Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев Ван Имен кездесті

(Онлайн Халық Газеті)2022 жыл 8 маусым

8 маусым, онлайн «Халық Газеті» -- 2022 жылғы 7 маусымда Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев Нұр-Сұлтанда Қазақстанға ресми сапармен барған ҚХР Мемлекеттік кеңес мүшесі, Сыртқы істер министрі Ван Имен кездесті.

Ван И алдымен Төраға Си Цзиньпиннің жылы лебізін жеткізіп, Қазақстанды конституцияға өзгерістер енгізу жөніндегі референдумның сәтті өтуімен құттықтады.

Ван И былай деді: «Биыл Қытай мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толып отыр. Бұл өткенді жалғастыру және болашақты бағдарлауда үлкен маңызға ие. Екіжақты қарым-қатынастардың дамуы көптеген қарама-қайшылықтар мен өзгерістер арқылы өтті. Қол жеткізген нәтижелер де оңайлықпен келген жоқ. Екі тараптың қатынасы серпінді дамуды жүзеге асырып, күш-қайраттың өміршеңдігін көрсетті. Тату көрші және мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктес ретінде Қытай тарапы Қазақстанның ұлттық жағдайларына сай даму жолын ұстануын, «Жаңа Қазақстан» даму стратегиясын жүзеге асыруын барынша қолдайды. Қазақстан тұрақты бейбітшілік пен өркендеуге қол жеткізеді және ұлттық дамудың жарқын болашағын ашады деп сенеді».

Ван И мемлекет басшысының стратегиялық көшбасшылығы Қытай-Қазақстан қарым-қатынасының саяси артықшылығы мен айрықша белгісі екенін айтты. Қытай Қазақстанмен бірге екі мемлекет басшылары қол жеткізген маңызды консенсус сериясын жүзеге асыруға, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын достық тұжырымдамасын берік ұстануға, екіжақты қарым-қатынастарды қастерлеуге, әртүрлі салалардағы ынтымақтастықты дамытуға және Қытай мен Қазақстанның мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестігін жаңа деңгейге көтеруге дайын.

Қ. Тоқаев биылғы ақпанда Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен өткен маңызды және сәтті кездесуін ризашылықпен еске алып, Ван И арқылы Төраға Си Цзиньпинге өзінің шынайы сәлемі мен ізгі тілектерін жолдады. Сондай-ақ Қытай Коммунистік партиясының 20-сыншы Ұлттық құрылтайының табысты өтуіне деген тілегін білдірді. Қ.Тоқаев Қазақстан мен Қытай арасында 30 жыл бұрын дипломатиялық қарым-қатынас орнағаннан бері екі ел арасындағы қарым-қатынастар белсенді даму қарқынын сақтап, түрлі ведомстволар мен деңгейлік ұйымдар арасында тығыз алмасулар болғанын айтты. «Қытайдың қолдауы мен ынтымақтастығы Қазақстанның саяси қауіпсіздігі, ұлттық тұрақтылығы, экономикалық дамуы үшін өте маңызды. Қазақстан Қытаймен қарым-қатынасты сыртқы саясаттың басым бағыты ретінде қабылдайды. Сондықтан екіжақты қарым-қатынастардың мазмұнын үздіксіз байытуға ұмтылады. «Бір белдеу, бір жол» бірлескен құрылысын нығайтып, экономикалық және сауда инвестициялардың деңгейін арттыруға, ауыл шаруашылығы, көлік, логистика, энергетика, туризм және гуманитарлық ғылымдар сияқты әртүрлі салалардағы ынтымақтастықты кеңейтіп, өзара тиімді ортақ ұтысты жүзеге асыруға ниетті».

Президент Қ.Тоқаев Қазақстан мен Қытайдың халықаралық маңызды мәселелерде ұстанымы бір, тілі ортақ екенін айтты. Қазақстан тарапы Қытайдың халықаралық істердегі маңызды ықпалы мен сындарлы рөлін жоғары бағалайды, Төраға Си Цзиньпин ұсынған жаһандық даму бастамасы мен жаһандық қауіпсіздік бастамасына толығымен келіседі және оны қолдайды. Аса маңызды және дер кезінде ұсынылған жоғарыдағы бастамалар жаһандық бейбітшілік, басқару, сенім және дамудағы зәру мәселелерді толықтыруға көмектеседі. Қазақстан сонымен бірге Қытайдың ислам елдерімен «төрт серіктестік» құру туралы ұсынысын жоғары бағалайды және оған белсенді түрде қатысуға дайын.

Ван И Қытай мен Қазақстанның «Бір белдеу, бір жол» бірлескен құрылысы жемісті нәтижелерге қол жеткізгенін айтты. Қытай Қазақстанмен стратегиялық сабақтастықты нығайтуға, ынтымақтастық салаларын кеңейтуге, екі ел халқының әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік беретін жоғары сапалы ынтымақтастық жобаларының жаңа партиясын құру үшін жұмыс істеуге дайын. Экономикалық және сауда ынтымақтастығын дамытудың орта және ұзақ мерзімді жоспары мен инвестицияларды қорғау туралы келісімнің жаңа нұсқасын талқылауға, өткелдерде жүк көліктерінің өтуін арттыру, әртараптандырылған тасымалдау арналарын кеңейту, транскаспий халықаралық тасымалдау дәлізінің негіздемесін зерттеуді жеделдетуге, гуманитарлық алмасуларды нығайтып, екі ел достығының халықтық және әлеуметтік негізін бекемдеуге ниетті.

Тараптар Орталық Азия және АӨСШК ынтымақтастығы мәселелері бойынша пікір алмасты. Ван И қазақстандық тараптың «Қытай + Орталық Азияның бес елі» сыртқы істер министрлерінің үшінші кездесуіне дайындықтағы маңызды рөлін жоғары бағалады. Аймақтық ынтымақтастық үшін тиімді платформаны бірлесе құрып, Қытай мен Орталық Азиядағы көрші елдер арасындағы ынтымақтастықты арттыруға дайын екендіктерін білдірді. Қазақстанның АӨСШК төрағалығы рөлін атқаруын және АӨСШК алтыншы саммитін табысты өткізуін қолдайтынын жеткізді.

Екі тарап та Украина дағдарысының ауыр, жағымсыз әсерлеріне алаңдаушылықтарын білдірді. Ван И Қытайдың бейбіт келіссөздерді ілгерілетуде сындарлы рөл атқаратынын баса айтты. Қазіргі жағдайда экстерриториялық күштердің аймақтағы елдерді ірі державалық қақтығыстарға тартуынан және елдерді «тарап таңдауға» мәжбүрлеу әрекеттерінен сақ болуы керек. Қытай Орталық Азия елдері сабырлылық танытып, өз ұстанымдарын сақтап, үйлестіруді күшейтіп, шынайы ынтымақтастықта болып, аймақтық бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтайды деп үміттенеді. Қытай ешқашан Орталық Азияда геосаяси мүдделерді көздемейді және сыртқы күштердің бұл өңірге қол сұғуына ешқашан жол бермейді. Қ.Тоқаев Қытайдың әділ ұстанымын жоғары бағалады, сондай-ақ тығыз байланысты сақтауға және дауларды бейбіт жолмен шешуге табандылық танытуға дайын екендігін білдірді.

Сол күні Ван И Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары және Сыртқы істер министрі М.Тілеубердімен келіссөздер жүргізіп, баспасөз өкілдерімен бірлескен кездесу өткізді. 

(Редактор:Ыбырай Дүйсен,Deng Jie)

Фото