Әйгілі ақын Жамалқан Қарабатырқызы өмірден озды

(Онлайн Халық Газеті)2022 жыл 4 шілде

4 шілде, онлайн «Халық Газеті» -- Қытай қазақ айтыс өнерінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан, айтыстың мемлекеттік дәрежедегі өнерпазы, әйгілі ақын, қаламгер Жамалқан Қарабатырқызы 2022 жылы 2 шілде күні 81 жасында дүниеден өтті.

Жамалқан Қарабатырқызы 1940 жылы 29 қарашада Шыңжаңның Тарбағатай аймағындағы Жәйір тауында малшы отбасында дүниеге келген. 10 жасынан өлең-жырға әуестеніп, алымды, зерек болып өскен Жамалқан, домбырамен алқалы жиындарда ән айтып, қара өлең бәсекесіне түсіп, айтысқа қатыса бастайды. Жазба өлеңге де ден қойып, тырнақ алды шығармалары газет-журнал беттеріне жарияланады.

Жамалқан Қарабатырқызы айтыс өнерінде 18 мәрте 1 дәрежелі, 6 мәрте 2 дәрежелі жүлдені, 2 мәрте халқаралық сыйлықтарды жеңіп алған. Соңғы жылдары халық ауыз әдебиетінің ерекшелігі мен түрлерін зерттеуге мықтап кіріскен ол, «Айтыс және менің әріптестерім», «Ауыз әдебиетіндегі әйелдердің орны», «Көркемдік пен шешендік», «Айтыстың сипаты», «Бесік жырының ерекшелігі» сияқты арнайы еңбектерін жариялады.

Жамалқан Қарабатырқызы Қытайдағы ақындар айтысын ұйымдастыру шараларына талай мәрте белсене қатысып, жоғары оқу орындарында ашылған арнайы ақындар сыныптары мен қысқа мерзімді ақындар курстарына ақындық шеберліктен дәріс берген. Соңғы жылдары ақынның еңбектері мемлекеттік тілге аударылды.

Ақын апа арамыздан озғанымен, ел мәдениетіне қосқан үлесі халықтың жүрегінде мәңгі сақталады. 

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото