Ауғанстандағы Қытай қаржыландыратын кәсіпорындар жер сілкінісінен зардап шеккен өңірлерге көмек көрсетті

(Онлайн Халық Газеті)2022 жыл 27 маусым
Ауғанстандағы Қытай қаржыландыратын кәсіпорындар жер сілкінісінен зардап шеккен өңірлерге көмек көрсетті

27 маусым, онлайн «Халық Газеті» -- Ауғанстандағы Қытай қаржыландырған кәсіпорын 26 маусым күні Ауғанстанның шығысындағы Хост облысының орталығы Хост қаласында қайырымдылық шарасын өткізді. Мұнда Қытай металлургиялық тобы Айнақ мыс кеніші жобасы зілзаладан зардап шеккен аймақтарға көмек материалдарын берді.

Бұл жолы жеткізілген материалдардың бірінші легінде күріш, ұн, тағамдық май және шай бар екені хабарланды. Қытай металлургиялық тобы Айнақ мыс кеніші жобасының өкілі Ахмед Жавад Салих көмекке берген материалдар апат аймағындағы халыққа қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да көмектеседі деген үмітін білдірді.

Ауғанстанның уақытша үкіметі ұлттық табиғи апаттарды басқару және гуманитарлық істер министрінің арнайы өкілі Мұхаммед Салим Хаккани қайырымдылық шарасында Қытай қаржыландырған кәсіпорындар берген материалдар апат аймағына тез арада жеткізіліп, зардап шеккен жергілікті 800 отбасына таратылатынын айтты.

Хост өлкесінің табиғи апаттарды жою және гуманитарлық істер департаментінің басшысы Фазил Мұхаммед өз сөзінде Қытай қаржыландыратын кәсіпорындардың көрсеткен көмегі үшін алғысын білдірді. Ол сөзін сабақтап, «қытайлықтар қиын сәтте апаттан зардап шеккен аймақтардағы халыққа аса қажетті заттарды жеткізді», - деді.

22 маусым күні Ауғанстанда соңғы 20 жылдан астам уақыттағы ең ауыр жер сілкінісі болып, шығыстағы Хост пен Пактика өлкелері қатты зардап шекті. Жер сілкінісінен кем дегенде 1500 адам қаза тауып, 2000-нан астам адам жарақат алып, 3000-нан астам тұрғын үй қирады. Зілзаладан кейін Қытай үкіметі Ауғанстанға 50 миллион юань төтенше гуманитарлық көмек көрсету туралы шешім қабылдады. 

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото