибеттегі Цянтан, Шыңжаңдағы Алтұн тауы сияқты табиғи қорықтарда тіршілік етеді. Ол Цинхай-Тибет үстірті экожүйелік табиғатының тепе-теңдігін сақтауда маңызды рөл атқарады.

Хох Силдегі қорғау станциясының қызметкерлері жетім қалған және жараланған тибет бөкендерінің төлдеріне дер кезінде жәрдемдесу үшін жабайы жануарларды құтқару орталығын құрды. 

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото