Кітап – руханияттың алтын көпірі
Қазақстандық оқырмандарға Қытай хикаясын айтамыз

(Онлайн Халық Газеті)2022 жыл 1 шілде

1 шілде, онлайн «Халық Газеті» -- Алматыдағы «Шанс» кітап дүкенінде Си Цзиньпин шығармаларының қазақ және орыс тілдеріндегі көптеген аудармалары қойылған.

Фото Алматыдағы «Шанс» кітап дүкенінен алынды

Алматы қаласындағы «Шанс» кітап дүкеніне кіре қалсаңыз, сөредегі саяси кітаптар оқырмандарды өзіне баурайды. Онда Қытай төрағасы Си Цзиньпин шығармаларының көптеген орысша және қазақша нұсқалары қойылған.

«Шанс» кітап дүкенінің меңгерушісі Жеңіс журналистерге берген сұхбатында: «Қытайдың экономикасы шапшаң дамып, қоғамы ұзақ уақыт бойы орнықтылығын сақтап келеді. «Осындай өскен елдің көшбасшысы Си Цзиньпин елін қалай басқарады?»,- деген сұрақ қазақ ғалымдарын толғантып қана қалмастан, көптеген қарапайым оқырмандарды да бей-жай қалдырмады. Осы мақсатта кітап дүкені Си Цзиньпиннің «Дәстүрлі ел басқару даналығы», «Си Цзиньпин сөздігі (екінші томы», «Си Цзиньпиннің өзекті сөздері – үйлестік пен үндестік», «Си Цзиньпин айтқан хикаялар» және «Си Цзиньпиннің реформа мен ашық есік ойы туралы зерттеулер» сияқты шығармаларының орысша және қазақша нұсқасын баспадан шығарды», - деді.

«Си Цзиньпиннің өзекті сөздері – үйлестік пен үндестік», қазақша нұсқасы. Фото Алматыдағы «Шанс» кітап дүкенінен алынды

Алматыдағы 2019 жылдың соңында Шығыс мәдениеті мен өнерін қолдау мақсатында ашылған «Шанс» кітап дүкені – Қазақстандағы Қытай мәдениетін таныстыратын бірінші кітап дүкен. Дүкеннің кітап қорында орыс, қазақ және қытай-қазақ тілдерінде 700-ден астам Қытай тақырыбындағы кітаптар бар. «Шанс» кітап дүкенін Қытайдың жеке мәдени кәсіпорны Shangsi International Publishing Group басқарады. Оның Ресейде, Қырғызстанда, Қазақстанда және басқа да елдерде тәуелсіз баспа мекемелері мен тарату арналары құрылған. Баспада негізінен экономика, мәдениет, өнер және басқа да салаларды қамтитын Қытай тақырыбындағы кітаптар аударылып, жарыққа шығады.

Бай Қытай мәдениеті «Қытай мәдениетінің жанкүйерлерін» өзіне баурап, көптеген шетелдіктерді де толғандырып келеді. Бұл толғақты ой дүкен меңгерушісі Жеңіске әбден таныс. Оны Жеңіс: «Си Цзиньпин - әлемге ықпалды көшбасшы. Оның халықаралық деңгейдегі сөйлеген сөздерінде үнемі Қытайдың көне өлең шумақтары мен тарихи тәмсілдері кездесіп отырады. Алайда әр ұлттың төл мәдениетінің өзіне тән ерекшеліктерінің болатыны сияқты, шетелдіктер үшін Қытайдың дәстүрлі мәдениеті мен ежелгі философиялық ой-пікірлерін меңгеру оңайға соқпайды. Біз Төраға Си Цзиньпиннің еңбектерін аудару және басып шығару арқылы елдегі оқырмандарға Қытай көшбасшысының ел басқару туралы ойларын терең түсінуіне, сол арқылы Қытайдың даму жолын жан-жақты білуіне жәрдемдескіміз келеді»,- деп түсіндірді.

Алматыдағы «Шанс» кітап дүкенінің сыртқы көрінісі. Фото аталған кітап дүкенінен алынды

Дүкен ашу туралы алғашқы ойдың туындағанын айта келе, Жеңіс көптеген қала тұрғындарының Қытайдың ежелгі тарихы мен мәдениетіне ерекше қызығушылық танытып, қазіргі Қытайдағы даму мен ондағы өзгерістерді түсінуге ынталы екенін айтты. Дегенмен, Қазақстандағы Қытай мәдениеті туралы қазақша кітаптардың орны ақтаңдақ күйде қалғаны шындық. «Біз нарықтағы осынау үлкен сұранысты аңғарып, бұл ақтаңдақтың орнын толықтыруға ниеттендік. «Шанс» кітап дүкені екі ел арасындағы өзара түсіністікті тереңдетудің алтын көпірі болады деп күтеміз»,- деп өз ойымен бөлісті.

Алматыдағы «Шанс» кітап дүкенінің іші. Фото аталған кітап дүкенінен алынды

Қазіргі таңда Shangsi Group қытай тіліндегі 75 кітапты қазақ тіліне аударып, басып шығарды. Кітап дүкеніндегі ең танымал санаттарға Қытайдың «Конфуцийшілдік», «Сун-цзының соғыс өнері» сияқты ежелгі философиялық еңбектер, сондай-ақ Қазақстанға танымал Мо Янь, Ли Пейфу және Ван Мэннің заманауи шығармалары енді.

«Сұранысы жоғары» еңбектердің тағы бір санаты - Қытай оқулықтары. Бұл Қазақстанда кең таралып келе жатқан «қытай тілін үйренуге» оңтайлы болды. Соңғы жылдары Қазақстанда жастар арасында қытай тілін үйрену үрдісі байқалды. Осы мақсатта кітап дүкені қытай тілін оқыту және көмекші әдістемелік кітаптарды басып шығаруды ойластырды. Ендігі кезекте қытай тілін меңгеру сынағына бағытталған жеткіншектер мен бастауыш және орта мектеп оқушыларына арналған қытай тіліндегі оқулықтарды жарыққа шығаруды жоспарлап отыр.

Жеңіс оқырмандарға дүкендегі жаңа кітаптарды таныстыруда. Фото «Шанс» кітап дүкенінен алынды

Биыл Қытай мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толып отыр. Осыған орай аталған Топ 30 жаңа кітапты аударып, баспадан шығармақшы. Жоспарланған кітаптардың ішінде Си Цзиньпиннің бірқатар шығармалары, сонымен қатар, Шэн Шисидің «Қасқыр елінің патшайымы», «Уан Мэңнің шығармалары», Ли Пейфудің «Өмір кітабы», Лу Яудың «Тіршілік» және көптеген Қытай мәдениеті мен өнеріне арналған еңбектер бар.

Кітап дүкенінің жауапты тұлғасы Жеңіс (оң жақтан бірінші) университет ұйымдастырған мәдени-тақырыптық шараларға қатысты. Фото «Шанс» кітап дүкенінен алынды

«Шанс» кітап дүкені шағын болғанымен, оған кіре қалсаңыз Қытайдың ерекше мәдени кеңістігін аралап жүргендей күйге бөленесіз. Дүкенде үстел, орындықтар қойылып, оқырмандар үшін шай, кофе және торттар әзірленген. Қолжетімді тегін WIFI да бар. Оқырмандар осындай жайлы жерде отырып, қалаған кітаптарымен алаңсыз таныса алады.

Кітап дүкенінің қызметкерлері оқырмандармен тікелей байланысқа мән беріп, үнемі жаңа кітаптардың тұсаукесері мен оқырмандар кездесулерін өткізіп тұрады. «Біз дүкенде, Алматы қалалық кітапханасында, тіпті ірі университеттерде Қытай мәдениеті тақырыбындағы іс-шараларды жиі ұйымдастырамыз. Сонымен қатар оқырмандардан топ құрып, олардың бір-бірімен кітапты оқып-танысқан тәжірибесімен бөлісуіне мүмкіндік жасадық. Қазір кітап дүкенінің оқырмандар қатары молайып келеді. Жан күйеріміз болған оқырмандар енді желідегі іс-шаралар арқылы кітап сүйер досымызға айналды».

Алматыдағы «Шанс» кітап дүкенінің іші. Фото аталған кітап дүкенінен алынды

Жеңістің студенттік шағы Қытайдың Сиань қаласында өткен. Алғаш оқу орнын бітірген кезде, ол қытай тілі мұғалімі болғысы келді. Одан сыртқы саудада бағын сынауды да ойлайды. Кейін аудармашылық шеберлігінің арқасында, ол кітап шығару саласынан өз орнын тауып, аз уақытта кітап дүкенінің меңгерушісіне жоғарылады. «Қытайдан кеткеніме көп жыл болса да, көне астана Сианьның келбеті мен қытайлықтардың қонақжайлығы көңілімнен мәңгі өшпейді. Осы уақытқа дейін Сианьды ойласам, ішкі дүнием махаббатқа бөленеді»,- дейді Жеңіс жастық шағы өткен өлкеге деген сағынышын баса алмай.

Ол сөзін сабақтап «Қытайда «мың естігеннен бір көрген артық» деген аталы сөз бар. Көптеген қазақстандықтар Қытайға барып, ондағы кереметті өз көздерімен көріп, жүректерімен сезінсе деп армандаймын» деді.

«Қытайда әлі күнге дейін Қазақстанға танылмай жатқан заңғар жазушылар мен тамаша туындылар мол. Рухани саланың қызметкері және аудармашы ретінде осы әйгілі жауһарлардың аудармасын қазақ халқына таныстырып, екі ел арасындағы мәдени алмасуды дамыта түссем деймін. Бұл біздің қалауымыз әрі міндетіміз», - деді Жеңіс шын жүректен. 

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото