Қытай төрағасы Си Цзиньпин Ресей Президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті

(Онлайн Халық Газеті)2022 жыл 16 маусым

16 маусым, онлайн «Халық Газеті» -- Қытай төрағасы Си Цзиньпин 15 маусым күні түстен кейін Ресей Президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті.

Си Цзиньпин «Биылғы жылдың басынан бері жаһандық толқулар мен өзгерістер жағдайында Қытай мен Ресей қарым-қатынастары жақсы даму қарқынын сақтап қалды. Екі ел арасындағы экономикалық және сауда ынтымақтастығы тұрақты дамып, Хейхэ-Благовещенск тасжол көпірінде көлік қатынап, екі ел арасындағы байланыстың жаңа арнасын ашты. Қытай Ресей тарапымен екіжақты прагматикалық ынтымақтастықтың тұрақты және ұзақ мерзімді дамуына жәрдемдесуге дайын. Екі ел бірлесіп егемендік пен қауіпсіздік сияқты негізгі мүдделер мен маңызды мәселелерде бір-бірін қолдап, стратегиялық үйлестіруді жандандырып, сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымы, БРИКС және Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы сынды ірі халықаралық және аймақтық ұйымдармен пікір алмастыру мен үйлестіруді нығайтуға әзір. Сонымен бірге дамушы нарық елдері мен дамушы елдер арасындағы берекелі ынтымақтастықты ілгерілетуге, халықаралық тәртіп пен жаһандық басқаруды неғұрлым әділ және орынды бағытта дамытуға жәрдемдесуге ниетті» деп атап көрсетті.

В.Путин Төраға Си Цзиньпиннің көреген басшылығымен Қытай тамаша даму жетістіктеріне қол жеткізгенін ресей тарапының шын жүректен құттықтайтынын білдірді. Ол тағы да «Биылғы жылдың басынан бері Ресей-Қытай практикалық ынтымақтастығы тұрақты дамыды. Ресей Қытай тарапы ұсынған жаһандық қауіпсіздік бастамасын қолдайды және Шыңжаң, Сянган, Тайвань және басқа да мәселелерді сылтау етіп, Қытайдың ішкі істеріне араласатын кез келген күштерге қарсы. Біз Қытаймен көпжақты үйлестіруді нығайтып, әлемнің көп полярлығын ілгерілету және неғұрлым әділ және ақылға қонымды халықаралық тәртіп орнату үшін сындарлы күш шығаруға дайынбыз», - деді.

Екі мемлекет басшылары Украина мәселесі бойынша пікір алмасты. Си Цзиньпин Қытайдың Украина мәселесінің тарихи салмағы мен оң-терісін айқындап, тәуелсіз үкім шығарып, әлем бейбітшілігін белсенді қолдап, жаһандық экономикалық тәртіптің тұрақтылығына ықпал еткенін баса айтты. Барлық тараптар Украина дағдарысын жауапкершілікпен реттеуге ұмтылуы керек. Қытай бұл мәселеде өз міндетін атқаруға дайын екенін жеткізді. 

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото