Си Цзиньпин: Патриоттық дәстүрді жаңаша әрі табандылықпен дамыту керек

(Онлайн Халық Газеті)2022 жыл 13 маусым

13 маусым, онлайн «Халық Газеті» --  «Дагун бао»-дың құрылғанына 120 жыл толуына орай Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы, мемлекет Төрағасы, Орталық әскери комитет Төрағасы Си Цзиньпин құттықтау хатын жолдап, барлық қызметкерлерге жылы лебізін білдірді.

Си Цзиньпин өзінің құттықтау хатында: «Дагун бао» ғасырдан астам уақыт бойы «Халық ісіне риясыз болу» қағидасын ұстанып, халықтың жоғын жоқтап, елге қалам қуатымен қызмет етіп, жаңа Қытайдың құрылысына, реформалар мен ашықтыққа, модернизацияға, Сянганның отанына оралуына, гүлдену мен тұрақтылықты сақтауда белсенді рөл атқарды. Жаңа дәуірге қадам басқан «Дагун бао» оң пікірлерін айқын жазып, қоғамды жұмылдырып, Сянгандағы әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға, Сянган мен ішкі құрлық арасындағы алмасуды арттыруға және жұрттың отанға деген шынайы пейілін орнықтыруға ықпал етті.

Си Цзиньпин  «Дагун бао» өзінің бастапқы ниетін ұмытпай, патриоттық дәстүрді насихаттап, жаңашылдықпен даму жолында табанды болып, ықпалын одан әрі кеңейтіп, «Бір ел, екі жүйе»-ні тұрақты әрі ұзақ мерзімге жалғастыру үшін, Қытай ұлтының ұлы жаңғыруы туралы ел арманының жүзеге асуы үшін дәуірдің бұдан да маңызды тарауын жазуын үміт етті.

1902 жылы 17 маусымда негізі қаланған  «Дагун бао» газеті — қазірге дейін әлемде үзілмей таралып келе жатқан қытай тіліндегі ең көне басылым. Мерзімді басылым 2016 жылы Сянгандағы «Вэньхуэй бао» компаниясымен бірігіп, Сянган Дагун Вэньхуй медиа тобын құрғаннан кейін, интеграция мен даму қарқынын арттырып, Сянганда негізделген және жаһандық қытайлықтарға бағытталған кешенді медиа байланыс үлгісін қалыптастырды.

(Редактор:Ыбырай Дүйсен,Deng Jie)

Фото