Ван И: Қытай-Қазақстан қарым-қатынасының келесі алтын 30 жылын бірлесіп құрамыз

(Онлайн Халық Газеті)2022 жыл 8 маусым

8 маусым, онлайн «Халық Газеті» -- 7 маусымда ҚХР Мемлекеттік кеңес мүшесі және Сыртқы істер министрі Ван И Нұр-Сұлтанда Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары және Сыртқы істер министрі М.Тілеубердімен бірге баспасөз өкілдерімен кездесті.

Ван И екі жақтың прагматикалық, тиімді және мазмұнды келіссөздер жүргізгенін, Қытай мен Қазақстан достығының мыңдаған жылдық дәстүрлік негізі бар екенін және екі ел ынтымақтастығының 30 жылдан астам тәжірибелік қорытындысының орныққанын айтты.

Тарихи жаңа бастау нүктесінде тұрып, екі жақ тату достық, өзара құрмет, теңдік пен сенім, өзара тиімділік пен ортақ нәтиже принципіне негізделіп, практикалық ынтымақтастықты тереңдетіп, дәстүрлі достыққа мұрагерлік етіп, Қытай-Қазақстан қарым-қатынасының келесі алтын 30 жылын құруды жалғастырады.

Ван И екі жақтың төрт бағытқа «бұлжытпай» қол жеткізуі керек екенін атап өтті:

Біріншісі – стратегиялық өзара сенімді бұлжытпай арттыру. Тараптар мемлекет басшысының дипломатиялық жетекші рөліне толық мән беріп, барлық деңгейдегі ұйымдар мен ведомстволардағы алмасулар мен ынтымақтастықты тереңдетеді. Өздерінің ұлттық жағдайларына сай даму жолында бірін-бірі қолдап, бір-бірінің негізгі мүдделеріне қатысты мәселелерде өзара қолдауды кеңейтіп, Қытай-Қазақстан қарым-қатынастарын қорғап, дамытуы керек. Қытай-Қазақстан ынтымақтастығы комитеті, өндірістік қуат және инвестициялық ынтымақтастық жөніндегі диалог, жергілікті ынтымақтастық форумы сияқты тетіктерді тиімді пайдаланып, екіжақты бірлесуді жан-жақты, терең және жоғары деңгейге көтеру тиіс.

Екіншісі – өзара тиімді ынтымақтастықты бұлжытпай жүзеге асыру. Екі тарап даму стратегияларының ұштасуын одан әрі тереңдетіп, ынтымақтастықтың жаңа бағыттары мен кеңістігін кеңейтуге дайын. Қытай-Еуропа пойыздарының тасымал қабілетін барынша қамтамасыз ету, Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің әлеуетін аша түсу, пойыз арналарын әртараптандыруға ықпал ету керек. 5G, көлемді деректер, жасанды интеллект, цифрлық қаржы, трансшекаралық электрондық коммерция, жасыл энергетика және басқа салаларда жаңа өсу нүктелерін дамытуға назар аударып, жаңаша демонстрациялық ынтымақтастық жобалар партиясын құру қажет. Екі жақ Қытай мен Қазақстан арасындағы барлық шекаралық өткелдердің жұмысын қалпына келтірді, екі ел арасындағы әуе қатынасын орнықтыру жөнінде де консенсусқа қол жеткізілгенін хабарлады. Екі елдің әуе компаниялары жақын арада аптасына екі рет екі жақты тікелей рейстерді іске қосады.

Үшіншісі – Қытай мен Қазақстан достығын ұрпақтан-ұрпаққа бұлжытпай жалғастыру. Екі жақ сәйкесінше Сиань және Ақтөбеде бас консулдықтар, екі елде өзара мәдени орталықтар құру туралы ортақ пікірге келді. Қазақстанда дәстүрлі қытай медицинасы орталығы және Любань шеберханасы сияқты техникалық колледждерді құру мүмкіндігінше тезірек жүзеге асырылатын болады. Қытай тарапы Қазақстанмен індетке қарсы күресте халықаралық ынтымақтастықты үздіксіз тереңдете түсуге, Қазақстан тарапына вакцина бойынша көмек көрсетуді жалғастыруға, екі елдің дәрі-дәрмектің ғылыми-зерттеу және өндіру саласындағы ынтымақтастығына қолдау көрсетуге, сондай-ақ адамзат денсаулығының ортақ қауымдастығын құру үшін бірге жұмылуға дайын.

Төртіншісі – халықаралық әділдікті бұлжытпай қорғау. Біз Біріккен Ұлттар Ұйымы негіз еткен халықаралық жүйені қорғау үшін бар күш-жігерімізді аямаймыз, біржақты болу мен қоқан-лоқы көрсетуге қарсымыз. «Шанхай рухын» белсенді түрде насихаттап, Шанхай ынтымақтастық ұйымының салауатты және тұрақты дамуына ықпал етеміз. Барлық тараптармен бірге АӨСШК-ін жаңартудың нақты жолдары мен қадамдарын белсенді түрде зерттеп, АӨСШК үдерісінің үздіксіз дамуына ықпал етеміз. Қазақстан жаһандық даму мен қауіпсіздік бастамасын белсенді түрде қолдайды. Қытай Қазақстанның халықаралық және аймақтық істерде неғұрлым сындарлы рөлде болуын қолдайды, Қазақстанның «БРИКС+» ынтымақтастығына қатысуын құптайды. 

(Редактор:Ыбырай Дүйсен,Deng Jie)

Фото